Қанатыңды кең серме, Қазақия

Уақыты: 05.01.2017
Оқылды: 1580

Ауылда той болатын үйді бірден білесің. Ағайындар жиылып, қазан-ошақты дайындап, қарбалас күйге енеді. Тойдың қазандығы көтеріліп, майы қоңырсып, абыр-сабыр дайындыққа кірісетіні анық. Енді, міне, сол ауылдың кейпі Алматыға да жеткендей. Алатаудың баурайына қазақ халқы жиылып, тойдың ошағын орнатуда. Ол қандай той деуіңіз әбден мүмкін. Ол тойдың бәсі жоғары. Той болғанда да аты алысқа кеткен спорттық дода. Қаңтардың жиырма тоғызы күні Алматы қаласында Бүкіләлемдік қысқы «Универсиа­да – 2017» ойындарының алауы тұтанбақ. 

Естеріңізден әлі кете қоймаған шығар, 2011 жылы қазақ елі 7 қысқы Азиада ойындарын қабылдаған болатын. Дәл сол кезде еліміз мұндай дүбірлі доданы абыроймен өткізіп, әлем алдында дәрежесін биіктеткен еді. Сол кезде көптеген мамандар Олимпиада ойындарына пара-пар болды деген пікір айтып, төбеміз көкке бір елі жетпей қалған еді. Спортшыларымыз да айды аспанға шығарып, алтын, күміс, қола жүлдені күреп тұрып алып едік. Ендігі додада қалай болатынын алдағы уақыт көрсетеді. Жалпы Универсиада деген мәртебелі жарыс. Мұндай доданы елімізге сеніп тапсыруының өзінде де үлкен мән бар. Дода десе ішкен асын жерге қойып, барын көрсетіп қалатын Қазақстан мемлекеті әлеммен санаса алатын жағдайға жетті. Оның нақты дәлелі өткен Азиада ойындары десек, артық айтқандық емес. Расында да, біз алдымызға жан салмайтын кезге жеттік. Сонымен бұл сында тек жас спортшыларымыз сынға түседі. Яғни, студенттер. Жас қырандарымыздың томағасын сыпырып, топқа түсіретін кез жетті. Үлкен дудың алдындағы сынама бәсеке. Бала қыран, жастайынан аңға түсіп, ауызданса, ертең үлкен олжаны қағып беретіні бізге таңсық емес. Құсбегілеріміз талай қыранның қанатын қатайтып, қызылға тырнағын батыртқан елдің ұрпағы емеспіз бе? Ендеше, ертеңгі дода да ел намысын жыртатын оғландарымыз қанжығамызды майлайтыны анық. Сонау 1960 жылы Франция елінде бастау алған Универсиада додасы бүгінгі күнге дейін әлемнің жиырма жеті елін аралап, Алатауға жетті. Сол аралықта талай саңлақтың тұсауын кесіп, жаңа есімді елге таныстырды. Өзгенің ұлын айт­пағанда өзіміздің қырандар да осы додада оза шапқан. Оның басында өткен жылы ғана Риода еңсемізді көтерген Д. Баландин дәл осындай сыннан сүрінбей өткен. Кореяда болған бәсекеде алдына жан салмай қанжығасын майлап еді. Алғашқы шайқасында аты шыққан алғадай, үлкен майданда да олжалы оралды емес пе? Ал мына қызықты қараңыз, Риода да алтын алған Нижат Рахимов пен қола алған Александар Зайчиков та осы Универсиададан ауыздары майланған. Екі мықтымыз Татарстанда өткен додада бақ сынап, Әзірбайжанның туын ұстап шыққан Нижат алтынмен апталса, Зайчиков күміспен күптелді. Сол жетістіктерін төмендетпей Риода тұғырдан орын алды. Үнемі бізің Илинмен бақталасып жүретін ала шапанды ағайынның ауыр атлеті Руслан Нуриддинов Универсиадада бақ сынаған. Өзбектің тағы бір мықтысы Хасанбай Дусматов та Қазанда алтын алған еді. Ал Левиттің алтынын абыройсыз алған ресейлік Тищенко да Қазанда бағы жанып еді. Енді, міне, Риода да алтынды қоржынға тоғытты. Тізе берсе, әрине, көп. Мұндағы айтпағым, жастарымыздың үлкен додаға деген алғашқы баспалдағы осы бәсеке болмақ.
Енді жарыстың өту барысына тоқталайық. Тағы да шегініс жасайық. Азиада өткізер алдында еліміз қысқы спорт додасына «Алау эстафетасы» дегенді енгізіп еді. Жаңылыспасам, бұл үрдісті енгізген Қазақстан мемлекеті болу керек. Оған дейін жазғы олимпиадалық ойындарда болып, қысқы спортта болмаған еді. Міне, сол жаңалық айналып бізге қайта келді. 28 қаң­тар  күні еліміздің барлық облысы мен Астана қаласының жоғары оқу орындарында Универсиада алауы тұтанып, 29 қаңтар күні Алматы қаласына жеткізіледі. Бұны көрген әлем елі жаңалық деп таратады. Бірақ оның түбінде ұлттық құндылықтың жатқанын білмейтін болар. Олай болса айтайық. Ертеде қандайда бір жаңалықты хабарлау үшін аталарымыз биік таудың басына от жағып, бір-біріне белгі берген. Мұны байқаған ел сол орталыққа жиылып, көпшілік болып сол істі атқарған еді. Бүгін де соның заманауи жолын тауып, тойдың белігісін білдіруде. Алатаудың шыңында тұтанған алауға барша қазақ елі 29 қаң­тарда жиылады. Доданың ашылу мен жабылу салтанаты «Алматы арена» сарайында өтеді деп жоспарлануда. Он екі мың адамды құшағына сыйғызатын алып сарай, сол күні түңдігін желпімек. Жалпы бұл сынға 2 мыңға жуық спортшы қатысады. Әлемнің 80 елінің телеарнасы тікелей хабар таратып, 1 млрд. адам көреді деген жоспар бар. Оның сыртында 30 мыңға жуық туристер келеді деп күтілуде. Оған елімізден тартылған еріктілер көмек жасайтын болады. Қысқы Уни­­­­версиада бағдарламасына мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, биатлон, шаңғымен жарысу, шайбалы хоккей (әйелдер мен ерлер арасындағы), керлинг, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру спорты, фристайл секілді 12 спорт түрі кірген. 
Әлі есімізде Азиада кезінде осы еріктілердің көмегіне көп жүгініп едік. Соның арқасында бәсекенің кемшіліксіз өтуі және керекті ақпаратты толығымен алып отырдық. Ал енді спорттық жарыстардың өтетін орнына да тоқтала кетейік. «Халық аренасы» мұз кешені. Ойындар кезінде бұл нысан ерлер арасындағы шайбалы хоккейден жарыстарды қабылдайды. Орналасқан жері: Алматы қ. Медеу ауданы, Талғар даңғыл жолы мен Құлжа даңғыл жолының қиылысы. «Алматы арена» мұз сарайы. Ойындар кезінде кешенде өтетін шаралар: Ашылу және жабылу салтанаттары, спорттық дисциплиналар – мәнерлеп сырғанау (бас арена), керлинг (кіші арена). Орналасқан жері: Алматы қ. Алатау ауданы, Момышұлы көшесінің бойымен, Рысқұлов даңғылының солтүстігіне қарай. «Медеу» мұз айдыны. Конькимен жүгіру – 2017 жылғы 31 қаңтар мен  6 ақ­пан аралығы Бенди – допты хоккей – 2017 жылғы 31 қаң­­­­­­­тар мен 7 ақпан аралығы. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы. Басты арена: әйелдер арасында шайбалы хоккей – 2017 жылғы 28 қаңтар мен 7 ақпан Сырғанау аренасы: Шорт-трек – 2017 жылғы 3-7 ақпан аралығы. «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты. Ойындар кезінде кешен, тау шаңғы, сноу­борд, фристайлдан жарыс­тарды қабылдайды. «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешені. Ойындар кезінде трамплин, тұғырдан секіру мен шаңғы қоссайысынан жарыстар қабылдайды. Орналасқан жері: Алматы қаласы, Аль-Фараби даңғылымен оңтүстікке қарай. «Алатау» шаңғы және биатлон кешені. Ойындар кезінде бұл жерде биатлон мен шаңғы сайысынан жарыс­тар өтеді. «Астана» алаңындағы уақытша спорт ғимараты. Бұл нысан жарыс қарсаңында, яғни жарыс басталар алдында Алматы қаласындағы ескі алаңда уақытша бой көтеретін болады. Онда фристайлдың акробатикасы мен бигэйр жарыстары өтеді деп жоспарланған. 
Балуан шолақ демекші, Азиада ойындары кезінде дәл сол сарайда біздің қыздар мен ұлдар хоккейден алтын жүлдені алғаны көз алдымда. Кес­кілескен ойын болды. Ұлттық құрама тамаша ойын көрсетіп, көптің көңілін бір серпілтіп тас­тап еді. Қыздарымыз жеңіске жеткен дәл сол жарыс­тан хабар таратқан әріптесім Шолпан Жұмаділова қасында тұрған жанкүйердің сөзін мақалаға арқау етіп «Әйелім қыз туса да, ұл туса да хоккейге беремін», – дегенін жазған болатын. Азиа­да тарих қойнауына кетті. Сол бәсекемен бірге қуаныштың әсерінен шыққан мақаланың өзегі болған тамаша сөз де, автор Шолпан да тарихтың қойнауына кетті. Қар астына көмілген тарихи доданы аршып алғанымен хабар таратқан Шолпан қызды қара жердің астынан аршып ала алмайтынымыз өкінішті. Жә, ол өткен іс. Өткен шаққа саяхат жасаймын деп, Азиада кезінде жарысты көзбен көріп, тұшымды мақала жазған әріптестерімді де еске алып отырған жайым ғой. Алдағы Универсиададан сондай жеңіс­тер күтеміз.

Ришад Тұрғанбаев