"ҮШТІККЕ КІРУ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ "ЖЕТІСУ" ФУТБОЛШЫЛАРЫНА ТАПСЫРМА ЖҮКТЕДІ

Уақыты: 04.03.2020
Оқылды: 1195

Халықаралық әйелдер күні футболдан ел чемпионатының ашылу салтанаты болады. Иә, футболсүйер қауым үшін бұл үлкен мереке. Жанкүйерлердің тағатсыздана күтетін премьер-лига ойындары дәл наурыздың 8 күні басталмақ. Маусымның ашылу салтанатының алдында Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ «Жетісу» футбол клубын қабылдады. Облыстық әкімдіктің мәжіліс залына жиналған футболшыларды клуб директоры Серік Мұқанов пен команданың бас бапкері Дмитри Огай бастап келді.

«Жетісу» футбол командасы өткен жылды сәтті аяқтады. Он екі команданың ішінен бесінші орынға тұрақтап, премьер-лига сапында өнер көрсету мүмкіндігіне иелік етті. Өздеріңізге белгілі бұған дейін бір мәрте премьер-лига сапынан түсіп қалған болатын. Бірінші лигада доп теуіп, үздік шыққан талдықорғандық футболшылар ел біріншілігіне қайта оралғаны тарих бетінде қаттаулы тұр. Ал өз тарихында бір мәрте күміс жүлде алған «Жетісу» командасы соңғы кезде үздік үштікке бір табан жақын. Биыл да сол жүлделі орындардың біріне ілігуді көздейді.

Сонымен, облыс әкімі Амандық Баталов облыстың спорт саласына кеңінен тоқталды. Алдымен олимпиадалық спорт түрлерін мақтанышпен атап өтті. Республика бойынша алты жолдамаға қол жеткізген біздің спортшылар екенін айтып, бұл үлкен көрсеткіш деп атап өтті. Одан кейін ойын түрлері бойынша да жетістігіміз көп екенін жеткізді.

Мәселен, волейбол ойынында қыздарымыз ҚР чемпионатында жақсы өнер көрсетуде. Жеті мәрте чемпион атанған «Жетісу» командасы сол атақтарын қорғап қалуға жақын қалды. Регби мен көгалдағы хоккейіміз де әлемдік сында жүлде алып жүр. Енді футбол да солардың қатарына қосылу керек екенін тілге тиек етті. Бұл ретте атағы баршаға аян бас бапкер Дмитри Огай мен Руслан Балтиевке үміт артуымыз керек деп тағы да қадап айтты.

Одан кейін сөз алған бас бапкер Дмитри Огай Түркия мемлекетінде оқу-жаттығу жиындарының жақсы өткенін баяндады. Команда сапы жаңа ойыншылармен толығып, алдағы ойынға дайын екенін айтты. Мұндай мүмкіндікке жағдай жасаған Амандық Ғаббасұлына да алғысын білдірді. Бапкердің сөзінен кейін арнайы «Жетісу» футбол командасының өткен жылғы жетістігін саралайтын бейнеүзік көрсетіліп, артынша ойыншылар жеке-жеке таныстырылды.

Команданың сапында сырттан келген футболшылармен қатар жергілікті ойыншылар да тартылған. Олар Айбар Жақсылықов пен Рауан Орынбасар. Сондай-ақ, командаға Белгия, Португалия, Болгария, Сербияның ойыншылары тартылған.

Ойыншылардың атынан команда капитаны Алмат Бекбаев сөз алып, облыс әкімі Амандық Баталовқа алғысын білдірді. Оқу-жаттығу кезінде барлық жағдайдың толық болғаны, алаңсыз доп тебуге жасалған қолдауын айта келе, ел біріншілігінде де бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Сөз соңында Амандық Ғаббасұлына команданың атынан арнайы есімі жазылған футбол жейдесі мен ойыншылардың қолы қойылған допты сыйлыққа тартты.

Кездесудің соңында Амандық Баталов өткен жылы бесінші орынды қанағат тұтқан командаға биыл үздік үштікке кіруді тапсырды. Бүгінде клубтың бюджеті толық жетпеген жағдайда қосымша толықтыратынын жеткізді. Алдағы ойынға сәттілік тілеп, әр кездесуде жеңіске жетулеріне тілектестігін білдірді.

«Жетісу» футбол командасы премьер-лига ойындарының алғашқы кездесуін сырт алаңда өткізеді. Наурыздың 8 күні Ақтауға қонаққа баратын жерлестеріміз ел біріншілігіне жаңа қосылған «Каспий» командасымен бақ сынаспақ.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы