"ӨТТІҢ, ДҮНИЕ...": БАР ҚАЗАҚТЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ ЕДІ

Уақыты: 02.08.2020
Оқылды: 1646

Жексенбінің таңы ызғарлы атты. Тамыз айы болса да күн суық. Аспан түнеріп, артынша жаңбыр тамшылай бастады. Артынша шелектеп төккендей құйды

Бір уақытта қалта телефоным безек қақты. Арғы жақтан өксігін баса алмаған Нұрбақыт досымның: «Рәке, Жақсылық ағамыздан айырылып қалдық», – деген дауысы естілді. 

Сырттағы ызғар өңменімнен өтіп, үй ішін мұз қалаға айналдырып жібергендей болды. Аспан күркіреп, найзағай жарқылдағандай, дүние теріс айналғандай күй кештім. Бұл қалай?! Ол кісі жүз жасауы керек еді ғой... Табиғатынан жайдары, ақжарқын мінезімен айналасына нұр шашып жүретін Жақсылық аға өмірден неге ерте кетті?.. 

Пенде болғасын сан-салалы ой мазалайды. Амал қанша, түптеп келгенде адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады. Қайран, Жақсылық аға, өзіңізбен талай мәрте жүздесіп едім. Сол сәттердің енді сағыныш болып қана қалғаны ма? Бір қалыптан айнымайтын жайдары мінезіңізбен арқамнан қағып, намысымды жанып, батаңызды берген едіңіз. Ағалық ақылыңыз жадымда мәңгі сақталады.

Бұл жолы Жақсылық Үшкемпіровтің спорттық жолын тізбелемей-ақ қояйын. Ол жайлы талай жазылған, оны менен гөрі сіздер жақсы білесіздер. Шағын ғана естелікте ағамыздың жалпы табиғатын суреттеп көрсем деймін.

Жақсылық аға өте жайдары азамат. Бірақ іштей көп ойланады. Ел мен жердің, жастардың болашағына қатты алаңдайтын. Өте ұлтжанды азамат. 

Осы жерде бір естелік айта кетейін. Лондон Олимпиадасы кезінде жүлдеге дәмелі деген балуандарымыз шетінен топырлап жеңіле бастады. Әсіресе, Нұрмаханның жолына үмітпен қарағандар көп еді. Өкінішке қарай, ескі жарақаты сыр берген Нұрмахан бірінші кездесуінде ұтылып қалды. Сол кезде Жақсылық аға қатты уайымдап, қасындағы жігіттерге: «Нұрмаханды жеңген балуанның жолын бақылаңдаршы, ары қарай финалға дейін өте ме?», – деп қынжылыпты. Сондағысы Нұрмахан жұбанышқа ілініп қала ма деген үміті еді. 

Ағамыздың ең басты қасиеті де осы мінезінде болатын. Қаншалықты қапаланып тұрса да жақсылықтан үмітін үзгісі келмейтін. Ешкімнің туын жығып, бетін қайтармайтын нар тұлға еді. 

Сонау сексенінші жылы жеңіске жетіп, елдің сүйенішіне айналып тұрған, Димекеңнің сөзімен айтсақ, «бір жапырақ» чемпионның компартияның басшыларына берген жауабын қарасаңызшы. «Жақсылық, айналайын, не қалайсың?», – дегенде «Бір шыны қымыз», – деген екен. 

Қараңызшы, барлық құндылықтан ұлтының тағамын жоғары қойған қандай азамат?! Боз кілемнің үстінде де жеке бастың пайдасы үшін емес, елінің еңсесінің биік болуы үшін күресті. Одан кейін Еңбек Ері атанғанда Елбасының қасында тұрып, халқына қандай сөз арнады?! Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Жас балуандарды «Сендер қашан үмітімді ақтайсыңдар, менің жолымды қашан қуасыңдар?», – деп үнемі қамшылап, армандап жүретін. 

Жақсылық ағамның қасында көп жүрдім деп айта алмаймын. Аз ғана уақыт бірге болсам да көп жылға татитын ғибрат алдым. Ол кісі үнемі: «Ришаджан, айналайын, талабың жақсы, осыдан тайма» деген ақ тілегін қайталаудан жалықпайтын еді.

Біз үнемі спорттық шаралар мен спорттық мерекелерде кездесетінбіз. Сол кезде аз-кем сұхбаттасып, сырласып, әңгіменің тиегін ағытатынбыз. Қазақы мінезімен байыппен айтқан әңгімесі жаныңды рахатқа бөлейтін.

Ағамыз Еңбек Ері атанғасын біраз жерді шарлады. Түрлі мәдени шаралардың қонағы болып, жастармен кездесті. Сол жүріс-тұрыстардан шаршаңқырап қалды ма, бір күні әл жинап алайын деп санаторийге жатты. Сол кезде бір топ інілері болып ағамыздың қалын сұрауға бардық. 

Баяғы сол қарапайым мінезімен ақжарқын қарсы алып, әңгімесін айтты. «Ауылдың сарқыты» деп алдымызға жылқының жаңа піскен етін әкеп қойды. 

Ағамыз қарапайым болғанымен қазақы қалжыңға да қаражаяу емес еді. Бізге өз қолымен ет асатып: «Мына етті бітірмей тұрмайсыңдар», – деді. Оны бітіру қайда, қалалық жерде бірішек болған біз бір астауды да тауыса алмадық. Сонда ағамның «Әй, сендер нашар екенсіңдер, бесеуің жабылып бір табақ етті тауыспадыңдар, бұл қазаққа сын ғой», – деп күлгені бар. 

Қазір ойлаймын, ағамыз сол қалжыңы арқылы қазақтың асату деген салтын біздің санамызға жаттатыпты. Осы айтқанымнан байқалып тұрғанындай, Жақсылық аға ұлттық дәстүрді берік ұстанатын. 

Сол кезде ағама алғашқы туындымды сыйға тартып едім. Осылайша кітабымды қуана алып, маңдайымнан иіскеп, талабымды ұштаған алғашқы адам – Жақсылық ағам болды. 

Ағаммен соңғы рет осы жазда тіл қатысып едім. Телефоныма хабарласып: «Ришаджан, сен менің жеке жазбагерімсің ғой. Елде болып жатқан жаңалықтар жайлы пікірімді білдірейін десем, мына интернеттің тіліне түсіне қоймаймын. Өзің сияқты қаланың қазағы емеспін, мен даланың қазағымын ғой. Қазір қиын-қыстау кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Әлемді алаңдатқан мына індет қазақты да әбігерге салып отыр. Сондықтан, халқыма сабыр тілеймін, осыны жақсылап жаз. Әлгі интернетіңе жарияла», – деп күліп еді. Әттең-ай, ағамызбен сол кезде соңғы рет сөйлесіп тұрғанымды сезбеппін.

Қай кезде де алдымен ұлтының болашағына алаңдаған нар тұлғалы азаматтың бұл ісіне қайран қалмасқа болмайды. Ауыл мен өңірді көркейтуге, ел экономикасын байытуға қосқан үлесі ұшан- теңіз. Ұлтының денсаулығына алаңдап жатқаны мынау. Сондықтан, Жақсылық аға жайлы әлі де жазыла береді деп ойлаймын. Иық тіресіп бірге жүрген алдыңғы буын өкілдері алдағы уақытта да аға жайлы майын тамызып жазатын болады. Ол кісілер Жақсылық ағамды менен гөрі жақсы біледі. Сонау сексенінші  жылы Мәскеуде бірге болған Несіп Жүнісбайұлы мен Қыдырбек Рысбек сынды ағалар Жақсылық Үшкемпіровтың біз білмейтін қырларын дерекпен, дәлелмен айқындап тұрып жазып берер. Ал менің бүгінге аузыма түскен сөз осы болды. 

Қош, қазағымның Жақсылығы!

Ришад Тұрғанбаев