АМАНДЫҚ БАТАЛОВ СПОРТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІН МАРАПАТТАДЫ

Уақыты: 28.02.2020
Оқылды: 1794

Салтанат сарайында Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өткен жылды қорытындылады. Толайым табысы көп спорт басқармасының жиынына Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Өткен жыл Жетісу спортшылары үшін жемісті аяқталды. Республикалық, әлемдік сында толайым табысқа қол жеткізіп, үздіктердің қатарынан көрінді. Жыл басынан бері 4 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 88 спорт шебері,  519 спорт шеберлігіне үміткер және 216 бірінші дәрежелі спортшы дайындалды.

Халықаралық және республикалық жарыстарда Алматы облысының спортшылары 2310 медальді жеңіп алды. Оның 825-і алтын, 643-і күміс, 847-сі қола медаль.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында барлық аудан, қала және елді мекендерде дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін тұрғызу жайы қадап айтылған болатын. Бұл жұмыстар облыста қарқынды жүруде. Нақтырақ айтқанда облыста өткен жылы 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Яғни, Ұзынағаш, Жаркент, Есік, Қаскелең, Талғар, Кеген, Үшарал, Қарасай ауданының Шамалған елді мекендерінде су жаңа спорт кешені есігін айқара ашты. Сонымен қатар, Талдықорған қаласында жаңа заманауи, олимпиадалық стандарттарға сай жабық жүзу бассейнінің құрылысы қарқынды жүруде.

"Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 4,3 млрд.теңге бөлініп, 4 дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Жалпы жобаларды іске асыру бойынша облыста 2021 жылға дейін 20 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Мұндай мәліметтерді жиын барысында көрсетілген бейнеүзіктен естідік.

Салтанатты шара алдында бір жылдық жетістіктерді саралайтын көрмені таныстырған басқарма басшысы Нұрбақыт Теңізбаев облыс әкімі Амандық Баталовқа басқарма жұмысын баяндап берді. Барлық көрсеткіштер диаграмма арқылы көрсетіліп, жыл санап пайыздық көрсеткіштердің өсіп келе жатқандығы айтылды. Бұл ақпаратқа көңілі толған Амандық Ғаббасұлы ризашылығын білдіріп, алдағы жылда да жоғары деңгейден төмендемеуді тапсырды.

Жиын басында аймақ басшысы облыстағы атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Әсіресе спорт саласында жағымды жаңалықтардың көп екенін айтып, инфрақұрылымдардың бой көтеруін облыс экономикасының өсуімен байланыстырды.

Осындай жанды жадырататын әңгімеден кейін марапаттау сәтіне кезек берілді. Бұл ретте Әлем, Азия чемпионаттарында үздік өнер көрсеткен спортшылар мен бапкерлер және үздік спорт мекемесі марапатталды. Жоғары нәтижеге қол жеткізген Талдықорған қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімі, №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және Алматы облысы волейбол федерациясы 500 мың теңгемен марапатталды. Одан кейін дәл осындай сомамен Токио Олимпиадасы ойындарына жолдама жеңіп алған жеңіл атлетші Шолпан Ратова, қол күресінен Ольга Шлижевская, джиу-джитсудан Елдос Қаденов, ардагер спортшы Қасенхан Серғазиев сертификатқа ие болды. Марапатталған спортшылардың арасында 10 жасқа дейінгі әлем чемпионатының жеңімпазы Елназ Қалиахмет те бар. Жүзден аса спортшы мен бапкерлер жүз елу мың мен бес жүз мың аралығындағы сертификатты облыс әкімінің  қолынан алды.

Марапаттау шарасынан кейін бірнеше адам лебіз білдірді. Құттықтау сөзге шыққан жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нұркен Нұратов аймақ басшысына алғысын айтып, биыл республика бойынша үздік спорттық ұйым атағын жеңіп алғандарын жеткізді. Одан бөлек, Токио Олимпиадасына жолдаманы ұтып алған алты спортшы да осы мектептің спортшылары екенін мақтанышпен айтып өтті. Бұл көрсеткіштің одан да артып, жолдама саны молаятынын айта келе Олимпиада ойындарында да үздіктер қатарынан көрінетіндіктеріне сендірді. Одан кейін сөз алған «Жетісу» футбол клубының директоры Серік Мұқанов пен «Жетісу» волейбол клубының ойыншысы Әлия Батқұлдина да алғысын білдіріп, алдағы додаларда Жетісудың намысын құлатпайтынына сенім білдірді.

Жиын соңында Амандық Ғаббасұлы спортшыларды марапатымен құттықтап, алдағы Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетіп, ел абыройын биіктетуге тілектестігін білдірді.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы