Тауда түлек түлеткен

Уақыты: 03.04.2017
Оқылды: 1419

Өңірімізде ауыз толтырып айтатын жаңалық жетерлік. Ел экономикасы дамыған сайын халықтың еңсесі көтеріліп, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Әсіресе, соңғы жылдары мектеп, балабақша саны артуда. Осындай білім ошағының бірі Алакөл ауданы, Лепсі ауылында ашылған еді. Елдің азаматы, меценат, атымтай жомарт Бауыржан Оспановтың қолдауымен Лепсі ауылында спорт мектебі есігін айқара ашқанда қуанбаған қазақ жоқ шығар. Тау етегінде орын тепкен спорт мектебі жас таланттарды жинап, болашақ чемпиондарды дайындауда. Ашылғанына аз ғана уақыт болған спорт шаңырағының тыныс-тіршілігін білу үшін мектептің меңгерушісі Серікжан Омаровпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

– Серікжан, сіз басшылық жасап отырған мектептің ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де, елішілік жарыстарда жүлдеге қол жеткізген спортшылардың есімдерімен бірге сіздің мектептің аты аталып жатады. Осы орайда мектеп-интернат жайлы толық баяндап берсеңіз?
– Рас айтасыз, Лепсі ауылындағы спортқа бейімі бар жас спортшыларды дайындауға арналған мектеп-интернатының ашылғанына да бар-жоғы үш жылдың көлемі болды. Алғашында жүз баланы қамтыған болсақ, бүгінде жүз елуге жетті. Спорттың алты түрі бойынша есігін ашқан білім ошағының жетістігі жаман емес. Бұл ауылды жерде ашылған тұңғыш спорт мектебі деп біз мақтанамыз. Оны өзіңізде білесіз белгілі меценат Бауыржан Кеңесбекұлының қолдауымен жүзеге асқанын. Бұған дейін де Жыланды ауылында да мектеп ашылған. Ол да өз жемісін беріп, жастар қанаттанып жатыр. Тек спорттық салаға ғана көңіл бөліп отырған жоқ, физика-математикалық бағыттағы мектеп болып саналады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен балалар мен жақсы мамандар тартылып, еңбек етуде. Енді Леспі ауылындағы мектепке келейін. Мұнда да гуманитарлық, математикалық және спорттық бағытты ұстанып отырмыз. Жас таланттар спорттың алты түрі бойынша білім алуда. Мықты жаттықтырушылар да қамтылып қазіргі уақытта кадрлық мәселе жолға қойылды. Теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан спорт-интернатының болашағы зор деп айтуға болады. Барлық жағдай жасалған, балалардың жататын орны, тамақтануы, жаттығуына керектінің бәрі жеткілікті. Мемлекеттің көрсетіп отырған көмегі, оның сыртында облыстық спорт басқармасының қолдауы балғындардың шыңдалып шығуына үлкен күш беріп отыр. Ендігі жерде менің айтпағым неге Лепсі ауылында ашылды деген мәселе. Бұл таулы аймақ, жастардың шыңдалуына көмегі зор. Оның сыртында қысқы спорт түрін дамытуға толық мүмкіндік бар. Осы басты мақсатымыз. Қолға алған ісіміздің нәтижесі жаман емес жетістіктерін көріп келеміз.
–  Бұл мектепке балалар тек біздің облыстан ғана қабылдана ма, жоқ әлде республика бойынша ма?
– Сөз басында спорттың алты түрі деп айттым. Осы спортқа қызығатын балалар тек Жетісу жерінде ғана емес бүтін республикамызда бар. Сонымен қатар мектеп ашылған кезде барлық БАҚ өкілдері Бауыржан Оспанов Лепсі ауылында тау етегінде спорттық интернат ашты деп хабар таратты. Сүйінші хабардың өзі бізге көмек берді. Мұны естіген еліміздің түкпір-түкпірінен балалар келіп, солардың ішінен алғашында жүз баланы таңдап алдық. Сондықтан республиканы қамтып отырмыз десек те болады. Сонымен қатар, қысқы спорт түріне көбіне шығыс, солтүстік аймақтың балалары қызығады. Міне, сол аймақтан бізге келіп, мектебіміздің шәкірті атанып жүр. Олардың келуіне де қолайлы, тоғыз жолдың торабы дегендей, жол бойында болғасын өте ыңғайлы. 
– Осы жерде спорттың жаңағы алты түріне тоқталсаңыз?
– Алғашында алты түрін ашқан болатынбыз. Қазір бес түрімен шұғылданып жатырмыз. Белгілі себептермен ауыр атлетика бөлімін жаптық. Қалған бөлімдер жұмысын тұрақты жүргізуде. Жетістіктері де жаман емес, үш жылдың ішінде байрақты бәсекеде жүлде алып, қоржынымыздың бүйірі де бұлтиып келеді. Осы жерде мен сізге қысқы спорт түрінен жеткен жетістікті айтып берейін. Қалған саладан да жүлдеміз қомақты. Оның барлығын тізетін болсақ, бір күнге созуға тура келеді. Сондықтан қысқы спортты айтайын. Төрт баламыз Қазақстан чемпионы атанды. Айша Рақышева деген қызымыз Павлодарда өткен ел чемпионатында екінші орынды алса, Ридер қаласында өткен спортакиада да бірінші орынға ие болды. Нартай Тұрлыбекұлы, Бекжан Ерхаметов деген таланттарымыз облыстық ашық біріншілікте жүлдеден көрінді. Жаттықтырушы А. Қонаев пен М. Имашеваның тәлімін алған Нұрбол Нағимоллаев, Ернар Нурсбеков, Еламан Хумарбек, Виктория Серикова, Анастасия Карташова, Асланбек Маратов жарыстан құралақан қайтқан емес.
– Сіздерге қосымша көмек болып тұра ма?
– Әрине, облыстық спорт басқармасымен бірге аудан әкімі             Ә. Жақанбаевтың тікелей қадағалауында десек те болады. Оның сыртында Бауыржан ағамыздың жеке қолдауы бар. Жалпы айтқанда ештеңеден тарықпаймыз, болған жарыстың бәріне барып, қатысып жүлдеге қол жеткізіп жүрміз. Қаржылай көмек те жолға қойылған. Тамақтану мәселесі де тұрақты. Мектеп оқушыларына күнделікті тамақтың сыртында арнайы бал беріледі, одан кейін қымызбен қамтылған. Яғни, табиғи тағамдарды да біз өз жоспарымызға енгізіп, спортшылардың күш-қуатын толтыруға қосымша жағдай туғызып отырмыз.
– Енді кадр мәселесі жағына тоқталсаңыз?
– Бізде білікті бапкерлер қызмет істеуде. Бүгінде ауылды жерлерге маман тарту өте қиын ғой. Ал бізде ондай мәселе жоқ. Келген маманға бар жағдай жасалған. Ең бірінші үймен қамтылады, одан кейін қаражат мәселесі. Осы екі мәселе дұрыс жолға қойылған. Оны Бауыржан ағамыз әубастан қолға алып, мамандардың ештеңеден тарықпауын басты назарда ұстайды. Міне, осындай жағдайды көріп отырған мамандардың жұмысы да нәтижелі болады және шынайы махаббатпен істейді деп ойлаймын. Дзюдодан Тоқтар Қаркатеров, Б. Ақбашов, бокстан С. Ибраев, Жанат Ердос, грек-рим күресінен А. Түсіпбеков, А. Бесжанов, еркін күрестен Қ. Шоңырақов, Е. Болысбаев деген жаттықтырушылар еңбек етуде. Осы азаматтардың шәкірттері салған додадан жүлде алып, мектептің абройын асыруда. 
– Жаңа бір сөзіңізде ауыр атлетика бөлімін жауып тастадық дедіңіз. Не себепті?
– Расында да алғашқы кезде ауыр атлетика бөлімін ашқан болатынбыз. Нәтижесі де жаман емес. Тек соңғы кездері осы спорттың айналасында түрлі әңгіме айтыла бастады. Оның сыртында өзіңізге жақсы таныс чемпиондарымыз допинг дауына ілікті. Міне, осы жағдай қатты толғандырды. Бұл жерде біз мына бір мәселені басты назарда ұстауымыз керек. Біз ұлтқа жақсылық пен абыройын асыру үшін қызмет істеп отырмыз. Мемлекеттің беделі біздің бедел. Сонымен қатар ауыр атлетикаға қыз балалардың да қызығушылығы артып келеді. Ендігі жерде біздің тәрбиелеген ұл-қыздарымыз ертең допинг деген пәлеге жолығып жатса, мектептің атына кір келетіні анық емес пе. Я, болмаса өте ауыр спорттың түрі болып есептелгендіктен жарақат көп болады. Жастардың өміріне балта шапқымыз келмейді. Сонымен қатар мен жаңа ұлт мәселесін айтып кеттім. Неге деген сұрақ туады. Ұлттың шежіресін тарататын әйел азаматтар. Шежіреге аты кірмесе де осы азаматшалардан ұрпақ сүйіп отырмыз. Енді қыз бала болашақ ана, елдің абыройы. Ауыр атлетикаға әкеліп, ертеңгі болашағына кедергі келтірмейміз бе деген де ой мазалайды.  Бір күнгі жетістікке масаттанғанша ұлт болашағына қуанған әлдеқайда абыройлы ма деп ойлаймын. Сондықтан желкілдеп өскен жас құрақтың болашағымен байланысты десем артық айтқанымыз емес. Көбіне айтып жатады, ауыр атлетика қаражатты көп талап ететін спорт түрі деп. Мәселе онда емес. Болашаққа дұрыс көзқарас танытып, көлденең келетін абыройсыздықтан қашу керек. Бар мәселе осы.
Әңгімеңізге рахмет!

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ