"АТАСЫНА ТАРТҚАН ҰЛ": ПАРИЖДЕ КӨК ТУЫМЫЗ ЖЕЛБІРЕДІ

Уақыты: 05.01.2020
Оқылды: 1252

Шынашақтай баланың шыңға шыққаны кімді де болса елең еткізбей қоймасы анық. Әлгінде редакциямызға хабарласып ақжолтай жаңалықты жеткізгенде абдырап қалғанымыз сондықтан. Атасы немересінің Франция төрінде атой салғанын айтып тауыса алар емес. Бізден етектей мақала болмаса да, елден сүйінші сұрап, басылым бетіне жазуымызды өтінді.

Атақты Парижде әнұранымыз шырқалды. Оған негіз болған балақай - Виктор Ким. Ол жас та болса бразиялық спорт түрі - капоэйро-Caladoдан Еуропа чемпионы атанды. «Ашэ Капоэйра» тобының тәрбиеленушісі әлемде Қазақстанның намысын қорғаған жалғыз қатысушы. Дәстүрлі дода Vet Mandingueira-2 фестивалі аясында ұйымдастырылды. Бұл жолғы бәсеке біз үшін үлкен үміт ошағын жақты.

Қарсыластары Виктордан бойы мен салмақ бойынша асып тұрғанына қарамастан, ол нағыз капоэйрошы үшін мүмкін емес нәрсе жоғын дәлелдеген. Тартысты бәсекеде жас чемпион жеңіс тұғырынан көрініп, көк байрағымызды желбіретті. Сондай-ақ, осы спорт түрінен осал деп бағалаған көптің аузына құм құйды.

Бұл жеңіс – оның табанды жаттығуы мен үлкен жұмыстың нәтижесі. Виктордың бойындағы еңбекқорлық пен табандылық нағашы атасы Владимир Кимнен дарыған. Чемпион бізге берген сұқбатында жеңіске жетуінің басты себебі ата берген тәрбиенің арқасы екендігін мақтанышпен жеткізді. Бала арманыңа қанат бітірген сүйікті атасы әлі де немересінің үлкен додаларда ел намысын қорғарына сенеді.

Бұл отбасы жайында бұрындары да жазғанбыз. Ұлты кәріс болса да, қазақ тіліне жетік Ким әулетінің өнер мен спортқа әуестілігі ауыл жұртына аян. Қазақтың салт-дәстүрін құрметтеуімен де қадірлі. Владимир Кимнің ұл-қызынан тараған немерелері бірінен-бірі өткен өнерлі. Соның ішінде Виктордың орны бөлек. Үй іші «атасына тартқан ұл» деп тегін еркелетпесе керек.

Виктордың жаттықтырушысы Рустам Балабаев әркез тәрбиеленушілеріне бұл спорт түрі табанды еңбек пен ыждаһаттылықты қажет екенін ескертіп отырады. «Капоэйро – соққы мен акробатика элеметтері ғана емес, ол – бүтін бір философия. Ол жүректен орын алған уақытта ғана спортшы биік шыңды бағындырады. Виктор Ким мұны өзінің жеңісі арқылы дәлелдеді», – дейді Рустам Шамилұлы. Ол капоэйромен көптен бері айналысып келеді. Бүгінгі күнге дейін қанатының астынан талай мықты спортшылар шыққан. Соның арқасында қазақстандық капоэйристердің есімі әлемнің назарын өзіне қаратуда.

– Капоэйро – бұл бразиялық жекпе-жек өнері. Ол ритмді музыка мен ұлттық Бразилия әндері ажырамас бөлігі болып табылатын акробатикаға негізделген. Қазіргі таңда капоэйро – әлемнің әр бұрышында ізбасарлары бар танымал спорт түрі саналып келеді – дейді «Аше Капоэйра» тобының негізін қалаған Гранд Мештрэ Баххао. Әр уақытта өзінің шәкірттерімен мақтанатын ол Витяны арнайы өзі құттықтап, болашақта биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді. Ал біз Әміре Қашаубаев дауысына табынған Парижде байрағымызды биікке көтерген жас өркеннің болашағы жарқын болуын тіледік.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Алматы облысы