Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"НЕ ДЕГЕН ЖҮРЕКТІЛІК?!" НАҒЫЗ БАРЫС БЕЙСЕН АҒАМ ЕДІ

Уақыты: 28.06.2020
Оқылды: 721
Бөлім: АЛАМАН

Бүгінгі күн өте ауыр болып тұр. Әшейінде бір дүниені жазар алдында саусақтарым пернетақтаға жорғалап-ақ кетуші еді, қазір тіпті кібіртіктеп, жүрмейді. Жүрмегені былай тұрсын, көзімнен жасым сорғалап, не жазарымды да білмеймін. Ойды ой қуалап, көңілім құлазып, алқымыма өксік тығылып, тынысым тарылып барады.

Ащы запыран оңайшылықпен шыға ма?! Іші бауырымды қуырып, ыстық шоқ қарып барады. Оның да себебі бар емес пе?! Қасыңда аға болып, ақылы мен парасатын көрсетіп жүрген Бейсен ағамның қайтқаны өкінішті. Қайтқаны деген сөз қандай жаман! Өттің, дүние! Бір кем дүние! Осы сөздер Бейсен ағама арналады деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Амал қанша, қанша тілің бармаса да айтуға тура келді. Күллі Алаш жұрты Бейсен ағам жайлы жазып жатыр, әлі де жаза береді. Ол кісі жайлы жазылатын дүние көп. Мен де ағам жайлы ой толғауды жөн көрдім.

Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жұмыс істеймін. Шама-шарқым жеткенше спортты қаузап, жазып жүрмін. Бірде 1 мамыр мерекесінде орталық алаңға жиналатын болдық. Қай жылы екені есімде жоқ. Осының алдында ғана «Жетісу» телеарнасына Бейсен Құранбек деген азамат келіпті дегенді естігем. Сырттай таныс болғаныммен жақын білмеймін. Содан, орталық алаңда ығы-жығы халықтың арасында тұрдық. Айтпақшы, сол кезде шеруге шығатын кез еді. Өңірдегі БАҚ өкілдері бірге сап түзеп шығасыңдар дегесін, жүріп өтетін кезегімізді тосып тұрған едік.

Сол кезде денелі, аққұба, келбетті келген ұзын бойлы жігіт ағасы келіп: «Әй, батыр, қалың қалай?» – деді. Арнайы таныспағасын мені қайдан біледі деген ой келді. Мен де: “Жақсы, аға, өзіңіз қалайсыз?” – деп аңқылдап жатырмын.

“Сен Ришадсың ба?” – деді. “Иә, аға, дәл өзімін”, – деп, қуақыланып жатырмын. Сол кезде Бейсен ағам: “Мен сенің жазғандарыңды оқып тұрам, спортты жақсы насихаттап жүрсің. Мен де спортты жақсы көрем, алғашқы кәсібім спортты насихаттаумен басталған. Сондықтан, спорттық жаңалықтарды қалт жібермеймін”, – деді. Осылайша ағамызбен таныстығымыз да, ары қарай спорт жайлы әңгімеміз де өрбіп кете берді.

Көрген жерде: “Батыр, қалайсың, спортыңда не жаңалық?” – деп қанаттандырып жүретін. Осылай көп уақыт өте берді. Бірде 2011 жылы «Қазақстан Барысы» деген үлкен республикалық жарыс басталды. Қазақ даласын дүр сілкіндірген бәсекені тайлы-тұяғымыз қалмай жазып, айтып, көпке дейін елдің аузынан түспеді. Дәл осы додаға келесі жылы да дайындалдық. Барып көру де арманымыз болды. Содан 2013 жылы «Қазақстан Барысына» іріктеу турнирлері өтіп жатты.

Аудандық додалардың өтуіне қатысып, жеңімпаз болған балуандардың тізімін іріктеп жүргенде үлкен мақала жарыққа шықты. Сүреңсіз өткен жарысты ашына жазып жіберсем керек, газетке жарқ еткен сын мақала ілезде тарап кетті. Республикалық екі газет пен бір-екі сайт та сол мақаламды жариялап үлгеріпті. Күнделікті газеттің тірлігі біте ме?! Жұмысымды жалғастырып жүре бердім. Бір күні қолында «Айқын» газеті бар, Бейсен ағам кабинетіме кіріп келді.

Кіре сала: “Әй, батыр, мына мақалаңды оқыдым, тамаша жазыпсың, арнайы қолыңды қысуға келдім”, – деді. Мен де: “Аға, рахмет”, – деп құрақ ұшып жатырмын.

Сол кезде Бейсен ағам тұрып: “Батыр, сен қазақ күресін жақсы біледі екенсің, жазғаныңнан білдім. Сен жатпай-тұрмай дайындал, «Барысты» жүргізуге барасың”, – деді.

Құдай-ау, төбемнен суық су құйып жібергендей есім шығып кетті. Қалай сонда, жүргізгені несі?! Мен оны қалай жүргіземін? Менде тіпті ондай қабілет те жоқ. Ғұмырымда жарыс жүргізіп көрмеген адаммын. Оның үстіне мен газеттің тілшісімін. Телеарна, тікелей эфир, комментатор дегенді мүлде көрмегем. Осындай ойлар санамды шарлап кетті. Осылай жүрексініп тұрғанымды сезген Бейсен ағам: “Сен, батыр, қорықпа, барлығы да осындай жүрексінуден басталған. Ешкім туабітті комментатор  болмайды,  үйренесің”, – деді де кабинеттен шығып кетті.

Өстіп жүргенде шақырту қағазы келді, мен «Қазақстан Барысы» жарысының төбесінен бір-ақ шықтым. 2013-2014 жыл қатарынан республикалық доданың комментаторы болдым. Әрине, жалғыз емес, қасымда бұл істің жілігін шағып, майын ішкен сақа комментаторлар болды. Есей Жеңісұлы, Ермұхамед Мәулен, Ермек Төрениязов секілді. Жалпы жаман болған жоқ, жұмысым өзіме ұнады. Кейін жарыс біткесін Бейсен ағам келіп: “Батыр, қалай екен? Үйрендің бе, республикалық жарыстағы алғашқы қадамың құтты болсын”, – деп арқамнан қақты.

Қазір ойласам, таңғаламын. Бейсен ағамда не деген жүректілік?! Ауылдағы жүрген баланы сонау әлемнің 55 мемлекетіне тарап жатқан эфирге апарып отырғыза салды. Оған шамасы жете ме, жоқ па, ондай қорқыныш жоқ. Бұл неткен сенімділік! Қолдауы былай тұрсын, елдің елдігі сынға түсіп жатқан ұлттық жобаны бүлдіріп алмай ма деген еш секем жоқ.

Міне, осыны есіме алсам, Бейсен ағамды ержүрек нағыз Барыс дер едім. Одан кейін де түрлі додаға қайрап салды. Ағам сенім артса, алмас қылыштай жарқылдап, сенім үдесінен шыға білдік. Жастардың нағыз қолдаушысы бола білді ғой.

Бірде Тараз қаласында өткен «Еуразия Барысына» бірге алып барып, алып қайтты. Үш күн қасында жүріп, көп азаматтармен таныстым. Қасынан бір елі қалдырмай жүріп, барлық жұмыстың тетігін көрсетті. Жарыс сәтті аяқталып, сол жерде отырып жазған репортажымды оқыды. «Таразда тау соғылған күн» деген тақырыппен жарыққа шықты. Бейбіт Ыстыбаевтың 190 келі моңғол балуаны Сұғаржарғалды басынан асырып тастайтын кезі. Міне, осы додадан қайтып келе жатқанда Бейсен ағам “Ришаджан, сен осы жарыстан не түйдің?!” – деді. Мен де: “Аға, керемет әсер алдым, Бейбіттің күресін көрдіңіз бе, рухым асқақтап кетті”, – деп, жарыстың әсерін зулатып жатырмын.

Сол кезде Бейсен ағам сәл отырды да: “Батыр, сенің спортта жүргеніңе де біраз жыл болды. Кешегі жазғаныңды оқып, жақсы ойлар ойыма оралып отыр. Қаншама азаматтармен таныстың, спортшыларды жақсы білесің. Енді осы жерде сол жігіттердің қолына шығарған кітабыңды ұстатып жіберсең сенің мәртебең одан ары асқақтап кетпей ме?! Оның үстіне балуандар да өздерін сол жинақтан көріп, марқайып қалады”, – деді.

Осы жерде ағам маған үлкен шабыт берып, қолқа салды. Ойын түсіне қойып, барған бетте сол жұмысқа кірісетінімді айттым. Айтқандай, жазған-сызғанымды жинақтап «Намыс-Жебе» деген кітабымды алдына апардым. Сол кездегі ағамның қуанғанын мен айтып жеткізе алмаспын.

Қайран ағам-ай, менің ғана емес, күллі қазақ жастарының жебеушісі едіңіз ғой. Жылт еткен талантты көріп қалсаңыз, желкесінен сүйреп жүріп, шыңға шығармай қоймайтын жақсы қасиет сіздің бойыңызға туа біткен екен. Одан кейін де талай мәрте шақырып алып, «мынадай жұмысты атқар» деп арқаландырып жіберуші едіңіз.

Алда үлкен мақсатымыз бар еді. Сіз, мен және Гүлмарал атты балуан қызбен бірлескен. «Бұйыртса, үштік болып Токио Олимпиадасына барамыз» деп едіңіз. Токиодан бұрын сіз кетіп қалдыңыз, ал Токио кейінге шегерілді. Мені ғана емес, бүтін спортшының қолдаушысы болдыңыз. Олар да сіз кеткенде жетімсіреп қалғаны анық. Енді бізді де, спортшы мен қазақ спортын да рухыңызбен қолдап жүріңіз!

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы