Өзбектен есе қайтардық

Уақыты: 21.02.2017
Оқылды: 1302

«Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным», дегенді осындайда айтса керек. Қасқыр мінез қазақтың қабағын жарып, ашуына тиіп алдың-ау, Робсон! Қан көрсе өршелене түсетін Қазақтың мінезін білмейсің-ау, шамасы. Алыстан соққы бағыттап жүре бергеніңде екі-үш раундқа шыдар едің. Маңдайын жарсаң дағы маңдайға жазылғанын жібермейтін Қанат Ислам мұндайды кешірмейтін боксшы. Енді білген боларсың, қазақтың қайсар ұлының жұдырығын. Айналасы екі минутта жер бауырлағанда бекер істедім дегенің кеш. Нағыз боксшыға лайық бокстассаң болар еді. Арам ойың іске аспай, баспен соғып, меселін қайтарам дедің бе? Әй, қайдам. Ондай қулықтың талайын көрген Қанат оң қолының ауыр соққысымен Ассистің аяғын аспаннан келтірді. 

Жарайсың, қазақтың Қанаты!
   Бұл таңмен таласа Алаш жұртын ұйқысынан оятқан Қанат Исламның жеңісі. Мұхит асып, «Қазақ» деген атаумен Алаштың атын әлемге паш еткен саңлаққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сол күні Жетісу жерінде де үлкен дүбір өтті. Бокс десе дүрк көтерілетін Жетісу жұртшылығы «Жастар» спорт сарайына ағылды. 
Бүкіләлемдік бокс сериясының екінші кездесуін «Астана арландары» командасы Талдықорған қаласында өткізді. Ресейді тас талқан еткен біздің жігіттер Жетісу жерінде Өзбекстанның «Өзбек жолбарыстары» командасымен қолғап түйістірді. Таңғы жаңалықты естіген біздің жігіттер Қанат ағасының жеңісінен қуат алғандай шаршы алаңда шиыршық атты. Бұл бәсекеде бес салмақ дәрежесінде сынға түсті. Өзбек боксшылары да оңай шағылар жаңғақ емес. Өз елінің бірінші нөмірлі деген шеберлерін әкеліпті. Риода алдымызды орап кеткен ала шапанды ағайындар, бұл жолы да олжаны қармап қалмақ. Бірақ оған біздің арландар көне қоймас. Сонымен Рио төрінде жүлдеге қолы жеткен өзбектің үш боксшысы атағымен жер жарып тұр. Данияр Елеусіновтың маңдайын аңдып, бір соққысын өткізе алмай кеткен Ш. Гиясов, қазақта кеткен есесін осы жолы қайтарам дейді. Ақтық сында Жәнібектің мысын басам деп, кубалық Лопеске оңбай ұтылған Мелкузиев те осал емес. Аброржон Қадыров та Риода қола алған боксшы. Талай мықтының алдын көрген қазақ боксшылары тас шайнап, құм түкіретіні анық. Осылайша көптен күткен бокс кеші де басталды.
Бірінші болып шаршы алаңға арландар командасының капитаны 52 келі салмақта Олжас Сәттібаев пен Аброржан Қадыров шықты. Бірінші сәттен бастап, жұдырықтың астына алған Олжас қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Соққысын қарша боратып, Қадыровты мақсатына жеткізбеді. Бес раунд бойы қуып жүріп сабаған Олжас жеңіске жетті. Кездесудің басын жеңіспен бастаған арландар командасы одан ары ширыға түскендей. Екінші болып, 60 келі салмақта Зәкір Сафиуллин Риода қола алған Муроджон Ахмадалиевпен қолғап түйістірді. Сол күні Зәкірдің келіншегі босанып, дүниеге ұл әкелді деген хабар жеткен. Қуаныштың қарқыны еселене түскендей Зәкір шаршы алаңда атой салды. Атағынан ат үркетін Муроджонға бас көтертпеді. Шаршы алаңда бас сауғалап, қорғанумен ғана болды. Ауыр соққылары өзбек боксшысының бетін ел көшкендей жасады десем артық айтпағаным. Өзінің дәрменсіздігін білген Муроджон қазақ боксшысының алдында тізе бүгуге тура келді. 69 келіде шайқасқан Асланбек Шымбергенов пен Шахрам Гиясовтың кездесуі де тартысқа толы болды. Талай дүбірдің тұғырынан қол бұлғаған Гиясов жақсы жағынан көрінді. Бірінші-екінші раундта басымдықты өзіне алды. Ойқастап жүріп соққылаған Шахрам, біздің ұлдың бетін көк-ала қойдай жасады. Артынша есін тез жиған Асланбек үшінші-төртінші раундта есе қайтарды. Бір-бірін төпелетіп соққылаған боксшылар жанкүйерлердің айызын қандырды. Есепті теңестірген Асланбек соңғы раундта тіпті қарқын алды. Аңдып жүріп, соққысын дәл тигізген жерлесіміз жеңісті жұлып алды. Осылайша алғашқы шыққан үш боксшымыз жеңіске жетіп, Бүкіләлемдік бокс сериясындағы екінші кездесуінде де жеңіске жетті. Сонымен 81 келіде шаршы алаңда жолыққан Нұрдаулет Жарманов пен Бектемир Мелкузиевтің бәсекесі де қызықты болды. Риода ақтық сында біздің Жәнібекпен жолығады дегенбіз. Өкінішке орай уысымызға түспей кетті. Жолы болған Бектемир финалда кубалық Лопеспен жолы түйіскенін білеміз. Күмісті қанағат тұтқан Өзбек боксшысы бұл жолы да мықтылығын дәлелдеді. 2015 жылы Азия чемпионатында жартылай финалда Жәнібек Әлімханұлын жолынан тайдырып, чемпиондық атаққа қол жеткізген боксшы бұл жолы да есесін жібермеді. Нұрдаулетті басымдықпен жеңді. Ал +91 келідегі Қамшыбек Қоңқабаев пен Баходир Жалоловтың бәсекесі тамаша өтті. Психологиялық жағынан сынып қалды ма, өзбек мықтысы бірінші раундтан бастап сылбырлық танытты. Осыны жақсы пайдаланған Қамшыбек еш кемшіліксіз кездесуді сәтті аяқтады. Осылайша 4-1 есебімен «Астана арландары» командасы жеңіске жетіп, бас бапкер Нұрлан Ақүрпековтың айы оңынан туды.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ