Рух байлығы бәрінен биік

Уақыты: 04.06.2016
Оқылды: 2029

Ел намысын жоғары ұстайтын аза­мат­тарымыз аз емес. Әлем алдында қазақтың Туын көтеріп жүрген саңлақтарымыз жетерлік. Соның ішінде шоқтығы биік бір азамат бар. Ол – Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, ұлтжанды жігіт, боксшы Қанат Ислам. Қанат АҚШ-та жүріп, кәсіпқой бокс­та елдің намысын жыртып жүр. Шар­шы алаңда қарсыластарын шаң қаптырып, «қазақ» деген атаумен әлемге әйгілене бастады. Өзінен ұлт абыройын жоғары қойған азамат, елге келген сайын қандастарына рухты жанитын, бірлік пен татулыққа шақыратын әңгімесін айтып, Тәуелсіздіктің бағасын түсіндіруде. Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра деген осы болар. Ендеше, Қанат Исламның айтқан әңгімелерінен бір үзікті біз де оқырманға ұсынуды жөн көрдік. 

– Бауырлар, біз тәуелсіз елде, өзіміздің жерде, тыныштықта өмір сүріп жатырмыз. Сол ты­ныш­тықтың қадірін білейікші, – дейді Қанат Ислам. Мен Аме­ри­када жүргенде осы еліме қайт­қан­ша асы­ғамын. Ол жақта адам­дардың бүкіл жағдайы жасалып қойған. Теледидардың бәрі шоу, интернет тегін, кредит ала бере­сің. Кере­гіңнің бәрі бар, бірақ адам­дары рухани азғындап кет­кен. Көз­де­рі­нің ар жағында еш­нәр­се жоқ. Қа­зіргі кезде біреулер: «Қа­зақ­станда демократия жоқ», – деп жүр ғой. Алайда, нағыз де­мок­­ратия бізде. Америкада біз­де­гідей кез келген адам үйінде отырып алып еркін жаза ал­майды. Ол жақта барлық нәрсені заң­мен байлап тастаған. Керек десеңіз, өзіңіздің жолдас бала­ңыз­дың сәбиі­не: «Ой қандай әде­мі бала» – деп айта алмайсың. Олай айт­саңыз сізді сотқа беруге хақысы бар. Мен жаттығатын жердің жа­нында мешіт бар. Сол мешіттің имамы палестиналық. Мен одан сұраймын: «Сен не істеп жүрсің мына жақта? Сені не ұстап тұр­ған? Қайтпайсың ба еліңе?» – десем: «Е, егер елімде тыныштық болса, төбеңнен оқ жаңбырдай жауып тұрмаса, мен мына жерде 1 минут та тұрмас едім. Елімде ты­ныштық болмай тұр ғой», – деп мұңаяды. Сон­дық­тан, осы ты­ныш­тықты баға­лай­ық.

Қазақстаннан енді жақсы спорт­­­шылар шығады. Себебі, біз­дегідей спорт кешендері Аме­ри­каның өзінде кемде-кем. Ал Ку­баның спортшылары мүлде қиын жағдайда. Кубаның Олимпиада чемпиондары бізде баяғыда мініп тастаған «Жигулилерді» мініп жү­реді. Кейде Қазақстанға кел­генде базардан сол «Жигу­ли­лер­дің» бөл­шектерін тиеп алып кетеді ел­де­рі­не. Ол жақта Олимпиададан ұтып келген чемпионға бір реттік 2-3 мың доллар ғана сыйақы бе­ріледі. Оларда көлік алу түгілі күн­делікті та­мақ тауып жеуіңнің өзі үлкен про­блема.

Бауырлар, тәуелсіз еліңнің ба­ры қандай бақыт екенін білесіз бе? Бір­­де ұйғыр ұстазыммен Ал­ма­­ты­ның кө­шелерінде келе жат­қа­нымда ол: «Егер менің өзімнің тәуелсіз елім, жерім болса, сол елімнің кө­ше­сін сыпырушы болып істер едім. Мем­ле­кеттен бір шү­берек сұра­мас­тан, үстімдегі көй­легіммен сүртер едім ас­фальтты», – деді. Бірде сол ұста­зыммен Түр­кістан қаласының вок­за­лына түс­тік. Вокзалда ескі кө­лі­гінен басын шығарған бір так­сист: «Қай жерге барасыңдар?» – деп сұ­ра­ды. Сонда ұйғыр ұстазым: «Ех, шір­кін, егер менің өзімнің елім бол­­са, сол елім­де есек арбамен так­си болып адам тасысам ар­ма­ным бол­мас еді», – деп күрсінді.

Бауырлар, бізде барлығы бар. Әр облысқа барған сайын оған кө­зім жетіп жатыр. 25 жылдың ішін­де біздердің әр облысымыз Аме­ри­ка­ның 1 штаты сияқты да­мып келе жа­тыр. Америкалықтар ме­нен: «Сендер айдалада өмір сү­ре­сіңдер ме? Тамақ, су деген бар ма сен­дер­дің елдеріңде?» – деп сұ­райды. Сон­да мен теле­фо­ным­дағы Ас­та­на­ның, Алматының жә­не басқа да об­­лыстардың су­рет­терін көрсетіп мақ­­танамын. Сон­да олар: «Шы­ны­мен осындай ма?» – деп таң­ға­лады.

Бауырлар, кітап көп оқыңдар. Спортта болсын, басқа салада болсын, ең бірінші білім керек. Бі­лімің болмаса, еш жерде жар­қы­рап шықпайсың. Ең алғаш спорт­зал­ға барғанда ұстазымыз барлық ба­лаларды жинап алып: «Маған сендердің чемпион бол­ған­дарың ке­рек емес, ең бірінші кезекте адам болыңдар! Ертең чемпион бол­ғанда адам танымай, такап­пар­ланып кетсең немесе жеңілген кезіңде сынып қалып, төмен түсіп кетсең, ең қиыны сол. Сондықтан, бірінші кезекте адам болыңдар!» – деген сөзі әлі жадымда.

Ағайын, мен Қанаттың бұл сөз­де­­рін неге жазып отырмын?! Қа­зақ­­та: «Алтынның қолда барда қа­дірі жоқ», – деген сөз бар. Біздің тәу­елсіздігіміз, еліміздің ты­ныш­ты­­ғы – бұл ең үлкен бай­лығымыз. Сол байлықтың қадірін білейік. Біз сыртқа шықпағаннан кейін тек біз­дің ғана жағдайымыз жаман, біз­де ғана кедейшілік бар секіл­деніп көрінеді. Алайда біз қазір тойып секіріп жатқан сияқ­тымыз. Бізде бә­рі бар, тек бір-бірімізге деген мейірім, адам­шылығымыз азайып ба­ра жатқан сыңайлы. Елі­міз ты­ныш, хал­қымыз ауыз­бір­лікте бол­ғай!

Әмір САНА.