ҮЗДІКТЕРГЕ АРТЫЛҒАН ҮМІТ МОЛ

Уақыты: 23.01.2017
Оқылды: 1402

Өңірлік коммуникация қызметінің ұйымдас­тыруымен брифинг өтті. Аталмыш жиында облыс­тық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев есеп берді.

Төрткүл дүние тағатсыз күткен Универсиадаға облыс көлеміндегі дайындықты Тұратбек ағамыз толықтай қамтып, тарқатты. 
– Қадірменді қонақтар, осындай дүбірлі доданың елі­мізде өтуі біз үшін үлкен қуаныш. Оған облысымыздың дайындығы да жоғары. Мәселен,  Алматыда екі үлкен спорттық арена салынып, «Табаған» мәдени сауықтыру кешені күрделі жөндеуден өтті. Ендігі мәселе спортшыларымыз жүлделі орындардан көрініп, Көк туымызды биікке көтергені, – деп тебірене сөйледі.
Облысымызда қаңтар айы­ның 28-і күні Универсиада ойын­дарының алау эстафетасы өтеді. «Жастар» саябағынан бастау алып, «Жастар» спорт кешенінен аяқталатын салтанатты шара  тосын жаңалықтарға толы болмақ. Жалпы Универсиадаға облыстық бюджеттен 587 миллион теңге бөлінген. Қаржының басым бөлігі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөліміне, яғни арнайы құрал-жабдық, техникалар, киім-кешек, жол тазалайтын қызметкерлерге, құшағына үш жарым мың жанкүйерді сыйдырған «Алатау» шаңғы биатлон стадионына және 2500 көрерменді қабылдайтын «Табаған» спорт кешеніне жұмсалды. Облыс әкімінің өкімімен жедел штаб құрылып, жанкүйерлерге де барлық жағдай жасалды. Жақын маңдағы Қапшағай қаласы, Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының әкімі осы жұмысқа жауапты болып, жанкүйерлерге арнайы көлік бермек. Ең бастысы, алау құтысын ұстайтындар да бекітілді. Олар байрақты бәсекеде өңіріміздің намысын қорғап жүрген спортшылар. Облыс әкімі Амандық Баталов­тан құтыны алған алау­герлер Жансүгіров, Тәуелсіздік көшесімен жүріп өтеді. Сонымен қатар қаламыз­да 50-ге жуық билборд, 500-ден астам Универсиаданың жалауы ілінеді. 
Елу мемлекеттің 220 кіл мықтылары спорттың он екі түрінен бақ сынаспақ. Оның бесеуі облысымызда өтеді. Атап айтсақ, «Табаған» спорт кешенінде фристайл мен могулдан, «Алатау» биатлон кешенінде шаңғымен қоссайыс және биатлон сайысы болады. Бұл сында облысымыз­дың үкілеген үміткерлері бар. Шаңғымен қоссайыстан Вячес­лав Бочкарев, Расул Ғайыр­беков пен Абзал Қарашалов өз өнерлерін көрсетсе, мәнерлеп сырғанауға Абзал Рахымғалиев, керлингке Ситора Аллиарова мен Темірлан Іргебай қатысады. Қарт Алатаудың шыңын еңсеріп, мұз үстіне қысқы ойынның ою-өрнегін салған спортшыларымыз биік белестерді бағындырады деген сенімдеміз!

Айдар Қалиев