Демеушінің де үлесі бар

Уақыты: 24.01.2017
Оқылды: 1427

Байрақты бәсеке Универсиада кезінде өтетін 12 спорт түрінің ішінде тақымын қысып, тамсана жанкүйер болатын тартысты спорттың бірі – ол шаңғы жарысы болмақ. Дүниежүзінің «мен» деген шаңғышылары артынып-тартынып келе жатқан дүбірлі жарысқа қарт Алатаудың бауырынан бастау алған «Алатау» шаңғы және биатлон спорт кешені сын сағаттың басталуын тағатсыз күтіп жатқандай. 

Талғар ауданы, Бесағаш аңғарында жайғасқан су жаңа спорт кешені әлемдік стандартқа барлық жағынан сай келген деп айтамыз. 
Қазір жарыс  жолына түрлі техникалар жұмылдырылған. Олардың кейбірі жасанды қар төсеу үшін субұрқақ тынымсыз жұмыс істеп жатса, қалған көліктер шаңғышылардың жүгіру жолдарын тазалап, әзірлік қамын жан-жақты  дайындауда.  Шаңғы трассасының жалпы ұзындығы 10 шақырымды, биатлоннан өтетін  жарыс жолы 4 шақырымды құрайды. Стадионның мінберінде 3000 адам жарысты еркін тамашалай алады. Сонымен қатар, кешеннің аймағында бірнеше көлік тұрағы, тікұшақ алаңы бар. Мамандар бұл спорт кешенінің Американың әлемге аты әйгілі Солт-Лейк-Сити спорт кешенінен еш кем еместігін айтады. 
«Алатау» спорт кешеніне қаладан келген бір топ жасөспірім ғаламат спорт сарайының ішін аралап, шаңғы жарысынан жуырда ел намысын қорғауға дайындалып жатқан еліміздің әйелдер құрамасының қыздарымен кездесті. 
Талапты өрендер талантты апайларынан шаңғы спортының қыр-сырын үйреніп, тау аясында өткен тамаша бір шарадан үлкен әсер алды.
Бәсеке алдындағы тағы­лымды шараны еліміздің шаң­ғы спорты федерациясына демеуші болып келіп отырған Қазақстандағы ең ірі «Global» құрылыс компаниясы ұйымдастырған.
Айтулы «Global» құрылыс компаниясының президенті Мұхит Әзірбаев: 
«Біз осындай ел намысы сынға түсер кезде шаңғы спортынан әйелдер құрамасына қолдау көрсетіп, жағдай жасап беруді парызымыз деп санадық. Жан-жақты қолдау көрсетілген жағдайда  ғана біз  спортшыларымыздан жарқын жеңістер күте аламыз. Жастар – біздің болашағымыз. Ендеше ел құрамасының тізгінін ұстаған іргелі спортшылардың ізін басар жасөспірімдердің  қысқы спортқа деген қызығушылығын оятуға аз да болса себепкер болып жатсақ, одан артық бақыт бар ма?», – деп жүрекжарды пікірін ақтара айтқан  еді.
Спортшыларды үлкен жарысқа дайындау қомақты қаражатты талап етеді. Айталық, бір кәсіби шаңғышының барлық құрал-жабдығын алуға 1,7 млн. теңге жұмсалады. Мемлекет тарапынан да көптеген көмек бар. Дегенмен,  қолдауын аямай көрсетіп жатқан жоғарыда айт­қан Мұхит Әзірбаев секілді атымтай жомарт жандардың сын сағатта сүйеу болғаны жанымызды жадыратты. «Елім деген ер туса, ерім дейтін ел табылар». Еліміздің Көк туын көтеріп шығатын спортшы қыз­дарымызға қомқорлық жасап отырған «Global» құрылыс компаниясының президенті  Мұхит Әзірбаевтың  елжандылығына федерация ұжымы мен шаңғышылар құрамасы айрықша алғыс айтуда. Қазақстан спорт тарихында шаңғы жарысы федерациясына бұрын-соңды демеуші болмаған екен.
Міне, енді ұлттық шаңғы жарысы федерациясы 2006 жылы жеке отау болып  шаңырақ көтергелі бері тұңғыш рет өз демеушісін тауып отыр. 
Жуырда шаңғы жарысынан дәл осы бір жаңадан салынған шаңғы жолында  әйелдер арасында ҚР Кубогы үшін додалы жарыс өткен еді. Сол байрақты бәсекеде еліміздің айтулы спорт түрінен өз күшін сынаған шаңғышылардың ішінде Қазақстан құрамасының 8 спортшысы бәсекелерін сәтті аяқтады. Олардың арасында Анна Шевченко мен Ирина Быковалар құрама қоржынына 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль салған. Үлкен аламан алдында тәжірибе сынағын табыспен аяқтаған аруларымыз алдағы жауапты сында сүрінбеу үшін жаттығуда аянбай тер төгуде.
Бұл жерде шаңғы жарысынан бөлек, биатлоннан жүзден жүйрік шаңғышылардың  құралайды көзге атар мергендер сайысы қатар өтетін болады.
Санаулы күннен кейін шар болаттай шыңдалған жастарымыз жарыс жолында бар күш-жігерін салса, жаңа рекордтарының куәсі боламыз. Олай болса, жерлестерімізге сәттілік.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ.