Үздігі көп мектеп

Уақыты: 16.01.2017
Оқылды: 1613

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Нұрбақыт Теңізбаев есеп берді.

Аталмыш мекеменің басшысы өткен жылға кеңінен тоқталды. Өткен жыл еліміз үшін елеулі жыл болғаны белгілі. Еліміздің білікті бапкерлері мен талантты спортшылары байрақты бәсекеде атой салып, күллі қазақ жұртын қуантқан болатын. Міне, сол дүбірлі додаға аталған мектептің шәкірттері де бақ сынап, жүлдеге қол жеткізбесе де, өнерімен айшықталған еді. Нақтырақ айтқанда, облыстық спорт шеберлігі мектебінің төрт тәлімгері грек-рим күресінен Нұрмахан Тыналиев, боксшы Жәнібек Әлімханұлы, жеңіл атлетші Иван Иванов, ауыр атлетші Маргарита Елесеева, балуан Аслан Хакидзе, суда жүзуден Виталий Худяков қатысты. Бүгінгі таңда мектепте талантты жастар спорттың он тоғыз түрімен шұғылданады.  Оның он үші олимпиадалық болса, үшеуі олимпиадалық емес және үшеуі ұлттық спорт түрлері. Сонымен мектепте 242 спортшы жаттықса, олармен білікті 45 жаттықтырушы жұмыс істейді. Осындай көңіл көншітерлік мәселелерге тоқталған Нұрбақыт Молдахметұлы екінші кезеңде тілшілердің сауалына жауап берді. Бүгінгі таңда облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің тұрақты мекемесі жоқтығы спортшыларға кері әсерін тигізбей ме деген сауалды алға тартқан тілшілер тұшымды жауап алды. 
– Расында да көптеген облыстарда жоғары спорт шеберлігі мектептерінің жеке базасы бар. Әрине, бұл мәселе бізге қиындық туғызады. Жеке басыңда үйің болған қандай жақсы?! Сол секілді біз де өзге мекеменің есігінде жүрміз. Әйтсе де, біз спортшылардың оқу-жаттығуына қолайлы жағдай жасап, кедергісіз дайындалуына мүмкіндік туғызудамыз деді. Одан кейін біраз мемлекетті әуре-сарсаңға салған допинг мәселесін де тілге тиек етіп кетті. Халықаралық ұйымның ісіне араласуға біздің қақымыз жоқ, керісінше, бағынуымыз керек. Десе де, чемпиондарымыздың медальдарын алып жатқаны жүрегіме қатты батады деп бір түйіндеп тастады. Осыдан кейін өзіне берілген Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі жайлы да қоса кетті. 
– Мен де сегіз жылдан кейін қоламды күміске алмастырып тұрмын. Әрине, ол қуанарлық жағдай емес. Мен күміс алғанымменен әріптестерімнің алтынын алып жатыр. Оның үстіне мен үшін қоланың салмағы ауыр еді. Қанша күміс жүлдегер деп аталсам да, қола медальдің еңбекпен келгенін ұмытпаймын. Осындай ақжарқын көңілін білдірген мектеп директоры Нұрбақыт Теңізбаев келер жылдың да жұмыстарын алға тартып, әңгімесін аяқтады.


Әмір-САНА.