ЖАСТАР ЖЫЛЫ: БАРЛЫҚ САЛАДА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ЖАЛҒАСАДЫ

Уақыты: 26.11.2019
Оқылды: 1157

Елбасы өзінің Жолдауында: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс», - дей отырып, 2019 - Жастар жылын жариялаған болатын. Осыған орай, Алматы облысында Жастар жылы аясында атқарылған шаруа шат-етектен.

Талдықорған шаһарында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен «Жастар. Жігер. Жаңғыру» атты Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өткен еді. «Жетісу жастарының жарқын істері» іс-шаралар жоспары, Жол картасын орындау мақсатында облыс әкімі жастармен кездесіп, ұсыныстарын қабылдап, олардың жүзеге асуына нақты тапсырмалар берді.

Атап айтсақ, ауылшаруашылығын дамыту және ауылдық елді мекендерге жастарды тарту мақсатында аудан және қалалық жастар ресурстық орталықтарына 10 гектарға дейінгі жер телімін бөлу бойынша бүгінгі күні аудан мен қалаларда тиісті жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша 127 азаматқа қайтарымсыз грант жоспарланып, бүгінде 97 азамат грантқа ие болды.

Оның ішінде, 59 жас өз кәсіптерін ашып, жемісті жұмыс жүргізуде. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының жанынан құрылған Жетісу еріктілері мен жас және көпбалалы отбасылармен салтанатты жиын өткізіліп, меценаттар мен кәспкерлерді тарта отырып, 5 көпбалалы отбасыға үй берілді.

Сайрамкез АҚМОЛДА,

жас спортшы:

– Жастар жылында мен үлкен жетістікке жеттім. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде 61 келі салмақта 257 келі зілтемірді көтеріп, алтыннан алқа тақтым. Бұл жеңіс мен үшін үлкен абырой. Жарысқа қолдау көрсеткен облыс әкімі мен облыстық спорт басқармасына алғысымды білдіремін.

Жас ақындар мен жазушыларымыздың кітаптары жарық көрді. Туризмді дамыту мақсатында «Жастар шыңы», «Отбасы - басты құндылық» «Жас отау» сынды түрлі шаралар мен байқаулар өткізілді. Қай салада болмасын, қоғамның қозғаушы күшіне айналған, ертеңгі болашағымыз - жастарға қолдау көрсету жалғасады.

Жалпы, мәдениетті дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, спорт, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құқықтық мәдениетті арттыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында облыс бойынша шамамен 600 мың жастың қамтылуымен 1585 шара өтті.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы