БАЯНДЫ БОЛСЫН БАҒЫҢ, ҚАЗАҚ!

Уақыты: 20.02.2017
Оқылды: 1287

Алатаудың баурайында күллі әлемнің жастарының басын қосқан Универсиада ойындары өткені баршамызға аян. Ақ қар үстінде  өнерімен айшықталған спортшылар тиесілі жүлдесін алып, мерейлерін өсірді. Айдарынан жел ескен таланттардың арасында біздің де саңлақтар бой көрсетіп, ел абыройын асырды. Дүбірге толы он күн өзінің қызығымен көптің жүрегіне жылы ұялап, көпке дейін сақталатыны сөзсіз. Осы орайда жағымды жаңалықты ашқым келеді. Жарыстың басынан аяғына дейін тамашалап, жастардың өнеріне қанық болған біздер бір саңлақты ерекше атап айтуды жөн көрдік.

Сонымен, «Медеу» мұз айдыны. Жарыс басталатын уақыт жақын. Жалмажан, орнымызға барып, додаға қатысатын спортшылардың тізіміне көз жүгірттік. Алғашқы болып шығатын қыздар командасы. Мұз айдында зулаған корей, жапон қыздарының жылдамдығына көз ілеспейді. Бірінен бірі озып, белгіленген айналымды уақытынан бұрын аяқтау. Екі мемлекеттің спортшыларына тең келер ешкім жоқ. Ақыры жапон қыздары алтынға қол созды. Көк киімді киген қазақ конькишілері жүлдеге жете алмады. Ендігі кезек ұлдарда. Айдынға Қытай құрамасы мен корей ұлдары шықты. Тізім бойынша жарыс жолына шыққан спортшыларды таныстырып жатыр. Корейден кейін Қытай еліне кезек келді. Хабарлаушы екі, үш әріптен тұратын Қытай есімдерін зулатып ала жөнелді. Бір кезде топтың ішінен сұңғақ бойлы, Қытай құрамасының спорттық жейдесін киген жігіт шыққанда Дәстүр Тұрсынхан дегені бар. Алғашында құлағымыз шалыс естіді ме, деп ойладық. Жоқ, рас екен. Қолымыздағы тізімде де, ағылшын әріптерімен дәл солай жазылып тұр. Құлағымыз елеңдеп, жүрегіміз жібіп сала берді. Неде болса, қандас бауырымыз, жарыс бітсін, жанына жақындаймыз деген ой қылаң берді. Ендігі көзіміз, сол жігіттің өнерінде. Стартта тіз қатар тізілген конькишілердің ішінде ерекше көріне ме қалай? Әйтеуір, бір жылылық бар. Белгі берілді, көмбеден ытқыған тұлпардай зулап шыға келді. Алатауды айналғандай Медеудің мұзынан қар қырып, айдынды кескілеп келеді. Елдің спортшысы жоқ болғасын, қаным қазақ деген намыс алға жетеледі. Бар ойымыз Дәстүрдің жолына сеніммен қарау. Жанкүйерлік танытып, жүлденің ауылына қолмен жетектегендей күй кештік. Шетте жүрсе де, қазақ баласының айдарынан жел ессе екен деген тілегіміз басым. «Жарайсың, Дәстүр!», – деген дауыстар естіле бастады. Бұл мұз айдынды айнала отырған қазақ жанкүйерлерінің дауысы еді. Осылайша бар күшімізбен қолдау көрсетіп, жарысты да тамамдадық. Өкінішке қарай, Дәстүр жүлдеге іліне алмады. Әттең-ай, қара домалақтың тұғырда тұрғаны Алатаумен астасып ақ кетер еді. Бірақ, оны көре алмадық. Енді Дәстүрді бауырымызға басып, жақын әңгімелессек деген ойымызды іске асыруға асықтық. Барлығы біз ойлағандай бола ма? Қолымыз жеткенімен әңгімеге тарта алмадық. Жарыстан кейін Қытай құрамасы барлық спортшыларын атлеттер ауылына алып кетті. Біздің аңдығанымыз атлеттер ауылы. Дәстүр жатқан үйдің есігін ашу. Доданың шарты бойынша ол жерге біздің кіруге құқығымыз жоқ. Тек қарауылдың бергі жағына біз аңсаған адамды шақырып алу. Осылайша ойға шомып, қалай жолықсақ деп алаңдап отырғанда көңілдегі күдікті кішкентай ғана Кәусар есімді қыз сейілтті. Сонымен есіктің алдында телміріп тұр­ғанымызды байқаған ерікті қыз қа­сы­мызға келіп, сыпайы ғана тіл қатты. 
– Амансыз­дар ма, ағалар? 
– Аманбыз, қарындасым!
– Сырттарыңыздан байқап тұрмын, біреуді іздеп жүрген кісілерге ұқсайсыздар. Соған қарағанда өте құрметті адам немесе көптен бері көрмеген жан болу керек. Сағыныштарыңыз сырттарыңыздан байқалады, – деді.
– Айналайын, дәл таптың. Өзің кім боласың, есімің кім?
– Менің атым Кәусар.
– Қытай елінен келген қазақ қызымын. Универсиадада ерікті болып жұмыс істеп жүрмін, – дегені.
Қандай керемет, көктен іздегенім жерден табылғандай қуандық. Кәусар қыздың көмегі бізге ауадай қажет еді. Кішкене ғана қарындас­тың сыпайылығы мен аңғарымпаздығы бізді қуантты. Өзі Қытай елінде туып өскенімен Алматыда мектепте оқып жатыр екен. Ата-анасы сол жақта. Өзі атажұртқа келіп, білімін жалғастыруда. Сонымен біз жөнімізді айттық.
– О, ағай, мен ол кісіні танимын, менде Дәстүрдің телефон нөмірі де бар. Қазір мен сіздерге ол кісіні шақырып бере қояйын, – деп жүгіріп кеткені. 
Айналайын-ай, ол да бауырмалдық көрсетіп, қайтсем қандастарыма көмек жасасам деген тілегі. Жүрегі де алып-ұшып, ел деп сағынышын басқаны ғой. Көмек қолын созған қарындасыма алғысым шексіз. Сонымен көп ұзамай,  іздеген Дәстүрдің қолынан жетектеп бізбен табыстырды.
Еңселі жігіт екен. Жол бойы Кәусар қыз бар жағдайды түсіндірсе керек, бізді көріп қазақы салтпен амандасып, құшағына басты. 
Сонымен біз іздеген конькиші Дәстүр Тұрсынхан әңгімесін бастады.
– Ең алдымен Қазақ халқына рахметімді айтамын. Келгелі алақандарына салып, маңдайым­нан сипап жатыр. Атажұртқа алғашқы аяқ ба­суым. Жүрегім езіліп кетудің аз-ақ алдында тұр. Қытай­дан шығар алдында да дәл осылай толқып едім. Универсиада ойындары Қазақстанда өтеді дегенді естіп, біліп жүргенмін. Іштей қуанып, шіркін, сол додаға қатыссам деген арман болды. Үрімжіде жаттығып жүргенімде құрама жасақталып, сол жасақтың сапына енгеніме қуандым. Сол күннен бастап, мазам қашты. Қазақстанда өтетін додаға асықтым. Уақыт шіркін өтсеші, өзім сол жақта болсам да, ойым мен рухым атажұртта жүргендей күй кештім. Ақыры ол күн де келіп жетті. Ұшақтан түсіп, аяғым қазақ топырағына тигендегі көңіл-күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ол бір әлем, –  деп дауысы дірілдеді. 
Рас, біз де сезіп отырмыз. Елге деген сағынышы мен толқынысын  әңгімелей отырып, көмейіне өксік тығылғаны байқалады. Әрине, өмір бойы аңсаған атажұртына алғаш рет аяқ басу кімнің болса да жанарына жас үйіртетіні анық. Сонымен Дәстүр сәл ойын жинақтап алып, әңгімесін ары қарай жалғады. 
– Елге келгесін үлкен додаға қатысу басты міндетім. Қатысып қана қоймай жүлдеге қол жеткізсем деген ой болды. Қазақстанда алған жүлдемнің салмағы ауыр. Универсиаданың жүлдесі менің ең үлкен жеңісімнің бірі болар еді. Өкінішке қарай ол арманым орындалмады. Командалық жарыста да қолымыз жетпеді. Екі секундқа қалып келіп, төртінші орыннан көріндім. Өкінетін ештеңе жоқ. Бастысы атажұрттың ауасын жұтып, додасында бақ сынадым. Осы менің көңілімді көтерді. Оның үстіне көптен бері көрмеген ағайындарыммен табыс­тым. Жарысқа келетінімді естіген туыстарым қолдау білдірді. Олар осы жақта тұрады. Жарыстан кейін кездесіп, әңгімелесіп, сағынышымды басып, қуанып қалдым. Бұл жарыс кезіндегі менің шаттығым. Ал жеке өз өмірімді баян етейін.
– Мен Шыңжаң автономиялы аймағының Тарбағатай деген жеріненмін. Қазір Үрімжіде тұрамын. Сол жердегі Үрімжі университетінде дене шынықтыру мамандығы бойынша тәлім алып жатырмын. Бүгінде төртінші курс студентімін. Үйдің үлкенімін, менен кейін Ділдана деген қарындасым бар. Әкемнің аты Тұрсын, анамның есімі Мергүл. Анам үй шаруасында, әкем болса жеке кәсіппен айналысады. Ал спортқа қалай келдің десеңіз, ол да бір қызық. Алғашында балуан болуды армандадым. Кішкене кезімде ауыл баласымен жұлқыласып, күрес әліппесін де үйрендік. Бірақ анам қарсы болды. Құлағы сынып, мыжырайып жүргенді ұнатпаймын, оның үстіне қауі­пі көп спорт, бір жеріңді мертіктіріп аласың деді. Сен одан да, коньки спортына бар деді. Нағашы жұртымда балуандар көп шыққан. Күрес өнерінің қиындығын көп көргесін бе, анамның балуандыққа баруыма қарсы болғанын енді түсініп жүрмін. Сол кездері біздің жақта қысқы спорт түріне деген қызығушылық жоғары болатын. Әлі де жаттығатындардың қарасы көп. Жасым он екіге келгенде Берікбол деген ағайым мені осы спорттың түріне баулыды. Мектеп бітіргенше ағайымның қолында болдым. Кейін орталықтан конькимен жүгіретін балаларды іздеп арнайы мамандар келді. Сол кезде мені Берікбол ұстазым сол кісілерге табыстады. Кейін Үрімжі университетіне оқуға түсіп, кәсіби спортшы болуға талпындым. Бапкерлерім де бар күш-жігерін арнап, тұрақты жаттығуға бел буды. Жеткен жетістігім көп емес. Ішкі мемлекеттік бәсекеде жүлдеге ілініп жүрдім. Ең жоғары нәтижем төрт жылда бір келетін Қытай спартакиа­дасы. Міне, осы додаға қатыстым. Ол жақта бұл сынға қатты көңіл бөледі. Оны жеңіп шыққан адам, ұлттық құраманың сапына енуге мүмкіндік алады. Мен сол сында командалық сапта бірінші орынды алдым. Жекелей сында алтынға қол жеткізе алмадым. Қола медальді қанағат тұттым. Бұл менің қазірше ірі жетістігім. Жас болған соң шет мемлекеттегі жарыстарға да шыққан жоқпын. Тек, Канадаға оқу-жаттығу жиынына бардым. Басты мақсаттың бірі – Қытайдың ұлттық құрамасының сапына ену. Ал сіздің «Өзіңнен басқа қазақ балалары бар ма?» – деген сауалыңызға жауап айтайын. Әрине бар, Қытайда бұл спортпен шұғылданатын қандастар өте көп. Дәл менімен бірге жаттығатын Аршын Сәкенқызы деген замандасым мен Рахымбай деген ағайымыз бір бапкердің қол астындамыз. Керісінше мына жақта қазақ балалары аз екен. Келгенде Қазақстан жастар құрамасының сапындағы қазақ балаларын іздедім. Өте аз, жоқ десе де болады. Олармен сөйлесіп жағдайды сұрағым келді. Өкінішке орай жоқ екен. Ал мына бір қызықты айтайын, Қазақстан құрамасында бір қара нәсілді жігіт бар. Есімін ұмытып қалдым. Сол қазақша біледі екен. Екеуміз қазақша сөйлестік. Мұны көрген еріктілер Қытайдың қазағы мен қараторы бала қазақша сөйлесіп тұр деп күлді. 
Дәстүрдің әңгімесі тыңдаған сайын қызықтырып барады. Біздің де көкейімізде жалғыз сауал. Елге келгің келе ме?
– Атажұртты сағынатыным рас, ол арманым. Алдағы уақытта көре жатармыз дегенде тағы да көзіне жас іркілді. Ары қарай айтпай-ақ қояйыншы деген шырай танытты. Тіпті қыстығып, дауысы дірілдеп, жан-жағына жалтақтай берді. Иә, оны біз жақсы түсіндік. Заң қатал, кім біледі, жақсылық жасаймыз деп отырып, мақсатынан айырып алармыз деген ой келді. Сырттай айтқанымен жүрегі жылап, ел дегенде емешегі үзіліп тұрған Дәстүрді жақсы түсінеміз. Құшағымызға басып, бауырымызға тарттық. Өзі де бізен сөйлескеніне қуанып, қайта-қайта алғысын білдіре берді. Әңгімесін жалғай отырып, ел жайлы сөз қозғағысы келеді. Іштей қорқыныш бар. Алысқа бармады. Ал біздің мына жақтан ұсыныстар түсіп жатса қалай болады? – деген сауалымызға да жауап қатты.
– Егер елден ұсыныс түсіп жатса келмеске амал жоқ. Қуана келемін, ел спортын көтеруге дайынмын. Ерте ме, кеш пе, атажұртқа келетініміз анық қой. Дәл мына күні деп айта алмаймын. Ал оған дейін спорт мамандары шақырып жатса, кедгісі бары біздің де жүрегімізді толқытып жіберді. Қазақстанның жаңалықтарын бақылап жүресің бе, спортшылардан кімдерді танисың?
– Қанатты жақсы көремін, сосын Қазақстанның атын шығарып жүрген Геннадий Головкин және естеріңізде болар, Қытайда ережесіз жекпе-жек өтіп, екі қазақ жұдырықтаспай жарыстан шығып кеткенін. Міне, сол доданы өз көзіммен көрдім. Нағыз бауырмалдық пен сыйласымдылық осы екі спортшының бойынан табылды. Жүрегім жарылып кете жаздады. Қазақтың қасиеттілігі мен ұлылығы осында деп білемін. Сондықтан елдегі жаңалықты қалт жібермеймін. Әр қуанышы мен қайғысы менің жанымды тербетеді. 
Мына сөзден кейін біз де сауал қоюды доғардық. Барлық сауалдың жауабы, тіпті әңгімеміздің тұздығы да осы болды ма деп ойлаймын.

ТҮЙІН:
Аспанасты елінен атажұртқа келген Дәстүр Тұрсынхан Көк тудың түсіндей қағазбен қапталған «Қазақстан» шоколадын, қазақтың тері тымағын, анасына алған шыт көйлегін сөмкесіне салып, ұшаққа қарай бет алды. Аяңдап басып бара жатып, бізге қол бұлғады. Бізге емес, бүкіл елге қол бұлғады. Сағыныш пен қимастықтың қоштасуы алмас қылыштай біздің жүрегімізді бір шауып өтсе, Дәстүрдің жанын тілгілеп барады. Біз оны сездік, іштей баянды болсын, бағың ҚАЗАҚ! – деп тілектестігімізді жолдадық.

Ришад Тұрғанбаев