"ЕКІНШІ КӨЗІМ - ДОЙБЫ МЕН ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ": ЖАНАРДЫҢ ӨМІРДЕГІ ЖЕҢІСІ

Уақыты: 28.04.2020
Оқылды: 974

Қамшының сабындай қысқа ғұмырда тірі пенденің тағдырына жазылған соң көрмейтіні де, көнбейтіні де жоқ. Адам қандай ақыл мен күш иесі десек те оның да шамасы келмейтін дүние өте көп. Қалтарыс-бұлтарысы мол тайғақ тағдырдың  сынағына шыдамай, өмірден баз кешіп, тіршілікті өлердей жек көріп, қоғамнан алыстап жатқандар қаншама?! Тіпті, он екі мүшесі сау адамдардың өзі басына сәл қиындық түссе өмірінен күдер үзіп жатады. Ал мүмкіндігі шектеулі болса да жанын аяздай қаритын қайғысын жеңіп, тұла бойын шиыршық атқандай қатайтып, буын-буынын бекітіп, жасып қалған арманын жасаң тартқызып жатқандар да жетерлік. Сондай жанның бірі өмір отын өшірмей үрлеп, талай биік белесті бағындырған – Жанар ТІЛЕКТЕСОВА. Олай болса, «Дойбы 64» пен тоғызқұмалақ ойынын қатар алып жүрген Ұлы Даланың ерке қызы шерткен әңгімеге құлақ түрейік.

– Мен 1999 жылы 4 ақпанда Ескелді ауданы, Алдаберген ауылында дүниеге келдім. Отбасымызда үш баламыз. Ағам және інім бар. Үйде жалғыз қыз болғандықтан, апамның еркесі болып өстім. Немерем жаннан тәтті деп еркелетіп, ертегісін айтып, апам тәрбиеледі. Бес күн жалғанда ешкім Тәңірден бір мүшесінің кем болғанын тілеп алмайды. Кей адамның жарық дүниеге он екі мүшесі сау болып келмейтіні өкінішті-ақ. Тағдырдың жазуы болар, мына өмірге кемістігіммен келдім. Дүние есігін ашқаннан бір көзім көрмеді. Десе де, менің он екі мүшесі сау балалардай ойнап-күлуіме еш кедергі болмады. Өзгелер секілді мен де бал балалық шағымда ауылдың борпылдақ топырағында жалаңаяқ шапқылап, қар, жел мен жаңбырына қарсы жүріп, шынығып өстім. Найзағай секілді жарқ еткен өмірде басыма қиындық түсті екен деп, жалғаннан баз кешіп, тұнжырамадым. Керісінше, бәрін жеңемін деп күліп жүрдім. Қиындықты жеңуге көмектескен - спорт. Өйткені, былдырлаған шағымнан-ақ спортты жаныма серік еттім.

Есік қаласындағы мектеп-интернатының табалдырығын аттағанымда атам Тілектес Әбділдәбеков шаршы тақта үстіндегі тартысқа қызығатынымды мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жайдарман апайыма айтты. Сөйтіп, Жайдарман апай мені «Дойбы 64» пен тоғызқұмалақ ойнауға үйретті. Жаттығуды келесі күні-ақ бастап кеттім. Өзім қатты құмартқан спорт күн өткен сайын өзіне баурап алды. Алғашында қиындықтың болғаны рас. Артынша қарсыласымды қапы қалдырып, шебер ойыншылардың санатына іліктім. Мектеп қабырғасында жүріп, талай бәсекеде топ жардым. Жетістіктерімді көрген апайым мені Райгүл Рысалова атты бапкерге алып барды. Бүгінде Райгүл апай - бас бапкерім. Осылайша білікті мамандардан жаттығу үйреніп, қай жерде ұлттық ойын түрі бар десе сол жерден табылатын болдым. Мектепті бітіріп, Талдықорған политехникалық колледжінің студенті атандым. Спортты жаныма серік еткен соң мамандығымды да спорт жаттықтырушысы етіп таңдадым. Менің екінші көзім дойбы мен тоғызқұмалақ болды.

Иә, Жанар Тілектесова жүректі жаншылаған мұңын, басына салған тағдырдың қиындығын жеңе білді. Қиындыққа бордай егілмей, болаттай берік болды. Соның арқасында ол сау адамдардың қатарына қосылды. Ал енді ақыл-ой спортын ардақ тұтып, күні-түні жаттығу жасап, абырой-беделге тек қана мехнатты еңбекпен жеткен қайсар қыздың спорттағы жеңісіне құлақ түрейік.

– Дене тәрбиесі мамандығын таңдаған соң жаттығу көбейіп, спорттағы ақ желкенім көтерілді. Әуелде қала біріншілігінде топ жардым. Одан кейін облыстық чемпионаттардың барлығында қарсылас шақ келтірмедім. Осындай дарындылығымды байқаған бапкерім республикалық жарыстарға қосты. Онда да тауым шағылмады. Қатысқан жарыстан жүлдесіз оралған күнім болған жоқ. Жетісу жерінің намысын құлатқан емеспін. Ірі жарыстардан есімде қалғаны 2015 жылы Шымкентте өткен республикалық жарыста 3-орын алдым. 2019 жылы Павлодарда өткен командалық жарыста күміспен күптелдім. Былтыр Талдықорған қаласында өткен республикалық жарыста 2-орын иелендім.

Додада 5 қарсыласымды ұтып, ақтық сынға жолдама алдым. Финалда атыраулық спортшыға жол беріп, тұғырдың екінші сатысынан көріндім. Дүбірлі додада облысымыз жалпыкомандалық есепте де 2-орын алды. Бұл дойбы спортынан жеткен жетістігім. Былтырға дейін жарысқа тек дойбы спортымен барып жүрдім. Бірде ұлттық спорт түрін де жаттап өстім ғой, бағымды сынап көрсем қайтеді деген ой келді. Бапкерім қуана-қуана келісті. Екі спортты қатар алып жүрмек болып шештім. Тоғызқұмалақ есептеуді, тез ойлауды көп талап ететін жарыс болғандықтан басында, әрине, оңай болған жоқ. Тынбай жаттыққанымның арқасында мұны да меңгеріп алдым.

Сөйтіп, былтыр тоғызқұмалақтан Павлодарда өткен республикалық жарысқа қатыстым. Бұл командалық дода болды. Облысымыздың намысын қорғап барған соң барымды салып өнер көрсеттім. Біз жалпыкомандалық есепте 2-орын алдық. Тоғызқұмалақ спортынан барған алғашқы ірі жарысымда жүлдегер атандым. Жеңіс жігер мен қос спортты да алып жүре аламын деген сенім сыйлады. Жаттығудан қалмай, күн-түн демей қызу дайындалғанның арқасында биік белестерді бағындырдым. Тынымсыз еңбек – жеңіске жетеледі. Алдағы мақсатым – екі спорт түрінен әлемдік додалардың мұзарт шыңын бағындырып, ел абыройын асқақтату.

Ол қилы тағдырдың қиындығын көрсе де жанын қажап, зәрәзеп қылмады. Күні-түні қайғы жұтып, күңгірт ойды көңілге қорек еткен жоқ. Керісінше, дарқан даланың ерке елігіндей болып өскен қыз сабырлық танытып, өмірдің ағысына қарсы жүзді. Соның арқасында бар қиындыққа төтеп берді.

Иә, бойында кемістігі болса да, өмірде жеңісі көп қыздың өмірі көпке үлгі. Жетісу жұртшылығына жеңіс сыйлап жүрген қызымызға алар асуың биік болсын демекпіз.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы