БІР ТОП СПОРТШЫ ИОРДАНИЯДАН АБЫРОЙМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 15.03.2020
Оқылды: 896

Иорданияның астанасы Амманда бокстан Токио Олимпиадасына аймақтық іріктеу турнирі өтті. Байрақты бәсекеде өнер көрсеткен былғары қолғап шеберлеріміз намысты қолдан бермей, ел абыройын асқақтатты. Ғалымбек Кенжебаев баптаған ерлер құрамасы мүмкін болған 8 жолдаманы иелік етсе, әйелдер бір жолдамамен шектелді.

Дүбірлі дода тартысқа толы болды. Себебі, әр елдің үкілеп қосқан  үздіктері Олимпиада жолдамасы үшін барын салып, өнер көрсетті. Кіл мықтылар жиналған дүрмекті бәсеке біз үшін сәтті аяқталды. Күрзі жұдырықты сегіз боксшымыздың жетеуі жартылай финалға шығып, бірден Олимпиада жолдамасын еншіледі.

Тек 52 келі салмақта өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов қосымша жекпе-жек өткізіп, Олимпиада жолдамасын иеленді. Ширек финалда Қытай боксшысына жол берген Сәкен жұбаныш жекпе-жегінде филиппиндік Карло Пааламды жеңді.

Жеті боксшымыздың төртеуі ақтық сынға жолдама алды. Өкінішке қарай, Серік Теміржанов, Абылайхан Жүсіпов пен Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда сүрінді. 57 келіде өнер көрсеткен Серік Теміржанов өзбекстандық Миразизбек Мирзахалиловқа жол берсе, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов үндістандық Викаш Киршанға ұтылып қалды.

Ал +91 келіде бақ сынаған Қамшыбек Қоңқабаев жарақатына байланысты жарыс жолына шықпады. Ақтық сынға шыққан төрт боксшының екеуі алтыннан алқа тақты. Атап айтсақ, 81 келіде жұдырықтасқан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов Австралия боксшысы Пауло Аокусоны жеңіп, алғашқы алтынды қоржынға салса, 91 келіде Василий Левит Жаңа Зеландия спортшысы Дэвид Никадан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды. Ал 63 келіде Зәкір Сафиуллин мен 75 келі салмақта өнер көрсеткен Әбілхан Аманқұл  күміспен күптелді. Осылайша ерлер құрамасы Токиодағы олимпиадада толық құраммен өнер көрсетеді.

Әйелдер құрамасынан 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Надежда Рябец қана Олимпиада жолдамасына ие болды. 19 жастағы спортшы турнирдің қола жүлдегері атанды. Қарсыластарын қоғадай жапырып келе жатқан Надежда тек жартылай финалда австралиялық Кэйтлин Паркерден жеңілді.

Қазақстан құрамасы доданы 2 алтын, 2 күміс, 4 қола медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте 2-орынды иеленді. Тоғыз жолдаманы қанжығасына байлаған боксшыларға төрткүл дүние көз тіккен Токио төріндегі байрақты бәсекеде де сәттілік тілейміз.

Айдар ҚАЛИЕВ