Мәуленнің мәртебесі

Уақыты: 11.06.2016
Оқылды: 2420

Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет тәуелсіз мемлекет ретінде жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан болатын.

Төрткүл дүниенің теңдессіз спортшылары жиналған жарыста жасындай жарқырап, қасиетті Көк туымызды Америка көгінде жел­біреткен өрендеріміздің бірі әрі бірегейі еркін күрес өнерінің хас шебері Мәулен Мамыров еді.

1996 жылғы Атланта Олим­пиадасында Мәулен қола медальді мойнында жарқыратты. Одан бө­лек, қазақтың қайсар ұлы әр жыл­дары әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы атан­ды. Сондай-ақ басқа да көптеген аса ірі халықаралық жарыстарда топ жарған Мамыров Алаш жұр­тының мақтан тұтар азаматына айналды. Бозкілеммен қош ай­тыс­қаннан кейін де атақты балуан өзінің сүйікті ісінен қол үзген жоқ. Бұл күндері ол Алматы облыстық Олимпиада ізбасарларын даярлау орталығының директоры қызметін атқаруда.

Міне, осы мерейлі күнге орай Алакөл ауданының Лепсі ауылында Мәулен Мамыровтың жүлдесі үшін еркін күрестен жасөспірімдер ара­сындағы республикалық турнирдің тұсауы кесілді. Осы жарыстың ашылу салтанатына той иесінен бөлек, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасы мен әлем чем­пио­натының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, Алматы облысы күрес түрлері федерациясының вице-президенті Алтай Танабаев, мүм­кіндігі шектеулі спортшыларға арналған спорт клубының дирек­торы Ерлан Бақтыбаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Аман Бұғыбаев, еркін күрестен ел чемпионы Самат Айтқожин және тағы басқа да саң­лақтар қатысты.

– Жетісу өңірінен спорт саң­лақ­тарының көптеп шыққанын жанкү­йер­лер жақсы біледі. Ал сол саң­лақ­тарға құрмет пен қошемет көрсету біздің парызымыз. Жасыратыны жоқ, талай жақсылар мен жай­саң­дардың есімдері уақыт озған сайын ұмыт болып барады. Көптеген жер­лестеріміздің спорттық аренадағы ерлігі жайында кейінгі жастар көп біле бермейді. Осы жағы бізді көптен бері қатты мазалап жүрген еді. Байрақты бәсекелерде ел на­мысын абыройлы қорғаған аза­маттардың есімдерін өскелең ұр­паққа үлгі ету үшін өзіміздің жер­лесіміз, қазақтың атымтай жо­мар­ты, Республикалық бокс жә­не күрес федерацияларының вице-пре­зи­денті, «ЖерСу» кор­по­ра­ция­сы ба­қы­лау кеңесінің төрағасы Бауыр­жан Оспанов мырзаның мұ­рын­дық болуымен табиғаты та­ма­ша, көр­кіне көз тоймайтын Лепсі ауы­лын­да осындай дүбірлі дода­ның тұсауы кесілді. Бүгін біз Мәу­лен Мамы­ровтың жүлдесі үшін жарыс ұйым­дастырдық. Бұл бәсе­ке көпшілік көңілінен шықты де­ген ойдамыз. Алайда, осы шарамен ғана шек­теліп қалмаймыз. Алдағы күндері «Же­тісу жұлдыздары» деген цикл­мен кәсіпқой рингте қарсы­лас­та­рын қоғадай жапырып жүрген бокс­шы Қанат Ислам, грек-рим күресінің хас шебері Нұрбақыт Теңізбаев, татамидің тарланбозына айналған қос дзю­дошы – Айдын Смағұлов пен Ас­хат Житкеевтің де құрметіне кере­мет турнирлер өткі­зу­ді көздеп отыр­мыз, – дейді осы жа­рыстың ұйымдастырушысы, самбодан әлем біріншілігінің қола жүл­де­гері, қазақ күресінен талай дүбірлі до­дада түйе балуан атанған Сер­жан Ома­ров.

Жоңғар Алатауының етегінде Мәулен Мамыровтың құрметіне өт­кен жарыстың қорытындысы бой­ын­ша Лепсі ауылындағы спорт­­тағы дарынды балаларға арнал­ған об­лыстық маман­дан­ды­рылған мек­теп-интернатының фи­лиалы бірін­ші орын алса, Кер­бұ­лақ ауданы мен Алматы қаласы ко­мандалары екін­ші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Осы бәсекелер барысында ерекше көз­ге түскен Әлімбек Пола­тов «Ең үз­дік техникасы үшін» жүлдесімен ма­рапатталса, Батыр­хан Ноянов «Жеңіске деген жігері үшін» деп ата­латын арнайы сый­лық­қа ие болды.

Ғалым Сүлеймен.