Батырға құрмет

Уақыты: 30.12.2016
Оқылды: 1581

Жуырда Талдықорғандағы «Өркен» спорт кешенінде «Халық Қаһарманы» Бақытжан Ертаевтың жүлдесіне арналған 2001 - 2002 жылғы жасөспірімдер арасында бокстан VII республикалық турнир өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген командалар қатысты.

Әр облыстың мықтылары жиналған дәстүрлі спорт додасы тартысты өтті. Қыздар 4, ұлдар 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен сайыста балғын спортшылар барын салды. Турнирге тыңғылықты дайындықпен келген былғары қолғап шеберлері алғашқы раундтан-ақ қарша боратқан соққыларымен танылып, жиналған жұрттың делебесін қоздырды. Әсіресе, финалдық бәсеке шаршы алаңда шашасына шаң жұқпаған кіл мықтылардың жекпе-жегі болды. Соққылары жойқын, техникалары жетік спортшылардың әрқайсысы да чемпион болуға лайық. Бұл шаршы алаңда бір-біріне дес бермеген жасөспірімдердің жеңіске деген мұқалмас жігерінің арқасы. Қайсар балалардың сайысын Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибрагимов­тың тамашалағанын да айта кеткеніміз жөн. 
Жарыс қорытындысы бойын­ша қыздар арасында 44 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды Арызгүл Исламқызы жеңіп алса, 2-орынды Жәмилә Жақсыбек иеленді (екеуі де Талдықорған). 3-орын Дильназ Мирхатоваға бұйырды (Қапшағай). 48 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды Анель Абдукарим иеленсе, 2-орын Карина Есімбековаға бұйырды (екеуі де Қапшағай). Үздік үштіктің қатарынан Жұлдыз Шаяхметова мен Елназ Оспан көрінді (екеуі де Матай стансысынан). 52 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды Алия Құдайберген жеңіп алса, 2-орын Гумсан Велиоваға (екеуі де Талдықорған) бұйырды. Ұлдар арасында 46 келі салмақ дәрежесінде Медет Нұрдәулет 1-жүлдені жеңіп алса, 2-орынды Айбар Талғат иеленді. 3-орын Мұқасан Есенов пен Нұрым Дүйсенбекке бұйырды. 48 келі салмақта 1-орынды Арнұр Тоқтағанов иеленсе, 2-орынды Нұрасыл Нұрмұхамбетұлы жеңіп алды. 3-орын Бақыт Тынышбек пен Байдрахман Дінмұхаметке бұйыр­ды. 50 келі салмақта 1-орынды Абзалбек Амангелді иеленсе, 2-орын Асылбек Тоқтарға бұйыр­ды. Ал, Марлен Ришатов пен Арнай Дүйсенбай  үздік үштіктің қатарынан көрінді. 52 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды Еркебұлан Бақыт жеңіп алса, 2-орынды Абылай Әлімбай иеленді. 3-орын Оразбек Шерхен мен Мейіржан Айдарға бұйырды. 54 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды Мәди Алтынбек иеленсе, 2-орын Темірлан Қайсар қанжығасына байлады. Үздік үштіктің қатарынан Жандос Аманжолов пен Алмат Сайр­қас көрінді. 60 келі салмақта 1-орынды Амірқан Сейілбек еншіледі. 2-жүлдені Азамат Қызайгелді жеңіп алды. Үшінші орын Мирас Ерболұлы мен Алмаз Тұрсынғалиға тиесілі болды. 70 келі салмақта 1-орынды Шақпақ Қанатжан жеңіп алды. 2-орынды Қобыланды Мақсұтхан иеленді. 3-орын тұғырына Санат Сауытбай мен Данияр Сәрсенбайға көтерілді. 75 келі салмақ дәрежесінде 1-орын Ерсін Есенаманға, 2-орын Азиз Аноятовқа бұйырса, 3-орынды Абдулхамит Тохтагулов алды. 80 келіден жоғары салмақта 1-орынды Бекжан Түстікбаев иеленсе, 2-орын Алишер Молдабаевқа бұйырды. Ал, Мирас Мұрапов үздік үштіктің қатарынан көрінді.      
Сайыс соңында Ауған соғысының ардагерлері спортшыларды марапаттап, арнайы жүлделер табыстады. Тағы бір айта кететін жайт, Ауған соғысының ардагерлері облыстық және қалалық әскери комиссариат спорт басшыларымен бірігіп, спорттық шараларды ұйымдас­тыруға әркез мұрындық болуда. Осы бір игілікті іс спорт-интернатында жалғасын тапты. Әр шараның басы-қасында жүріп, ұйымдастыру жұмысын жүйелі жүргізіп, игілікті істе аянбай жүрген Ауған соғысының ардагері Сайлаукез Ақмолдановтың еңбегі ерен. Осы тұста  ардагерімізге арналған сарқандық ақын Жомарт Игіманның Сайлаукездей батыр ұлға арналған жыр жолдауын ұсынуды жөн көрдік.
Аталмыш жиында ардагерлер елімізге еңбек сіңірген, патриоттық тәрбиені дәріптеп жүрген біраз азаматты марапаттап, төсбелгі тақты. Атап айт­сақ, жастарды әскери патриоттық тәрбиелеуге және еліміздің жарқын болашағы жолындағы еңбегі үшін Равиль Хапинов, «Отан» патриоттық медалімен Шоқан Салқауызов марапатталды. Сонымен қатар әріптесіміз, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреевке Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалі, облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайдильдинаға «Ана жүрегі» медалі табысталды.

Айдар Қалиев