"СПОРТТА ЖАТТЫҒУ ЖЕТКІЛІКСІЗ": БЕРІК ЖЕТПІСБАЕВ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСТЕР

Уақыты: 09.04.2020
Оқылды: 1885

Қазақстан самбосы тарихында өшпес із қалдырған балуан Берік Жетпісбаев екені даусыз. Тоқсаныншы жылдары боз кілемде атой салған бұл жігіттің өнеріне сүйсінбеген, оның шексіз талантын мойындамаған жанкүйер кемде-кем шығар. Тіптен, қазақ самбосының академигі саналатын Керей Қойшыбектің өзі: «Берік – тума талант. Егер әр жаттығу барысында ол жанын салып даярланса, әр жекпе-жекте жанкештілік танытса, Жетпісбаевтың шоқтығы биік болары сөзсіз», – деп шәкірті жайындағы пікірін бір ауыз сөзбен түйіндеген.

Кейіпкеріміз күреспен балауса кезінен айналысты. Оның самбоны таңдауына Бақыт Қоқысбековтей білікті бапкердің Кербұлақ ауданының Қоянкөз ауылына келуі түрткі болды. Аз ғана уақыт ішінде айтулы маман шағын ғана елді мекеннен Жұмажан Нұрбеков пен Болат Үсембеков сынды екі бірдей спорт шеберін шығарды. Сол сәтте «Егер ауылдастарым секілді мен де самбоға ден қойсам, бүкіл жұртқа танымал боламын» деген ой Беріктің белін бекем бууына жол ашты. Сол күннен бастап, Жетпісбаев күрес үйірмесін жағалай бастады.

«Алмас қылыш қын түбінде жатсын ба?!». Елгезек Беріктің бойындағы бұла күш бірден байқалды. Өзінің дара талантының арқасында бірден құрдастарының алды болды. Ауылдық, аудандық жарыстарды былай қойғанда, облыстық доданы оңай ұтты. Содан Алматының іргесіндегі Фабричный ауылында өткен республика біріншілігіне қатысты. Бұл бәсекеде де Жетпісбаевтың алдын ешкім орай алған жоқ. Барлық қарсыластарын сыпыра ұтқан бозбала жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігіне қатысу құқығына ие болды.

Берік айтады:

– Күреске ден қойғанда келешекте халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғаймын деген ой қаперіме де кірмеген еді. Әуелде маған бәрі ермек болып көрінді. Ел көрем, жер көрем, түрлі қалаларды аралаймын. Шалғайдағы ауыл баласына одан артық қандай қызық керек?! Ал Қазақстан құрамасы сапына іліккенде командада өзім секілді ауыл балалары «өріп жүргені» мені таң қалдырды. Көбісі өз құрдастарым. Алдымызда Руслан Сейілханов, Айдын Кемпірбаев, Ержан Омарбаев, Сержан Омаров, Зекен Шаймерденов сынды ағаларымыз болды. Сол сәтте мен егер бар жан-тәніммен даярланып, осы спорт түріне адалдық танытпасам, көп кешікпей көштен қалып қоятынымды түсіндім. Содан бастап, жанкешті жаттығуларға кірістім.

1994 жылы Берік Жетпісбаев жасөспірімдер құрамасы сапында Югославияның Нови Сад қаласына сапар шекті. Боз кілемде бес белдесу өткізген ол алғашқы төрт қарсыласын тырп еткізбей ұтты. Финалда әзірбайжандық самбошыға есе жіберіп, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Сол жарыстан кейін-ақ Сарыөзектің сары баласы білікті бапкерлер назарына ілігіп, Қазақстан құрамасы сапында түрлі халықаралық жарыстарға үздіксіз қатыса бастады. 1995 жылы Берік Болгарияға аттанды. Оның Софияға сапары өте сәтті болды. Жастар арасындағы әлем біріншілігінде Жетпісбаев алтын медальді мойнына ілді.

Тоқсаныншы жылдардың бел ортасында Берік ересектер дуына түсе бастады. Келген бетте ол «төр менікі» дегенді айқын аңғартты. Басты қарсыластарын бірден жолынан ығыстырып, әуелі 57 келі, содан кейін 62 келі салмақ дәрежелерінің тізгінін қолына мықтап ұстады. Мәскеудегі Харлампиев турнирінде күміс медальді иеленді. Әлем кубогы мен Азия біріншілігінде дәл сондай нәтиже көрсетті. Екі рет Азия чемпионы атанды. Ал 1996 жылы Токиода өткен әлем чемпионатында Берік Жетпісбаев қола жүлдені олжалады.

Берік айтады:

– Табыс адамға өздігінен келмейді. Тіптен, жанкешті жаттығу мен жан алысып, жан беріскен айқастың өзі биік тұғырларға көтерілу үшін жеткіліксіз. Біріншіден, өзіңе деген сенім мығым және алға қойған мақсатың айқын болуы керек. Екіншіден, елішілік жарыстарда бәсекелестік күшті болса, шетелде күресу әлдеқайда жеңіл. Үшіншіден, ауқатты ағаларымыздың қамқорлығы қажет. Өйткені, ашқұрсақ спортшының барар жері белгілі ғой. Менде оның үшеуі де болды. Алға қойған мақсатым – қазақтың абыройын асқақтату еді. Ол мақсатты орындай алатыныма сенімді болдым. Елішілік жарыстарда кілең ығай мен сығайларға қарсы тұрдым. Айдын Смағұлов, Мұратбек Қыпшақбаев, Қайрат Күнсафин, Айдар Қайырбаев, Ерлан Сіләмбай... Алғашқысы Олимпиада жүлдегері атанды, қалғандары жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпиондары. Осы жігіттерді бірде ұтсам, бірде ұтылып жүрдім. Солардың арасында Айдынның шоқтығы биік еді. Болашақ Олимпиада жүлдегерін мен бір мәрте ғана ұта алдым. Ал қамқоршы ағаларым жайында айтар болсам, Алматы облыстық самбо федерациясының президенті Қайрат Мейрембаев пен бизнестің бел ортасында жүрген Радж есімді азамат көп көмектесті.

Әрине, қамқоршы ағалардың болғаны жақсы. Алайда ел намысын қорғап жүрген спортшыға бүкіл ел болып көмектессек, еш артықтығы жоқ еді. Өкінішке қарай, самбо Олимпиадалық спорт түрлері санатына жатпайды. Сол себепті оған деген қамқорлық жағы кемшін. Міне, осы жағдай Беріктің дзюдоға ауысуына себепші болды.

Жапондар ойлап тапқан өнер түрінде де Жетпісбаев тасада қалған жоқ. Білікті бапкер Манарбек Таутановтың шәкірті атанған ол, 1996 жылы Алматыда өткен Санжар Жандосовты еске алуға арналған халықаралық турнирде талдықорғандық балуан бақ сынауға бел буды. Ол кезде Атланта Олимпиадасына іріктеу жүріп жатқан. 66 келі салмақ дәрежесінің басты фавориттері ретінде семейлік Зекен Шаймерденов пен шымкенттік Иван Бағлаевтың есімдері аталатын. Берік үшін бұл алғашқы сынақ болғанына қарамастан ол өзін жақсы қырынан көрсете білді. Шаймерденовтен айласын асырып кетті, Бағлаевты қылқындырып тастады. Көпшілік үшін сол мезетте оны тоқтататын күш жоқ болып көрінді. Алайда финалға жолдама беретін бәсекеде Берік ойда-жоқта жеңіліс тауып, қола медальді қанағат тұтты. Осы жарыстың куәсі болған самбодан ұлттық құраманың бас бапкері Керей Қойшыбек: «Беріктің дзюдоға ауысқаны кеше ғана. Ол әлі бұл өнердің әдіс-тәсілін толық меңгеріп үлгерген жоқ. Соған қарамастан небір мықтыларға сан соқтырды. Алайда тәжірибенің аздығы сын сағатта сыр беріп, ол ортаңқол балуаннан ұтылды. Егер Берік осы бағытынан жаңылмаса, ертең-ақ дзюдошыларға күрестің «көкесін» көрсетеді», – деп ағынан жарылған еді.

Иә, Жетпісбаев одан кейін де дзюдодан өткен бірқатар халықаралық турнирлерде топ жарды, жүлдегер атанды. Тіптен, 2000 жылғы Олимпиада ойындарына баруына мүмкіндігі де болды. Бірақ дуалы ауыз Керей Қойшыбек мырза жорамалдаған биікке жете алған жоқ. Неге? Бұл сауалды кейіпкеріміздің өзіне жолдап едік, тұшымды жауап ала алмадық. «Өткенді қазбалап қайтесіздер. Мақсат тауына шыға алмай кеткен дарынды жастар жалғыз менімен шектелмейді ғой. Арамызда ондайлар өте көп. Бұл өмірде әркімнің өз таңдауы болады. Мен боз кілемде өзіме бұйырған несібемді алдым да, үлкен спорттан қол үзуді жөн көрдім», – деп әңгімені қысқа қайырды.

Жетпісбаевтың екі Олимпиадаға және бірқатар әлем чемпионаттарына бару мүмкіндігі болғаны жайында жоғарыда айттық. Бара алмады. Неліктен? Оған түрлі себеп айтуға болады. Біріншіден, қазақта «Жоқшылық жомарттың қолын байлайды» деген аталы сөз бар. Нағыз кемелденген шағында Берікке қамқорлық көрсетіп, бағыт сілтейтін ешкім болмады. Жас жігіт ондай әділетсіздікке көндіге алмады. Екіншіден, соңғы кездері ол көп жарақаттанды. Бұл тек шектен тыс салмақ қуудың салдары ғана емес. Жаттығу кезінде Беріктің өзінен әлдеқайда ауыр балуандарды көтеріп, жерге алып соғып жатқанын жиі көрдік. Ол «диірмен» әдісін орындауға аса құштар еді. Бапкерлері мен әріптестері: «алыптармен айқасып нең бар, беліңе зақым келеді» деп талай мәрте ескертті. Бұла күш иесі ақылшы ағаларының айтқан сөзіне құлақ аспады. Кейіннен соның зардабын тартты. Жауапты бір жарыс қарсаңында белінен шойырылып, тұра алмай қалғанына да куәміз. Міне, осы жайттың барлығы 2001 жылы Берік Жетпісбаевтың үлкен спорттан қол үзуіне әкеп соқтырды. Ол боз кілеммен небары 25 жасында қош айтысты.

Берік айтады:

– Спорттан қол үзгеннен кейін бизнеске бет бұрдым. Құдайға шүкір, қазір жағдайым жаман емес. Алайда боз кілемге бағыштаған жылдарым мен үшін өте қымбат. Сол себепті дарынды жастарға қолдан келгенше көмектесуге құштармын. Осыдан бірер жыл бұрын өзімнің туған ауылым – Қоянкөзден Азамат Мұқанов сынды жас балуан шықты. Соған қолдау көрсеттім. Қазір Азаматтың есімі алты Алашқа ғана емес, төрткүл дүниеге танымал. Ол – дзюдодан әлем чемпионатының күміс және Азия ойындары мен құрлық чемпионатының қола жүлдегері. Самбодан әлем чемпионы және әлемнің төрт дүркін қола жүлдегері. Талдықорғанда жаттығып жүрген тағы бірнеше балуанды өз қамқорлығыма алдым. Қыздар күресіне де ден қойып, олардың әр қадамын жіті қадағалап жүрген жайым бар. Бұл – асып-тасығандықтан істеп отырған шаруа емес. Біз кезінде қиындықты көп көрдік. Әр жарысқа барудың өзі азап еді. Әркімнің алдына барып, алақан жайдық. Ақыры күрестен қол үзіп қалдық. Келешек жастар сол қиындықтардың бірін де көрмесе екен. Олар тек жаттығуға ден қойып, Қазақстанның спорттық даңқын арттыру жағын ғана ойлауға тиіс. Басқаға бас ауыртпауы қажет. Менің бар тілегім сол ғана.

Боз кілемге шыққанда Керқұла аттай жер тарпыған Кербұлақтың ұлтым деп ұмтылған, жұртым деп жұлқынған алдаспан ұлы үлкен спорттан қол үзгенімен өзі шықпаған шыңға інілерім шықсын деп қолдау көрсетіп жүргенінің өзі іріліктің белгісі. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

Алматы облысы