Желаяқ қыздың құрметі

Уақыты: 07.03.2017
Оқылды: 1638

Спорт деген бегзада өнерді жанына серік еткен жандардың арасында қыз балалардың көптігі қуантады. Ер жігіттің тісі батпайтын спортқа  аяқ басып, сол дүбірде олжа салып, биік шыңға шығып жатқандар қаншама?! Ал мен сөз еткелі отырған ару қыз нағыз өзіне жарасымды спорттың түрін таңдап, ел намысын биіктен көрсетіп жүрген нәзік жан. 

Гүлжанат Жанатбекова, жастайынан спортпен шұғылданып, бүгінде ел құрамасының мүшесі болып жүр. Ақсудан қанаттанған қарлығаш алғашында волейбол ойынымен шұғылданады. Тәп-тәуір ойын үлгісін көрсетіп жүрген Гүлжанат жарыс кезінде жарақат алып, спорттан аластатылады. Бойында қайсарлық пен өжеттік бар жас талант бойын қайта тіктеп, волейболға қайта келеді. Өкінішке қарай, бапкерлік кеңес пен дәрігердің берген анықтамасы Гүлжанаттың алдынан шығып, волейболдан біржола қол үзуге әкеп соғады. Бар жан-тәнімен спортқа берілген ақсулық қызға бұл жайт ауыр соққы болып тиді. Бірақ оған мойымады, сынбады. Бар күш- қайратын бойына қайта жинап, жеңіл атлетикаға бет бұрды. 
Алғашында өзінің денсаулығы үшін шұғылдана бастаған Гүлжанат, артынша кәсіби тұрғыда дайындалуға көшті. Жаратқанның берген дарыны болар, қатысқан бәсекесінен олжасыз қайтпайтын болды. Жаттықтырушылар да жас қыздың бойынан талап пен жігерді, бір ұшқынды сезсе керек тыңғылықты баптауға кірісті. Үміті қайта оянған Гүлжанаттың құштарлығы жеңіл атлетикаға ауды. Тіпті, жүгірмесе тұра алмайтындай күй кешті. Жеңіл атлетиканың да жеңілі бар. Ал, Гүлжанаттың таңдағаны ұзақ қашықтыққа жүгіретін марафон бәсекесі. Ұзын жолды бетке алып, 42 шақырымда желмен жарысып, қарсылас біткенді шаң қаптырды. Осылайша Гүлжанаттың нақты жолы белгіленіп, үлкен спорттағы қиын да, қызықты күндері басталды. Ендігі оның мақсаты алыс жақын шет мемлекеттерде бақ сынап, ел намысын жоғары ұстау. Бұл ретте анасы Бибігүл көп көңіл бөлді. Оның алғашқы ақылшысы да, бапкері де анасы болды. Спорттан қол үзіп қалған кезде үнемі сүйеу болып, қайта қалыптасуына, үлкен спортқа қайта оралуына себепші болған да анасы. Ана жүрегі алдасын ба, бір жақсылықтың болатынын, үнемі тұманды күн емес, артынан шуақты күн шығатынын білген анасы Гүлжанаттың қайратына күш қосып, нақты бағытын айқындауға жол сілтеді. Дәл осы кезде Гүлжанаттың да рухы оянып, осыншама қиындықты көтеріп, нардың жүгін арқалаған анама сыйлық жасасам деген ой келді. Әркез мерекеде сыйлықты назардан тыс қалдырмайтын Гүлжанат бұл жолғы менің анама деген қуанышым басқаша болсыншы деп ой түйді. Ол әлемдік сынның жүлдесі еді. Сол жылы Түркияда үлкен марафоннан халықаралық турнир өтті. Әлемнің желаяқтары жолыққан байрақты бәсекеде үшінші орынды иеленген Гүлжанат анасына қола жүлде мен халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген куәлікті сыйға тартты. Ана көңілі шат. Қызының жетістігіне қуана білген Бибігүл спортшы қыздың жолына сеніммен қарады.
Расымен де, анасының ақылы, бағыты алдамады. Бұдан кейін Гүлжанаттың спорттағы тасы өрге домалап, жеңіс тұғырынан қол бұлғайтын күндері көбейді. Азияның қола жүлдесін мойнына тағып, елге өлшеусіз шаттық сыйлады. Рио Олимпиадасының жолдамасын ұтып алып, төртжылдықтың басты додасында бақ сынады. Жүлдегерлер санатына енбеді дегеніміз болмаса, оған дейінгі сүрлеуі қиын кедергіден өтудің өзі әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанды. Ал мына қызықты қараңыз. Спорт деген бір сиқыр деп айттық емес пе? Үлкен спортқа жолыққан әрбір майталманда мереке деген күн жоқ. Ол күні жанталас жарыста, моншақтап төккен тер мен қайратты жаттығудың үстінде болатын кезі көп. Осындай жаттығудың бірі Гүлжанатқа дәстүрге айналған. Дәл 8 наурыз күні барша ананың құрметіне 8 шақырымға жүгіреді. Бұл оның аруларға деген сыйлығы. Ал биыл 30 шақырымды жоспарға алып отыр. Жолың болсын, желмен жарысқан желаяқ қыз!

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ