Еншімізде екі алтын

Уақыты: 02.02.2017
Оқылды: 1311

Алатау баурайында өтіп жатқан қысқы Универсиада ойындары шиыршық ата бастады. Елу жеті мемлекеттің жас спортшылары жүлде үшін барын салып, намысқа тырысуда. Алпауыт елдің мықтылары алға озып кетті деп айта алмаймыз. Десе де  Ресей спортшылары ширықты. Алтын мен күмісті күреп алған орыстар көш бастап келеді. Еншімізге түскен екі алтынның нәтижесі күміс тұғырды меңзеп тұр.

Доданың екінші күні Қазақстан үшін жағымды жаңалық болды. Ең бірінші, Талғар ауданында орналасқан «Алатау» шаңғы биатлон кешенінде алғашқы алтын медаль қоржынға түсті. Нақтырақ айтар болсақ, жарыс жолына шыққан қыздарымыз жанкүйерлердің сенімін ақтады. Бұл додада алпыс екі мемлекеттің спортшылары сынға түсіп, жүлдені сарапқа салды. Біздің ұлттық құрама алты спортшыны додаға қосып, жүлдеден үміт күтті. Мылтық асынған қыздарымыздың арасында жүлдеден үмітті деген екі қызымыз болды. Талантты қыздың бірі Галина Вишневская. Ол осы бәсекеге дейін әлем кубогында жүлде алған болатын. Ал екінші үміт артқан саңлақ Алина Райкова. Ол да осалдар қатарынан емес. Өткен жылы дәл осы Универсиада ойындарында алтыннан алқа тағынып, ел абыройын асқақтатқан спортшының бірі. 
Сонымен екі талант та өз жанкүйерлерінің алдында ұятқа қалмауды қалады. Расында сол күні ауа райы өте қолайсыз болды. Табиғат тосын мінез көрсетіп, қар аралас жаңбыр жауды. Бұл шаңғышылардың жүруіне кедергі жасайтыны анық. Дегенмен, жарысты ұйымдастырушылар оған жол бермеді. Шаңғышылардың жолына қар төгіп, қолайлы жағдай туғызды. 15 шақырымды еркін айналған қыздар қарсыластарын қапы қалдырды. Нысана көздеуде де  мүлт кетпеген Алина жеңісті жұлып алып, Алаштың алғашқы алтынын қоржынымыз­ға салды. Галина болса, күмісті еншіледі. Ол нысана атуда бір қателік жіберіп, сәл қалып қойды. Десе де алғашқы екі жүлде біздің еншімізде. 
Араға жарты сағат салып, «Табаған» сауықтыру кешенінен жағымды жаңалық келді. Бұл нысанда фристайлдан командалық сын өтіп жатқан болатын. 
Әрине, әр сыннан жүлде күтетініміз анық. Ал фристайлдан атымыз алға озады деген сенім мол болды. Өйткені Жанбота Алдабергенова жүлдеден дәмелі спортшының бірі. Бұл бәсекені бақылап отырған әріптесім Ұлбосын Исабектің: «Алақай, алтын алдық» деген сүйінші хабары тұла бойымды шымырлатып жіберді. Әуеде үш мәрте айналып, жерге сәтті табан тіреген Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек алтынды еселей түсіпті. Бұл жаңалық күллі Қазақ елін шарлап кеткендей болды. Қос қолымды шапалақтап, «Сүйінші, ағайын, сүйінші, тағы бір алтын алдық» –  деп  айғайлап, баспасөз орталығын басыма көтердім. Орталықта отырған түрлі елдің БАҚ өкілдері бұл ісіме өрескелдік деп қарамай қол соғып, қошемет көрсетті. Лайым солай бола бергей! Иә, бұған дейін де алған жүлдеміз бар. Ол жайында газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Суретте: Алашқа алғашқы алтынды сыйлаған А. Райкова (ортада) мен күміс жүлдегер Г. Вишневская (сол жақта).

 

Ришад Тұрғанбаев