"ҚИЫНДЫҚҚА СЫНБАДЫМ": БІР КӨЗІМЕН ТАЛАЙ БЕЛЕСТІ БАҒЫНДЫРҒАН ҚЫЗ

Уақыты: 26.08.2020
Оқылды: 1471

Диірменнің тасындай зырылдаған мына бес күн жалғанда адамның тағдыры өзі ойлағандай бола бермейтіні хақ. Десе де әрқайсысы әртүрлі сынақтан өтеді. Қилы тағдырдың қиындығын еңсеріп, өмірдің ағысына қарсы жүзген адам ғана биік белесті бағындырады. Тағдыр бұйыртқан осынау жолдардың сан қилы иірім-иректерін басып өткен жанның бірі – Салтанат Сейдірасылова. Басына түскен алуан түрлі қиындықты жеңген қайсар қыздың өмірі өзгелерге өнеге. Осыған орай, біз туабітті мүгедек болса да  тасты жарып шыққан гүл секілді қиындықты бағындырып, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген жанның өмірін жазуды мақсат тұттық. Олай болса Салтанаттың әңгімесіне  құлақ ассақ.

Мен 1998 жылы Көксу ауданы, 10 жылдық Қазақстан ауылында дүниеге келдім. Отбасында бес баламыз. Әкем Мақсат Ахмедиев пен анам Гүлмира Ахмедиеваның тұла бойы тұңғышымын. Сымбат, Елнара есімді сіңлілерім, Ернар, Елнұр атты қос інім бар. Ата-анам мектепте жұмыс істейді. Үйдің үлкені болсам да  асқар тау әкем мен ақылшы анамның еркесі болып өстім.

Адам қамшының сабындай ғана қысқа өмірде бір мүшесінің кем болғанын тілеп алмайды. Дүние есігін ашқаннан бері сол қолым икемге келмейді, бір көзім көрмейді. Бірақ туабітті жабысқан дерт мені мүмкіндігі шектеулі жан қылса да, морт сындыра алмады. Тағдыр талқысы алдында тізе бүкпедім. Өмір жолы тақтайдай түзу емес, сан мың соқпақты жолы бар. Одан өту үшін қиындықпен күресу керек. Мен өзімді мүмкіндігі шектеулі жанмын деп санамаймын. Керісінше, сау адамдардың қатарынанмын деп есептеймін. Өйткені, жастайымнан өмірге деген құштарлығым басым болды. Ес білгелі талпынып келемін. Жарық дүниені көрдім. Әкемнің мойнына асылып еркеледім. Анамның күліп тұрған сұлу бейнесін көрдім. Өзгелер секілді бал балалық шағымда ауылдың борпылдақ шаңында жалаңаяқ шапқылап ойнадым. Оқыдым. Білім алдым. Спортпен шұғылдандым. Осының барлығы адам баласы үшін үлкен жеңіс. Мен үшін ең керемет сәт. Сондықтан қиындыққа сынбадым, ауыртпалығын көтеріп, сынын еңсердім. Шадыр-шатағы мол өмірде енді спорттық жетістіктерге жетіп, ел абыройын асқақтатсам деймін.

Қазақтың қайсар қызы мүмкіндігі шектеулі болса да мұқалмады. Өмірдің ағысы қатты жал-жал толқындарына кеудесін бастырмады. Таусылмас табандылық пен жасымас жігерінің арқасында сау адамдардың қатарына қосылды. Бұл – оның өмірдегі жеңісі. Енді облысымыздың намысын қорғап жүрген Салтанаттың спорттағы жеңісіне құлақ түрейік. 

– Ауыл мектебінде оқыдым. Білім ошағының табалдырығын аттаған күнде де қатарымнан қалмадым. Мектепішілік қоғамдық жұмысқа  белсене араластым. Әсіресе, жаныма жағатыны спорттық ойын болды. 

2016 жылы қазіргі бапкерім Асқар Әбдуәли мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа шақырып жүр екен. Сөйтіп маған да ұсыныс тастады. Үстел теннисін ойнауға шақырды. Ойланбастан келістім. Бірақ ол кезде үстел теннисін ойнау түгілі «ракеткасын» да ұстауды білмейтінмін. Ережесімен де таныс емеспін.

Әрине, алғашында өте қиын болды. Ештеңе білмеймін. Десе де өмірдің талай қиындығын еңсердім, ендігі кезекте спорттың шыңын да бағындырамын деп жігерімді жаныдым. Талант, қабілетті адамға Алла сыйлайды. Ал еңбек дейтін ұлы құдірет әркімнің өз еншісінде емес пе?! Мың жерден талантың болса да еңбектенбесең еш пайда жоқ. Сондықтан, қызу жаттығуға кірісіп кеттім. Уақыт өте келе қарсыласымды қапы қалдырып, шебер ойыншылардың санатына іліктім. Талай бәсекеде топ жардым. Білікті мамандардан жаттығу үйреніп, қай жерде теннис бар десе сол жерден табылатын болдым. Мені барын салып дайындаған Арнұр Әбішев және Асқар Әбдуәли атты бапкерлерімнің мехнатты еңбегінің арқасында бір-ақ жылдың ішінде талай дүбірлі додада жүлдегер атандым.

Мәселен, 2017 жылы  Атырау қаласында жастар арасында үстел теннисінен өткен жарыста 3-орынды қанжығаладым. 2019 жылы Ақтөбе қаласында өткен жарыста да үздік үштіктің қатарынан көріндім. 2019 жылы тірек-қимыл аппараттары зақымдалған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында ҚР-ның 5-ші паралимпиадасында күміспен күптелдім. 

Күллі әлемді дүрліктірген індеттің елімізде де өршуіне байланысты биыл жарыстарға бармадым. Дайындықты да үйде жасаймын. Күнделікті жаттығуымды бапкеріме бейнебайланыс арқылы жіберемін. Әзірге жарыстар тоқтап тұр. Карантин біткен соң қандай дода болса да қатысып, облыс намысын асқақтатуға тырысамын.

Бұл Салтанаттың спорттағы жеңісі. Ендігі кезекте қазақтың қайсар қызының алдағы арман-мақсатын білуге асықтық.

– Бүгінде мен Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 4 курс студентімін. Менің арманым – білікті маман иесі болу. Сондай-ақ, қиындығы мен қызығы қатар жүретін спортта жеңістің желкенін көтеріп, Туымызды көкте желбірету. Олимпиада шыңын бағындыру. Оған жету үшін ерінбей еңбек етіп, алға қарай ұмтылу қажет. Алға қойған мақсатымды өз кезегімен бағындырып келемін. Бұйырса, бәрі де болар.

Өжет қыз қилы тағдырдың қиындығын көрсе де  теперішіне қасқая қарсы тұрды. Қиындықтан қаймықпады. Құлшынысы құлдырамады. Тізгінсіз көңілін сынаққа көндіріп, өмірдің сайқал мінезіне шайқалмай, алуан соқтықпалы-соқпақты ауыр жолдардан қайсарлықпен шыңдала өтті. Оның әлі талай белесті бағындыратынына сенімдіміз. Өйткені, қазақ қызының бойында биік те мықты рух бар.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы