Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"САЯСАТ СОЛАЙ БОЛДЫ": АМАНЖОЛ БҰҒЫБАЕВТЫҢ АРМАНЫ НЕМЕСЕ СПОРТТАҒЫ ӘДІЛЕТСІЗДІК

Уақыты: 07.06.2020
Оқылды: 424
Бөлім: АЛАМАН

КСРО дәуірінде әділетсіздіктің азабын молынан тартқан спортшыларымыздың бірі – еркін күрестен КСРО чемпионы, КСРО кубогының иегері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Аманжол БҰҒЫБАЕВ. Аманжол Күнболатұлы Сарқан ауданы, Алмалы ауылының тумасы. Балалық шағы Басқан өзенінің жағасында өтті. Өзінің ауылдасы, қазақтың даңқты балуаны Әбілсейіт Айханов ағасына еліктеген ол, жастайынан еркін күресті серік етті. Кейіннен Әбілсейіт те, Аманжол да КСРО құрамасы сапына қабылданып, талай дүбірлі додаларда дараланды. Алайда екеуінің де жолы өте ауыр болды. Өздерінің мықтылықтарын сан мәрте дәлелдесе де, орыс бапкерлерінің қос қандасымызға іштері бір жылымай-ақ қойды. Мәселен, Аманжол аға КСРО чемпионы, КСРО кубогының иегері атанса да, аса ірі халықаралық жарыстарда бақ сынау құрметінен қағылды. Талай аламанда топ жарған Аманжол ағамыздың әңгімесін өз аузынан естиік. Бірге оқиық.

АҒАҒА ЕЛІКТЕДІК

Біздің ауыл – Алмалы деп аталады. Ол Жетісу өңірінің ең бір көрікті жерлері – Сарқан қаласының іргесінде орналасқан. Дәл жанымызда Басқан өзені сарқырап ағып жатыр. Сол Алмалыдан алғашқы болып топ жарып шыққан Әбілсейіт ағамыз еді. Ол кісінің менен алты жас үлкендігі бар. Көрші көшеде тұратын. Бір-бірімізді жақсы танимыз. Орта мектепті та-мамдаған соң Әбекең Алматыға кетті, сол жақта күрес өнерін меңгерді. Бірте-бірте даңқы шарықтап, республикамыздың бас балуанына айналды. Ара-тұра газет беттерінен Айханов туралы жазылған мақалаларды көріп қалсақ, кәдімгідей қуанамыз. Енді ше, алақандай Алмалы ауылынан шыққан азаматтың алты Алашқа атағы жайылса, бізге де абырой ғой. Кейіннен ол кісінің жолын сарғая тосатын болдық. Бір күні Әбілсейіт аға ауылға келгенде, арнайы жолығып, балуан болғым келетінін ашық айттым. Ол кісі: «Оқуды бітіргеннен соң Алматыға кел. Егер пейілің дұрыс болса, балуандық өнермен шындап шұғылдануға ниеттенсең, қолдан келген көмегімді аямаймын», – деді.Сол бірауыз сөз маған кәдімгідей демеу болды. Өз-өзімді іштей дайындадым. Онжылдықты аяқтағаннан соң спорттың соқпағына түсу мақсатымен Алматыға аттандым.   

АТАЛЫ СӨЗГЕ ТОҚТАДЫМ

Әуелде анамның мені Алматыға жібергісі жоқ еді. Ол кісіні де түсінуге болады. Шешем Жәкен 15 құрсақ көтерген жан. Бірақ бәрі шетінен шетінеп кетті. Сол 15 баланың арасынан үшеуміз ғана аман қалдық. Мен туғанда анам ырым қылып, шекеме қара күйе жағып, бүкіл ауылды тегістей аралап шыққан екен. Жақын арада босанған әйелдердің үйіне барып, барлығына мені алма-кезек емізді. Бәлкім, сол аяулы аналардың ақ сүті менің бойымда бұла күштің пайда болуына септігін тигізген болар деп ойлаймын. Ал менің бар ойым – спорттың соқпағына түсіп, әйгілі балуан атану еді. Содан қояр да қоймай, ақыры үй-ішін көндірдім. Киім-кешегімді жиып, Алматыға аттануға ыңғайланып жатқанымда әкем: «Былай үн-түнсіз кеткенің болмайды, балам. Бір-екі күн кідіре тұр. Қой сойып, дастарқан жаяйық. Үлкендердің батасын алсаң, жаман болмайсың», – деді. Аталы сөзге тоқтадым. Мал сойып, көрші-қолаңды қонақ қылдық. Сөйтіп, ақсақалдардың батасын алып, Алматыға аттандым.

ТАҢДАУ

Алматыға сәл кешеуілдеп жетіппін. Келсем, жоғары оқу орындарында емтихандар өтіп кеткен. Амал жоқ, Ұзынағашқа барып, ауылшаруашылығы техникумына түстім. Шыны керек, бұл мамандық мені аса қызықтырмады. Содан бір күні Әбілсейіт ағаны іздеп, Орталық стадионға бет алдым. Сол жерде ауылдас апайым Майра Қасабаеваны кезіктіріп қалып, Әбекеңнің үйін тауып беруін өтіндім. Ол кісі сөзімді жерге тастамады. Сөйтіп, Айханов даярланып жүрген залға келдім. Бұл жерде Қабден Байдосов, Ахметжан Қазымбетов, Сағындық Жылқайдаров, Петр Матущак, Геннадий Трунин сынды күрес өнерінің марқасқалары жаттығып жүр екен. Босағадан аттаған бетте Әбілсейіт: «Ал, бауырым, кіммен күрескің келеді?», – деп  сұраса, албасты басып, еліміздегі ең талантты балуандардың бірі Аманкелді Ғабсаттаровты көрсетіппін.

Ғабсаттаровтың кім екенін ол кезде қайдан білейін? Әйтеуір ол арлы-берлі лақтырып, әбден сілікпемді шығарды. Соған намыстанған мен ауылшаруашылығы техникумынан құжаттарымды кері алып, арнайы күрес үйірмесі бар оқу орын іздедім. Алматыдағы электриктер дайындайтын кәсіби техникалық училищеге түстім. Ол жерде алғашында Кеңес Одағының батыры Сергей Шахворостовтың қол астында классикалық күреспен шұғылдандым. Содан кейін еркін күреске ауыстым. Бірақ мықтылар жаттығатын залға мені көпке дейін кіргізбеді. Өйткені, ол жерде республикамыздың бас балуандары ғана даярланатын. Кешкісін мен стадионға арнайы келіп, біраз уақыт күрес залының терезесінен сығалаймын. Әдіс-тәсілді жетік меңгерген, күрестің қыр-сырына әбден қанық жігіттерге қызыға қараймын. 

Арада екі-үш ай өткеннен соң «Қайрат» орталық кеңесі біріншілігінде бозкілемге шығу бақытына ие болдым. Жамбас, қырқа шалу, белден ілуден басқа әдісті білмеймін. Тек бапкерлердің «қарсыласыңды аяққа өткізбе» деген кеңесін қаперіме мықтап түйгенмін. Бастапқы бәсекеде ұтылып қалдым. Екінші айқаста қарсыласымды көтеріп алып, қандай әдіс қолдану керектігін білмей, Қазақстан құрамасының аға бапкері Қабден Байдосовқа қарай жүгіріппін. Ол кісі: «Ойбай, оны шетке әкеле жатқаның не? Төрешілер ұпайыңды санамай қояды ғой. Бар да кілемнің ортасына апарып таста», – деп айқай салды. Бүкіл зал күлкіге қарық болды. Біраз кідіріп қалған мен қарсыласымды қос жауырынымен жерге қададым. Әйтеуір не керек, сол жарыста тоғыз адамның ішінде төртінші орын алдым. Сонда Алматыға алғаш келгенімде Аманкелді Ғабсаттаровпен күресімді көрген бапкерлердің бірі: «Екі-үш ай даярланып, республикалық жарыста төртінші орынды иелендің. Бұл – жаман нәтиже емес. Егер бір жыл дұрыстап жаттықсаң, бізді де шыдатпайтын түрің бар ғой», – деп езу тартқаны есімде. 

Расында да араға бір жыл салып, «Еңбек резерві» қоғамының республикалық біріншілігінің ақтық сынында танымал балуан Сейітжан Әбдікәрімовты ұтып, бірінші орын алдым. 

ЖАН АЯСАҢ – ЖАУ ЖЕҢЕР

Бірде Латвияда жалауын көтерген «Еңбек резерві» спорт қоғамының бүкілодақтық біріншілігінде бақ сынап, екінші орын алдым. Сол кезде біраз мамандардың аузынан жылы лебіздер естіп, қуанып қалғаным бар. Негізінде бас жүлдені олжалайтындай мүмкіндік болды. Бірақ бастапқы бәсекелердің бірінде құлағымды сындырып алдым. Бұл – балуандардың кәсіби «сырқаты» екені белгілі. Жартылай финалда эстониялық балуан мені жеңе алмайтынына көзі жетіп, ауырып тұрған құлағымнан оңдырмай ұрды. Жаным көзіме көрінді. Кілемдегі қазылық етіп жүрген танамал балуан Август Энгельс «Қой, олай істеуге болмайды» деп оған бір мәрте ескерту жасады. Қарсыласым бұл сөзге құлақ аспай, тағы да жоғарыдағы әрекетін қайталады. Менің қаным басыма шауып, эстондықты аяғынан іліп әкеттім де, әдейі кілемнің шетіндегі еденге барып тастадым. Қарсыласым талып қалды. Дәрігерлер нашатыр спиртін искетіп әзер ес жиғызды. Сонда Энгельстің  риза болғанын көрсеңіз. «Дұрыс істедің, бауырым. Бұндай иттерді осылай жазалау керек», – деп күректей алақанын иығыма салды. Жарыстан соң құлағымнан үш шприц қан алды. Сөйтіп, жарақатыма байланысты финалдық айқасқа шыққан жоқпын. Дегенмен де жүлделі орынға ілігуім спорт шебері атануым үшін жеткілікті болды. Ал 1966 жылы Алматыда өткен КСРО чемпионатында қола медаль алғанан соң, мен ұлттық құрама сапына қабылдандым.

ЧЕМПИОН АТАНДЫМ

1970 жылы КСРО кубогында бас жүлдені олжалағаннан кейін жеке бапкерімнің қалауы бойынша мен кезекті чемпионатқа қатысқаным жоқ. Бұл шешім маған пәле болып жабысты. Ақыры Қазақстанның спорт жетекшілері бір жылға спорттан шеттетіп тынды. Амал жоқ, басқа республикаларға барып күресуге тура келді. Душанбе қаласында өткен дүбірлі жарыста бірінші орын алдым. КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері Гулиевті ұтқан сәт жергілікті басылымдардың бірінде жарияланды. Сөйтсем, мені аттан аударғысы келіп жүрген арамза ниетті біреу сол газетті біздің спорт комитетіне табыс етіпті. «Саған «күреспе» деп айтып едік қой», – деп басшылар тарпа бас салды. Мен ақталып әлекпін.

Сөйтіп, 1972 жылғы КСРО чемпионатының басталуына 20 күн қалғанда шеттету мерзімі аяқталды. Турасынан Талдықорғанға тартып, досым Манарбек Есімовтің қол астында жаттықтым. Өз ағаларымнан көрген қорлықтың өткені соншалық, Минскіде барлық өшті қарсыластарымнан алдым. Олимпиада және әлем чемпионы Загалав Абдулбеков, КСРО чемпиондары Батал Гаджиев пен Шота Папашвилиді ұттым. Финалда Владимир Маркеловпен кездесіп, алғашында әлем чемпионатының қола жүлдегеріне соқыр ұпай да ұстатпадым. Бірінші кезең 8:0 есебімен аяқталды. Ал үзілістен соң көзім қарауытып, басым айналып, оған бірден 11 ұпай беріп қойдым. Қалай болғанын өзім де білмеймін. Әйтеуір ең ақырында жамбасқа салып, жерге алып ұрдым. Бірақ әдіс кілемнің шетінде жасалды деген желеумен еш ұпай қосылмады. Амал жоқ, күміс медальді қанағат тұтуға тура келді. Есесіне 1973 жылы Красноярскіде бастапқы бәсекелерден іркілмей өтіп, финалда Батал Гаджиев және Александр Мцыкпен бас жүлде үшін таластым. Осы үштіктің арасында менің мерейім үстем болып, КСРО чемпионы атағын олжаладым. 

НЕСІБЕМДІ АЛА АЛМАДЫМ

Мен бозкілемдегі несібемді толықтай ала алмай кеттім. Өзіңіз ойлап көріңізші, бақандай жеті жыл бойы КСРО құрамасының мүшесі болдым. Мемлекеттен мол көлемде стипендия алып тұрдым. «Мен, мен» деп кеуде қаққан апайтөс балуандардың талайы мына жаман ағаң – Аманжолдың алдында тізе бүкті. Олимпиада мен әлем чемпионы атанып жүрген жігіттерді сыпыра ұтқан кезім де жоқ емес. Бірақ солай бола тұра үнемі шеттетіліп келдім. Біле білсеңіз, мен бірде-бір рет шетелге шығып, халықаралық жарыста күш сынасып көрген емеспін. Бәрі де сол кездегі содыр саясаттың кесірі.

КСРО заманында құрама бапкерлері қазақ жастарын үнемі шеттетумен келді. Солақай саясаттың құрбаны болған жалғыз мен ғана емес. Алдымыздағы Қабден Байдосов пен Ахметжан Қазымбетов ағаларымыз қандай еді, шіркін. Әбілсейіт Айханов, Аманкелді Ғабсаттаров, Сейітжан Әбдікәрімов, Рамазан Нұрманов, Сайлау Мұқашев, Асқарбек Иманқұлов сынды шеберлердің бақ жұлдыздары жарқырай жануға тиіс еді. Одан кейін Серік Алшынбаев, Мұрат Маяуызов, Аманкелді Жаппаров деген жалынды жастар шықты. Бірақ іштарлық танытқан КСРО құрамасының бапкерлері осы жігіттердің жолын бөгеді. Мені де солардың қатарына қосуыңа болады. Қазір өткен жолыма зер салсам, ішім удай ашиды. Егер байрақты додаларда бақ сынағанымда жеңіс тұғырының биік сатыларына көтерілетін едім. Оған менің қарымым да, қабілетім де жететіні сөзсіз. Бірақ маған халықаралық аренада өнер көрсету бақыты бұйырмады. Арада жылдар өткеннен кейін сол кездері Қазақстан құрамасының тізгінін ұстаған Петр Матущакқа өз ренішімді білдірген едім. «Өзге балуандардан қай жерім кем еді?» – деп батырып тұрып айттым.

Ақсақал қатты ыңғайсызданып қалды. Қызарақтап барып: «Аман, ол кезде саясат солай болды ғой. Өткенді козғап қайтесің?» – деп құтылды. Бірақ менің бозкілемде ала алмай кеткен еншім бар. «Олимпиаданы ұтсам, әлем чемпионы атансам» деген арманым іште өлді. Оған қалай қапаланбаймын?! Арада талай жылдар өтсе-дағы әлі де ол шердің тарқайтын түрі жоқ.

БАПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТ

1996 және 2004 жылдар аралығында ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқардым. 1996 жылы Атланта Олимпиадасында өз шәкіртім – Мәулен Мамыров қола медальді олжалады. Жалпы, Мәулен – бітімі бөлек балуан ғой. Ол 1991 жылдан бастап менің тәрбиемді көрді. Алматыда жүрген жерінен Талдықорғанға шақыртып, өз қарамағыма алдым. Мамыровтың өзге қандастарымыздан артықшылығы – ол өте намысқой, еңбекқор және қайтпайтын қайсар жігіт. Әрбір әдісті шегіне жеткізіп орындамағанша дамыл таппайтын. Міне, осы қасиеттері оны биікке жетеледі.

2000 жылы Сиднейде Ислам Байрамуков, 2004 жылы Афиныда Геннадий Лалиев күміс медальді олжалады. Осылайша өзім жетпеген биікке шәкірттерімді жетеледім. Басқа да ірі жарыстарда қомақты табыстарға қол жеткіздік. Ең бастысы, Тәуелсіздік алғанан соң Олимпиададан құр қол қайтқан кезіміз жоқ. Осының бәрін ескерген басшылар маған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын берді. «Ерен еңбегі» үшін медалімен мараппаталдым. Бұны мен бапкерлік кәсіпте бағымның жанғаны деп есептеймін.

Жазып алған - Ғалым СҮЛЕЙМЕН

Алматы облысы