ЖЕҢІМПАЗ КОМАНДАҒА БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК АТЫНДАҒЫ КУБОК ТАБЫС ЕТІЛДІ

Уақыты: 12.06.2020
Оқылды: 1197

Талдықорғанда бұқаралық ақпарат құралдары арасында кіші футболдан белгілі журналист Бейсен Құранбекті еске алуға арналған турнир өтті. Додаға 6 команда қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы Бейсен ағамыз жайлы жылы естеліктер айтып, ойынның сәтті өтуіне ниеттес екенін білдірді.

Осыдан кейін Бейсен ағамыздың бауыры Төлеген Жанысбеков жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайыс тартысқа толы болды. Публицистика шеберлері ала допты ұршықша иіріп, әдемі ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы үш ойын олимпиадалық жүйе бойынша өрбіді. Яғни, жеңілген командалар жарыс жолынан шығып отырды. Ал жеңістің желкенін көтерген командалар айналмалы жүйе бойынша ойын өткізді.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды «VIP Press» командасы қанжығасына байласа, екінші орынды «Taldy Paris» командасы еншіледі. Ал үшінші орын «Baq United» командасына бұйырды. Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Мақтау қағазы мен медальдар, бағалы сыйлықтар табысталды. Бірінші орын алған "VIP press" командасына Бейсен Құранбек атындағы Кубок берілді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы