"ФУТБОЛ ПАТШАСЫ КІМ?" КОММЕНТАТОР ЕРМҰХАМЕД МӘУЛЕННІҢ ЗЕРТТЕУІ

Уақыты: 17.05.2020
Оқылды: 1212

Махаббат – мәңгі тақырып. Футбол да солай. Бұл асыл ойын пайда болғалы бері оның төңірегіндегі талас-тартыс еш толастаған емес. Сол футбол ойынының айналасындағы мәңгі тақырыптың бірі адамзат баласының тарихындағы ең ұлы футболшы кім деген сауал. Футбол падишасы Пеле екенін жазып, тарихи жылнамаға енгізіп жібергеніміз қашан. Бірақ Марадона да оңай емес еді.

Өз кезінде Пелеге тең келер ойыншы болған жоқ. Десе де, заман өзгерген сайын, ел жаңарған сайын ойлар да өзгеріп жатыр. Енді жетістік пен нәтижені, статистика мен әдемі ойынды бөлек-бөлек қарастыратын жағдайға жеттік. Пеленің патшалығы сонда неде болып тұр? Неге ол Әлем футболының патшасы?

Әлбетте, ол үш дүркін Әлем чемпионы. Ондай адам мынау жер шарында әзірге жоқ. Бірақ, жақын арада ондай адамның да пайда болатынына сенімдімін. Үкілеген үміткерлер де жоқ емес. Мың гол соққан бразилиялық шабуылшы өз дәуірінде пір болды. Қиыннан қиыстырып гол соғуы, алаңдағы қимылы, барлығы да өнер еді. Осы ортада өз-өзіме қарсы шығып мынадай ой айтайын. Бәлкім, ол сондай бірінші ойыншы болған шығар. Мүмкін Пеледен кейінгілер одан да асырып мықты ойнаған болар.

Пеленің патша болуының бір себебі, футболды телеарналардың көрсете бастауы. Ең алғаш Швециядағы чемпионат тікелей көрсетілді. Сол жерде Пеле жасындай жарқылдады. Оның үстіне сол заман нәсілшілдікпен күрестің ең алғашқы ірі қадамдары жасалынып жатқан тұс болатын. Пеле қара нәсілді. Ондай адамның да жаһандық масштабта мойындалуына жол беру үлкен қадам болды. Пеле соққан мың голдың біршамасына елдің күмәні бар. Ол Еуропада ойнамады. Спорттағы саналы ғұмырын «Сантоста» өткізді. «Сантос» Бразилия біріншілігіне дейін өз аймағының біріншілігінде ғана ойнаған. Заманның кең кезінде Пеле бір ойында пента-трик, қала берсе покер, дым болмады дегенде хет-трик жасап отырыпты. Ол жердегі біріншіліктің деңгейі де бізге беймәлім.

Сол уақытта өмір сүрген Сейдахмет Бердіқұлов Пелені көргенін, тіпті, сұхбат алған түрік ағайындармен де таныс екенін айтады. Кейіннен Мехико чемпионатында Пелемен бірге отырып кофе ішкенін жазады. Ол кезде атақты бразилиялық Чили құрамасы бапкерінің көмекшісі болатын. Сонда түрік журналисі (өзі кезінде қақпашы болған) «Пеленің 10 қателігі» деген кітап шығарады. Қателіктердің ішіндегі ең бастысы, Пеленің командадағы әріптестеріне көп сөз өткізе алмауы. Әріптестеріне ақыл айту мүлде болмаған. Теориялық тұрғыда еш білімі жоқ. Тек қара дүрсін ойын ойнайды екен. Жасыл алаңда жағдай қалай шығады, сол мезетте бір амалын қарастырады. Былайша айтқанда, суырыпсалма. Содан болар, Пеле бапкерлікті бірден қойып кетті. Үш дүркін чемпион атағымен абыройлы түрде футболдан алыстап кете берді.

Одан сәл кешірек туып, футбол көгіне жарқ етіп шыққан Марадонаның не кінәсі бар? «Футбол патшасы – Марадона» деп жүрген жанкүйер қауымның да біршама екенін білеміз. Марадона атында табынатын шіркеу де бар. Ол шіркеудің қайда екенін сұрасаңыз тағы да бір тылсымға тап боласыз. Росарио қаласында. Иә, қазіргі дүлдүл Мессидің туған қаласы.

Марадона Әлем чемпионы атағын бір рет, күміс жүлдені бір рет алды. Спорттық ғұмырында тек 258 гол соққан. Бірақ, ол Пеле секілді ойнады. Пеледен еш кем түспеді. 1986 жылы Әлем чемпионы болған кезде Диегоның істегені ерлік емей немене? Жалғыз өзі бүкіл құраманы сүйреді емес пе? Командасын қамшылап, алға жетелеп отырды емес пе? Пеледе болмаған осындай қасиеттер аргентиналық аңыз аяқдопшының бойынан табылды. Пеленің командасында Гаринча, Вава секілді Пеледен сәл ғана кемшін түсетін ойыншылар жүрді. Ойынның басым бөлігін солар жасады. Ал Марадона ойнаған командаларда ондай ойыншылар аз болды. Оның үстіне Диего Арманда Еуропа футболын да бағындырды. Италия біріншілігінде гол салу өте қиын заманға тұспа-тұс келді. «Наполи» сапында чемпион атанды. «Барселонамен» де біраз жарыста жеңіске жетті. УЕФА кубогының иегері. Бұл футбол күрт өзгеріп, қорғаныс басты орынға шыға бастаған сексеннің соңы мен тоқсанның бастапқы жылдары болатын.

Миллиондардың пірі болған Марадона үш дүркін Әлем чемпионы болмады. Бірақ, футбол патшасы әлем чемпионатын ең көп жеңген ойыншы атанатын болса, онда Килиан Мбаппе секілді футболшылар бұл рекордты бұза салуы да ғажап емес. Онда не болады? Футбол патшасын қайта сайлаймыз ба?

Пеленің бір артықшылығы, ол футбол патшасы атағын абыроймен алып жүрді. Қайырымдылық істерге атсалысты, әлемдегі футболдың дамуына үлес қосып, ел-елді аралады. ФИФА-ның уәкілі болды. Ал Марадона ше? Ол 1994 жылғы Әлем чемпионатының кезінде допингпен ұсталды, кейіннен анаша шегетінін де мойындады. Ішімдікке салынып, талай жерде дүрбелең жасады. Қыздарға қырғидай шүйлікті. Денсаулығы сыр беріп, талай мәрте өлім аузынан қалды. Бапкер болып та жарытпады. Әйтсе де арыстанның аузынан тіс түскенде ақырып та күн көреді емес пе, сол секілді жиған абыройдың арқасында шалқып өмір сүріп жүр. Дей тұрғанмен, бұл да салыстырудың негізгі түйіні дей алмаймыз.

Пеле – футбол патшасы, оны қайта қозғаудың не керегі бар деп отырсыз ба? Дегенмен, сәл талдап көргеннен еш жеріміз кеміп қалмас, шапанымызды ешкім шешіп алмас. Пеленің Әлем чемпионаттарында соққан голдары әдемі ме? Иә, бірлі-жарымы жаман емес. Ол кездегі қорғаушылардың ойыны Пелені қуып жету, аяғындағы допты тартып алу еді. Пеле жалған қимылмен екі қорғаушыны бір мезетте алдап, қаққан қазықтай қатып тұрған қақпашының қасынан соққы жасаған. Ал Марадона заманында қорғаныс өзгерді. Доп өтсе де футболшы өтпесін деген қағида болатын. Яғни, қорғаушылар көп жағдайда жарты метрлік, ал Марадона секілді ойыншыларға келгенде бір метрлік арақашықтық сақтайтын. Ол позициялық есеп еді.

Пеленің кезінде мұндай ойын болмады. Тіпті, Диего үлкен жылдамдықпен келе жатып, дриблинг жасағанда жата қалып, қос аяқпен шалып құлататындар шықты. 1986 жылы ол жарты алаңды басып өтіп, қорғаныстан басталған шабуылды жеке шеберлігінің арқасында түйіндейді. Керек десеңіз, сол мундиальда қолмен де гол соқты. «Альбиселестенің» чемпион болуы үшін аяғынан да, қолынан да келетін істің бәрін жасады. Марадонаның пастарынан қаншама гол салынды. Пеленің асистенттік жасап, айып алаңның ішінде жомарт болғанын еш жерден оқи қоймадық.

Сөзсіз, әр заманның өз қаһарманы бар. Шабуылшылар да өзгерді. Соңғы Әлем чемпионатын жеңген Францияның шабуылшысы Оливье Жиру қалай керемет ойнады. Ірі денесін пайдаланып әріптестеріне пас берді, айып алаңының ішінде қорғаушыларды ығыстырды. Бірақ, Франция Әлем чемпионы болған мундиальда Оливье бірде-бір гол салмады. Міне, қазіргінің шабуылшысы.

Статистикадан Пеле мықты. Мың гол (ресми деректе 560) мен үш дүркін Әлем чемпионы деген атақтар Марадонаны төменге сырғытады. Әдемі ойын? Менің ойымша Марадонаның ойыны әдемірек болған сыңайлы. Тарихи голдары мен іс-әрекеттері, қоғамда жұлдыз болуы, медиа тұлға болуы Пеледен асып түседі. Әлемнің танымал телеарналары мықты ойындар кезінде Пелені емес, Марадонаны маман ретінде шақыруға тырысады. Себебі, ол мінезді, пікірі өткір, керек десеңіз көңіліне жақпаған, ойыны ұнамаған, тактикасы солғын кез келген бапкерді сын садағына іліп тастай салады. Пеледе ондай қасиеттер жоқтың қасы.

Бразилиядағы бір телебағдарламада бұл екі тұлға кездесті. Екеуі де бір-бірін мойындады. Бірақ, жанкүйер қауымның пікірі екі бөлек. Сөзталқы мұнымен біте қоймайды. Табиғи ойындарымен ерекшеленген таланттар күллі әлем жанкүйерінің жүрегін жаулады. Дегенмен, әр заманның өзінің мықтысы болады екен. Мысалы, Ньютон мен Эйнштейнді қалай салыстырасыз. Ертеректе ғұмыр кешкен Ньютонға қарағанда Эйнштейннің білімі әлдеқайда зор болды ғой. Кейіннен Эйнштейннің біліміндей білімі бар қаншама адам пайда болды. Бірақ олардың бәрі қазіргі дәуірде соншалықты ғаламат құбылыс болып саналмайды ғой.

PS: Ал одан кейін футбол сахнасына бір мезетте екі алып шықты. Ол Лионель Месси мен Криштиану Роналду. Бұл екеуінің арасындағы тартыста кім мықты екен?

Ермұхамед МӘУЛЕН,

спорт журналисі

Сурет ғаламтордан алынды