Болашақ чемпиондар нысаны

Уақыты: 04.03.2017
Оқылды: 1279

Міне, дүбірімен дүйім елді еліткен 28 дүниежүзілік қысқы «Универсиада – 2017» ойын- дарының да аяқталғанына  біраз болды. Ел тарихында тұңғыш рет студенттердің дүниежүзілік қысқы спорт түрлерінен өткен аламанда  Қазақстан 11 алтын, 8 күміс, 17 қола, барлығы 36 медальді жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тірегенін қуана айтамыз. Қазақстанның намысын қорғаған  спортшылардың толағай табысы ел есінен шықпасы  анық.

Енді ұлы дүбір тынышталып, өмір өз арнасына түскен сәтте ел спортының болашағы мен Универсиадаға арналып салынған су жаңа ғимараттардың жағдайы не болады? 
Ол спорт кешендері  енді кім үшін қызмет етпек? Қарапайым халықтың қысқы спорт түрлерімен осы ғимараттарға келіп айналысуына қаншалықты мүмкіндік жасалған деген көкейкесті мәселелердің  түйінін қарастырып, сүбелі   сұрақтарға жауап іздеп көрсек.
Алматыда әлемдік стандартқа сай салынған хан сарайындай «Halyk Arena» мен  «Аlmaty Arena»  спорт кешені мамандардың айтуынша, келешекте жалпы қала тұрғындарының спорттың қалаған түрлерімен айналысуына қызмет етуге дайын екен.
Айталық,  «Аlmaty Arenaда» 12 мың адамға орын есептелсе, «Halyk Arena» 3 мың адамға арналған. Ал атлетикалық ауыл 5 мың адамға есігін айқара ашып отыр. Айта кетер бір жайт, көрікті қаламыз Алматыдағы Алатау ауданында байрақты жарысқа арналып, бой көтерген атлетикалық ауыл  Универсиада тарихында спортшыларға  арнайы салынған бұрын-соңды болмаған тұрғынжай екенін  баса айтамыз.
«Универсиада мұрасы» атты жаңа жобаның аясында атлетикалық ауылдағы 140 мыңнан аса тұрмыстық заттар мен арнайы  техникалық қондырғылар Алматы шаһарындағы 500-ге тарта әлеуметтік мекемелерге таратылып берілді. Бұл да бір игілікті әрі сауапты істің бірі болғаны сөзсіз. Медициналық қондырғылар мен кеңсе техникалары  қалалық ауруханаларға, мектептерге, емханаларға, балабақшаларға, спорт мектептеріне, жатақханаларға және ардагерлер үйлеріне жеткізіліп, көптің көңілінде жүрген бұл мәселе де өз шешімін  тапты. Айтпақшы, атлетикалық ауылда 5000 орын бар  еді. Енді ол мәселеге де  нүкте қойылды. Ол тұрған жайлар енді «Универсиада мұрасы» атты жаңа жобаның аясында шаһардағы жылдар бойы үй алуға кезекте тұрған мұқтаж жандарға ретімен бөлініп берілмек. Осындай халық үшін жасалған жағымды жақсылықтарды  Универсиада ойындары тарту етті деп айта аламыз.
Универсиадаға арналып салынған спорт сарайлары жайлы тарқата айта кетейік. Қала тұрғындарының көкейінде жүрген тағы бір өзекті сұрақ  хан сарайындай кешендердің жай-күйі екенін жақсы білеміз. Зәулім спорт кешендердің іші  жарыс өткеннен кейін, қаңырап  бас қалмасы бесенеден бегілі. Ал сол ғимараттардың  ішін спортқұмар халыққа толтыру үшін жаттығу бағасын аспандатпай қалта көтеретіндей  етіп  қойса ғана бұқара халықтың спортқа деген ынтасы арта түсері хақ. Сол себептен осы сауалға орай мамандардың да пікірін білдік.
«Универсиада – 2017» дирекциясы директорының орынбасары Дидар Сағадиевтің мәлімдеуінше, аталмыш аламанға арналып салынған спорт кешендерінің барлығы қарапайым халықтың игілігіне қалып жұмыс істейтін болмақ. Қысқы спорт үйірмелеріне балаларын бергісі келген ата-аналарға спорт кешендері кеңінен есік ашатынын жария ете келе, жаттығам деушілерге қойылатын баға да қалта көтеретіндей екенін Дидар Сағадиев тілге тиек етті.  
Ендеше уақыт өте оны да  көре жатармыз. Әзірге осы Универсиада аяқталғаннан кейін, қала тұрғындарының қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылықтары екі есе арта түскенін байқап отырмыз. Мысалы, мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен, Айза Имамбек, фристайлдан  Жанбота Алдабергенова, Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, шорт-тректен Абзал Әжіғалиев бастаған қаркөз жүйріктеріміз, биатлоннан Галина Вишневская, Алина Райкова секілді алтын жүлделі ұл-қыздарымыздың жарқын жеңістерін екі апта бойы көріп, тамашалаған қазақстандықтардың қысқы спортқа деген сүйіспеншіліктері оянып қызығушылықтары ерекше арта  түскені айдай анық.
Олай болса, деніміз сау, жанымыз таза болсын десек, осы бір ел игілігі үшін салынған ғаламат спорт сарайларының жанынан айналып өтпей, ішіне еніп, спортқа, денсаулыққа көңіл бөлгеніміз лазым болар.


Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ.