Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ЧЕМПИОНМЫН ДЕП МАСТАНБАЙДЫ": АДЛАННЫҢ АСУЫ ӘЛІ АЛДА

Уақыты: 01.05.2020
Оқылды: 283
Бөлім: АЛАМАН

Спортта шегара жоқ. Өңір, аймақ, ұлт, нәсіл деп бөлінбейді. Бәріне ортақ бекзада өнердің қызығы мен құпиясы да содан көп болар. Бейбітшілік пен татулықты мақсат тұтқан спорт ешкімді де жатсынбайды. Осындай сыры мен сиқыры көп, қызығымен көпті баурап, жанкүйерін соңынан өбектетіп қоятын спортта қаншама жұлдыздарымыз жүр.

Олардың арасында түрлі ұлттың өкілі бар. Барлығы да сол спорт өнерінің қайығында бірге жүзіп, бір елдің туын көтеріп келеді. Осындай Алаш алақанына салып, аялап өсіріп келе жатқан жас жеткіншектің бірі Ұзынағаш өңірінің тумасы, ұлты түрік Адлан Асқаровты да ерекше айтуға болады. Бауырлас ұлттың ұланы жасына қарамай Қазақ елінің мақтанышына айналды. Боз кілемнің шаңын қағып, талай байрақты бәсекеде елдің намысын жыртып, Көк Туымызды желбіретіп жүр. Бұғанасы толық қатпаған Адлан нағыз қазаққа бергісіз балуан десек те артық етпес.

Ұлтты шексіз сүю, Отанға деген сүйіспеншілік, ұлтқа деген адалдық, патриотизм деген Адланның бойынан ерекше байқалады. Қазақ ортасында қазақ тілінде тіл қатып, жаныңа шуақ шашады. Ал боз кілемде көк түріктің ұрпағындай қайсарлық көрсетіп, арыстанша арпалысады. Қанша биікке көтерілсе де өн бойынан салқынқандылық пен сабырлық, қазаққа тән қасиеттерді байқайсың. Мұның барлығы қазақы ортада өсіп, ортақ тәрбиені бойына сіңіргені көрініп тұр. Кішіпейілділік пен үлкенге құрметі ерекше. Чемпионмын деп мастанбайды, әр ісін байыппен бағдарлайтын Адланның бойынан спорт секілді бекзадалықты анық көремін.

Ал оның жетістігіне келер болсақ, білікті бапкер Мадияр Құрамысовтың шәкірті. Бапкерінің бар талантын бойына жиған Адлан жыл санап белестерді бағындырып келеді. Бүгінде ұлттық құраманың сапына өтіп, мамандардың оң пікіріне іліккен. Аудан, облыс, республикалық чемпионаттардың жеңімпазы. Үлкен спорттағы алғашқы жүлдесі ежелгі Эллада елінен басталды. Кадеттер  арасында Афинада өткен әлем чемпионатында қола жүлдені еншіледі. Бұл оның маңызды жарыстардағы алғашқы жүлдесі. Төртжылдықтың басты додасы Олимпиада ойындарының алғашқы алауы тұтанатын Афина Адланға ақ батасын бергендей, қола жүлдені тұмар ғып тақса, алдағы жолы да жемісті болмақ. Араға жыл салып тағы да үлкен додаға түсті.

Жетісудың үкілеген балуаны Адлан Аскаров Таллиндегі жастар арасындағы әлем чемпионатында қола тұғырдан қол бұлғады. Шәкіртіне бек сенген бапкер одан ары шыңдай түсті. Ел ішіндегі додаларға да салып, жүзі қайралған қылыштай жарқыратып алып шықты. Салған жерден олжа салып, алмас қылыштай жарқ еткен жас жұлдыз 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатына да жол тартты. Үкілеген үмітіміз сенімді селк еткізбеді. Боз кілемде белдескен Адлан алғашқы үш қарсыласын бет қаратпай ұтты. Қырғыз, моңғол, иран балуандарын жеңіп, финалға жолдаманы уысына түсірді.

Соңғы шайқаста оны кубалық қаблан Рейнери Ортега күтіп тұрды. Екі мықтының айқасы нағыз драмаға толы болды. Кубалық оғлан бұған дейін екі мәрте әлем чемпионатының алтын тұғырына жайғасып үлгерген әккі балуан. Ал біздің алғадай балуан да дес берер емес. Жан алып, жан беріскен күресте кубалық спортшының бағы жанды. Осылайша үміт артқан Адлан күмісті еншіледі. Бұл оның намысын одан ары жани түсті. Алда әлі үлкен белес бар. Ол – Олимпиада ойындары. Оған Адланның бір табан жақын тұрғанын өзі де, өзге де біледі. Оны алдағы уақытта анықтай жатармыз. Ал біз сенген Адлан жерге қаратпайтыны анық.

Әмір САНА

Алматы облысы