КӨКСУ АУДАНЫ: САЯБАҚ АУМАҒЫНАН БІРНЕШЕ ОЙЫН АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 13.12.2019
Оқылды: 1787

Тәуелсіздік күні қарсаңында Балпық би ауылындағы Мұсабек Сеңгірбаев атындағы орталық саябақ аумағында бірнеше ойын алаңы ашылды. Енді көксулықтар үшін футбол, волейбол ойнайтын заманауи алаң бар. Сондай-ақ, ата-аналар балаларды қуанту үшін әткеншекке отырып, сырғанақ тебетін жер іздеп сабылмайтын болды.

Шараның ашылу салтанатында Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ сөз сөйледі. Ол: «Жастар жылы аясында саябағымыздың келбетін өзгерттік. Футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын жабдықтадық, жаңа заманға сай воркаут тренажерлерін орнаттық. Жарықтандыру жасадық. Жыл сайын спорт құрылымдарын көбейтіп, тиісті жұмыстарды істеп жатырмыз.​ Бұл бағыттағы жұмыс​тарды ары қарай да атқаратын боламыз», - деді.

Айта кетейік Көксу ауданында 119 спорт нысаны бар. Ауданда 41 мың тұрғын болса, бүгінде спортпен шұғылданатындардың саны 12 мың адамға жетіп отыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"