МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДАН БОЛАШАҚ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ӨСІП КЕЛЕДІ

Уақыты: 25.08.2020
Оқылды: 1093

Алана ТОҚТАРОВА! Мақсатқа деген талпынысын, болашаққа деген көзқарасын және сол өмір белестеріне деген жоспарын білгенде, мәнерлеп сырғанаудан ел чемпионы –  қаршадай қызға сүйсінесің. Әкесі тұңғышының есімін ырымдап, жақсылыққа балап Алана деп қойды. Бұл араб тілінен аударсақ, «ең маңызды» деген мағына береді. Есіміне сай әке үмітін, ана сенімін абыроймен ақтап келеді. Бүгінде ел спортының болашағына баланған спортшы. Оған бала кезінен қатысқан жарыстарының нәтижесі дәлел.

Біздің анықтама: 2003 жылы 23 сәуірде Талдықорған қаласында дүниеге келген. Алматыдағы №173 мектеп-лицейінде 6-сыныпқа дейін оқыды. Бүгінде Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде оқиды. Әке-шешесінің ықпалымен бес жасынан бастап мәнерлеп сырғанаумен айналысады. Алғашқы жаттықтырушысы – Айгүл Қуанышева. Жаттықтырушылары – Құралай Үзірова, Надежда Парецкая және шетелде Дэвид Уилсон, Джоуи Рассэл. Асхат Тоқтарұлы мен Әсел Дәулетқызының тұңғышы. Ал інісі Абылайхан дзюдомен шұғылданады.

Кейіпкеріміз Олимпиада, Әлем чемпиондарын дайындаған ресейлік белгілі бапкер Этери Тутберидзенің, оның алдында екі жылға жуық канадалық Брайан Орсердің тобында тәлім алды. Алананың мәнерлеп сырғанауға деген махаббатын оятқан жандар – ел мақтанышы Денис Тен және Ванкувер Олимпиадасының жеңімпазы кореялық Ким Ен А.Кимнің техникалық секіруі және көркем сырғанауына ерекше баға береді. Денис Тен өмірінің соңғы күні Аланаға мұз үстінде өз білгенін үйретіп, болашағына сәттілік тілеген.

2017 жылы Финляндия астанасы Хельсинкиде өткен әлем чемпионатында Элизабет Тұрсынбаева тоғызыншы орын алып, Пхенчхан Олимпиадасына   екі жолдама (өзіне және командаласына) алды. Олимпиаданың екінші жолдамасы сарапқа түскен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында 14 жастағы қыз бірінші орын алғанымен, жасына байланысты Олимпиада жолдамасы берілмеді. Төрт жылдықтың басты додасына берілген екінші жолдаманы Айза Имамбек алып, Олимпиадаға қатысты. Сол сәтте-ақ өзінің үздік болуға талпынатынын байқатқан жас спортшы, келесі 2022 жылы Бейжіңде өтетін Олимпиада жолдамасы үшін барын салмақ.

Алана өзінің алғашқы Халықаралық жарыстарын есіне алғанда:

– ISU-дың ұйымдастыруымен 2016 жылы Канильо қаласында болған 17-ші Андорра ашық турнирінде үшінші орын алдым (қысқа бағдарлама – 38,03; негізгі бағдарлама – 69,59; жалпы – 107,62 ұпай). Нәтиженің барлығы тәжірибе арқылы жиналады. Әлі де еңбектену керек. Ал 2018 жылы жастар арасында Абу-Дабидегі FBMA трофейіндегі екінші орын (қысқа бағдарлама – 43,06; негізгі бағдарлама – 74,91; жалпы – 117,97 ұпай) – жеңістерімнің бастауы, – дейді.

Рас, тәжірибе жарыстар арқылы толысады, сол арқылы келеді. Өзі қатысқан халықаралық, әлемдік жарыстардың арасы жиі және бәріне қатысуға тырысатын өжет қыздың сөзі: «Әрине, кез келген жарыстан кейін шаршау болады. «Шаршадым» деп сылтауратып жарыстардың арасын ұзартып, үзіп-үзіп қатысуға да болады. Бірақ нәтижелерге жету үшін көп еңбектеніп, шама келсе, барлық жарыстарға қатысқан дұрыс. Ал ел ішіндегі бәсекелестік жыл өткен сайын артып, жарысқа қатысатын спортшылардың да саны өсіп келеді. Жас спортшы оған негізгі себеп мұз алаңдарының ашылуы дейді. Сондай-ақ, Алана қыз бәсекелестік жөнінде «Өсу үшін де, деңгейіңді анықтау үшін де бәсекелестік керек. Ал мәнерлеп сырғанауды таңдағандардың қатары көбейіп келе жатқанына қуанамын», – деп түйді.

Әр жыл сайын өзі бекіткен бағдарламалардағы элементтерді күрделендіру кез келген мәнерлеп сырғанаушының негізгі мақсаты. «Рас, кез келген мәнерлеп сырғанаушы өзінің бағдаралмасындағы әдіс-тәсілдердің күрделі болғанын қалайды. Алайда әдістерді жаттығуда жасай білу, ал оны жарыстарда көрсете білу – үлкен айырмашылық. Дәл қазіргі сәтте жаттығу кезінде көптеген күрделі элементтерді орындай аламын, бірақ жарыстағы бағдарламаға қосып, көрсету үшін әлі де еңбектену керек», – дейді.  Алана қандай элменеттерді өз бағдарламасына қосатынын айтпады, тек оны жарыста, яғни  іс жүзінде көрсеткісі келеді.

Алана қысқа бағдарламада Артур Фидлердің «Ай астындағы серенада», Келлис Смиттің «Свинг, Свинг» және де негізгі бағдарламада Шарль Гуно Франсуаның «Ромео мен Джульетта» әндеріне өнер көрсетеді. Әуенді таңдап, оны қойған – канадалық жаттықтырушылар. Болашақта қазақ әуендеріне де өнер көрсету жоспарында бар.

Бүгінде өз туған қаласы Талдықорғанда атасы мен әжесі тұрады. Өзіне салса, күнделікті баруға бар. Бізге берген сұхбатында «Жетісу» газеті арқылы ата-әжесіне сәлем жолдады.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы