"СПОРТҚА ҒЫЛЫМ РЕТІНДЕ ҚАРАЙЫҚ": БАС БАПКЕРМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 03.05.2020
Оқылды: 1303

Жазғы Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген джиу-джитсу спорты 2024 жылы Франция астанасында өтетін жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына да енуі мүмкін. Париждегі жазғы Олимпиада ойындарына джиу-джитсу спорты сынақ ретінде қосылып қалар деген әңгіме желді күнгі өрттей лапылдап еді ертеректе. Төрт жылда бір айналып соғатын ғаламдық доданың дуына қосылсын-қосылмасын, джиу-джитсу спортының танымалдығы артып, өрісі кеңіп, шұғылданушылардың да саны күннен-күнге  еселеніп келеді. Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылдық округіне қарайтын Түймебаев ауылында «Saǵadat Batyr – QTT» клубы бар. Бастапқыда клубтың бас бапкері Нұрсұлтан Орынбасаров бір ауылдың балаларын джиу-джитсу өнеріне баулудан бастаған-ды. Бүгінде бірнеше ауылдың талантты жастары буындары бекіп, қауырсындары қатайып қарақанаттанып есейіп келеді. Шәкірттерінің алды  джиу-джитсу спортынан әлемнің үш дүркін чемпионы деген атаққа да қол жеткізген. Пандемия пәрмен алып, әлемді әлсіреткен карантин уақытында спортшылар сағаттың сартылдаған тіліндей тынбай, жаттығуын үзген емес. Нұрсұлтанмен де  онлайн сұхбатымыз үйдегі жаттығудың арасындағы үзілісте өрбіді.

– Нұрсұлтан, былтырғы жылдың соңында өзің жетекшілік етіп, шәкірттеріңді шыңдап келе жатқан «Saǵadat Batyr – QTT» спорт клубының қорытынды кешін ұйымдастырдың. Еліміздің намысын қорғап, әлемдік сайыстарда олжа салған саңлақтарыңды сапқа тізіп, құрмет көрсеттің. Бапкерлік пайымыңмен саралағанда өткен жылға өкпең жоқ шығар?

– Халық Қаһарманы, даңқты батыр Сағадат Нұрмағамбетов атамыздың есімімен аталатын спорт клубының әрбір мүшесі батыр аталарындай жүректі болып өсуі тиіс деп санаймын. Былтырғы жыл біз үшін жеміссіз болған жоқ. Клубтың 3 спортшысы джиу-джитсуден ҚР спорт шебері атағын алса, 20-дан аса шәкіртіміз ҚР спорт шеберіне үміткер болды.

Былтыр Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған кеште “Жыл үздігі – 2019” номинациясымен де бірнеше спортшымызға құрмет көрсеттік. Сахна төрінде Іле аудандық мәслихат төрағасы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr» спорт клубының президенті Ерболат Тұрымбетов, Джиу-джитсу қауымдастығының вице-президенті, Алматы облысы құрамасының бас бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұржан Елкеев, Іле аудандық ардагерлер алқасының төрағасы, «Nur Otan» партиясы бюросы мүшесі  Әмзе Исаев сынды қайраткерлер марапаттады.

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында һәм Қырғызстан, Ресей, Өзбекстанда өткен халықаралық турнирлерге қатысып, саңлақтарымыз 80 медаль иеленді. Біріккен Араб Әмірлігі ұйымдастырған  әлем чемпионатында 10 алтын, 5 күміс, 7 қола медаль еншімізге жазылды.

– Биылғы жылдың басында да халықаралық турнирге қатысып, қанжығаларың майланды.

– Қырғыз елінің бас қаласы Бішкекте “Bishkek Pro IKJJF Jiu-Jitsu CHAMPIONSHIP” халықаралық турнирі өтіп, спортшыларымыз 23 алтын, 9 күміс, 1 қола медаль иеленді. Кәсіби спортшылар арасында жас ерекшелігіне байланысты өткен турнирде IKJJF чемпиондық белбеуі де бәйгеге тігілген. Екі салмақ дәрежесіндегі чемпиондық айқаста да біздің спортшыларымыз чемпион атанды. Шәкіртіміз Абай Нұртуған қырғызстандық қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңсе, клубымыздың бапкері Самат Айтпанбет испандық қарсыласын айқын басымдықпен тізерлетіп, елге чемпиондық белбеуді олжалап оралды.

– Чемпиондық белбеу үшін белдесуге өзің де түсуің керек еді.

–  Бразилиялық қарсыласым жарысқа келмеуіне байланысты менің айқасым өткен жоқ. Оған бола ұнжырғам түспеді, онсыз да олжасыз емес едім. Бішкектегі турнирде шәкірттерімнің жетістігіне бір марқайсам, Қырғызстанның  джиу-джитсу федерациясының президенті Самарбек Сабыржанұлы арнайы шақырып, бір күндік семинар өткізіп, шеберлігімді паш еттім.

Алматыда Arlan Grip Cham-pionship және Almaty Open  турнирі өтіп біздің клубтың спортшылары командалық есепте топ жарды.

– Биылғы әлем чемпионаты сәуір айында өтуі тиіс еді. Пандемияның шырмауына байланысты кейінге шегерілді ғой.

– Біріккен Араб Әмірлігі ұйымдастыратын әлем чемпионаты кейінге ысырылды, уақыты әлі нақты емес.  Қай мерзімге белгілесе де біздің шәкірттер сақадай сай, әзірлікті қазір үйлерінде жалғастырып жүр. Залымыздың есігі уақытша жабылды, бірақ біз аптасына үш күн әлеуметтік желі арқылы онлайн жаттығу өткіземіз. Саңлақтар суынып қалмауы үшін.  Джиу-джитсу спорты жазғы Азия ойындарының бағдарламасына енді. Енді Олимпиада бағдарламасына қосылады. Қазір біздің әлем чемпионы деген атаққа екі мәрте қол  жеткізген Жібек Құлымбетова  секілді талантты шәкіртіміз бар. Төрт жылдан кейін нағыз күйіне келіп, Олимпиада төрінде атойлап белдеседі деп сенеміз.

– Өзің Қазақтың спорт және туризм академиясында магистратурада оқисың. Ғылымды да өрістетуге үлес қосып келесің.

– Магистрлік диссертациямды “Спортшыларды кешенді даярлау әдістемесі” деген тақырыпта жазып жүрмін. Бізде бір қатаң қағида бар, сабағының үлгерімі төмен болса, ата-ана баласын спортқа телігісі келеді. Спортшы чемпион болуы үшін білімді болуы керек. Сенің спортзалдың есігінен енгеннен басталған сапарыңда салмақ қуу, тактика құру, қарсыласыңды зерттеу, әлеуетіңді бағалау, мұның бәрі де біліміңнің деңгейін көрсетеді.

Спорттың ережесін білмесең тактика құра алмайсың, ережені тереңдей игермеген қаншама спортшы айқас үстінде алдырып қойып жүр. Спортшы тактикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық тәрбие алудан да ақсамауы керек. Сондықтан да біз клубымыздың шәкірттерімен бірге ата-аналарын да қатыстырып семинар, пікір алмасу шараларын жиі өткіземіз. Кейбір ата-ана баласы жарысқа шығарда “осыдан жеңілсең жаттығуға жібермеймін” деген секілді талабын артып қояды. Содан соң залда тәп-тәуір нәтиже көрсеткен шәкірттің санасын үлкен салмақ басып, жарыс кезінде өзін көрсете алмайды.

Баланы бұлай мәжбүрлеуге, иығына батпандап міндеттеме ілуге болмайды. Олардың таным-түсінігі, ерік-жігері бірден шыңдалып кетпейді. Керісінше, жеңілсе де иығынан демеп, қорғаны екенімізді сезіндіру қажет. Рухы мықтыны ешкім жеңе алмайды. Рухани, патриоттық кештер, әдеби кездесулер де ұйымдастырып, балалардың  көкжиегін кеңейту керек. Көп алдында қалай сөйлеу керек, өзін-өзі ұстау, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, барлығын да бапкер шәкіртіне үйрету керек. Сонда бала үлкен ареналарда айқасқа түскенде абыржымай, өзін еркін ұстайды.

Спортқа ғылым деп қарау деген не? Менің Бразилияда, АҚШ-та, Еуропа, Азия құрлығындағы елдерде бапкер достар, әріптестерім бар. Олардың көбі профессор. Спорттан ғылыми профессор атағын алған бапкерлер.

Бәрі де сондай деп қаралай алмаймын, десе де бізде қарадүрсін бапкерлер де бар. Жанып тұрған баланың отын өшіріп, жеңіліп қалса желкелеп, тіпті, тоқпақтың астына алатындарды да көріп жүрміз. Тағы біреулер бар, атақ-даңқ, жетістікке тым ерте жеткісі келіп, талшыбықтай иілгіш жастарды зорықтырып, артық салмақ артып, жігерін жасытады. Бұл да дұрыс емес, әр нәрсе өзінің уақытымен жүзеге асуы керек.

Баланың денсаулығына зиян келтірмеу үшін олардың ынтасын құртпаудың басты амалы – спортқа ғылым ретінде қарау. Ел ағасы Ерболат Сапарұлы басшылық ететін біздің «Sagadat Batyr – QTT» спорт клубының бапкерлері де, шәкірттері де спортшы білімді болуы керек деген ұстанымда. Спортшының парасаттылығы біліктілігінен байқалуы керек.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Іле ауданы

Алматы облысы