Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ СПОРТ МЕКТЕПТЕРІНЕ ЖАҢА КӨЛІКТЕР БЕРІЛДІ

Уақыты: 08.10.2020
Оқылды: 524
Бөлім: АЛАМАН

Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев өңірдегі үш спорт мектебіне автокөлік кілтін табыстап, спортшы жастар мен жаттықтырушылар құрамын қуанышқа кенелтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлайды.

- Спортшы – ел намысын қорғайды. Дүбірлі жарыстарда жеңіске жету үлкен еңбектің, тынымсыз дайындықтың нәтижесін көрсетеді. Талғар ауданының спорт саласындағы бәсінің жоғары болуына, абырой биігінен, жеңіс тұғырынан көрінуіне әрбіріңіз сүбелі үлес қосып келесіздер. Спортпен айналысу – шын бақыт. Ол денсаулықтың, ұзақ жасаудың кепілі. Ал спорттың қалаған түрімен шұғылдануға ауданымызда барлық жағдай жасалынған. Бүгінде темекі тартып, шарап ішу сән емес, спортты серік етіп, салауатты өмір сүрудің мәні зор екендігін естен шығармаңыздар, – деген Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев жас спортшыларға сәттілік тіледі. - Спорт мектептерінің материалдық базасын нығайту мақсатында облыс әкімі Амандық Баталовтың және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан зор қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде сіздерге су жаңа автокөлік алудың мүмкіндігі туды.

Серікжан Қазиұлы спорт мектептерінің басшыларына көлік кілттерін салтанатты түрде табыс ете отырып, облыс басшысының ыстық сәлемін айтты. Сөз соңында спорт мектептеріне аудандық әкімшілік тарапынан қажетті қолдаулар көрсетілетіндігін тілге тиек етті.

- «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашылғанына екі жыл толады. Осы уақыт аралығында спорттың 13 түрі бойынша 954 бала спортпен шұғылданып, біразы түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда жеңімпаз атанып, биіктерден көрінуде. Талғарда талантты спортшылар өсіп келеді. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен қолымызға шағын автобустың кілтін алып отырмыз. Біздің ұжым үшін зор қуаныш. Себебі, спорт мектебі ашылғалы бері көлігіміз болмаған. Енді балалардың жарыстарға қатынауында қиындықтар туындамайды, – деді аталған спорттық мекеменің директоры Айгүл Битуова.

- Автокөлік алғанымызға өте қуаныштымыз. Балаларды жарыстарға жеткізуімізге, сондай-ақ, спорт мектебінің ішкі қажеттілігін өтеуге, велосипедке керек қосымша құрал-жабдық алу үшін де қатынас көлігі ретінде көп көмегі тиетін болады. Ауданда велоспортқа әуес 500 бала осы спорттың жандануына атсалысып келеді. Олардың арасында республика чемпиондары да бар, – деді үш жеңіл көліктің кілтін алған Андрей Кивилев атындағы велоспорттан облыстық олимпиада ізбасарларын дайындауға арналған арнаулы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сергей Третьяков. Сонымен қатар, 16 орынды «Газель» шағын автобусының кілтін алған қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Қайрат Нұрбаев та аудан әкіміне ризашылығын білдірді.

Автокөлік кілттерін салтанатты түрде табыстаған соң аудан әкімі Серікжан Ерекешев «Алмалы» спорт мектебінің жұмысымен танысты. Спорттың 13 түрінен, соның ішінде, жағажай волейбол, таэквондо, каратэ, қазақша күрес, бокстен жан аянбай жаттығып жатқан жасөспірімдердің қызу дайындықтарына ризашылығын білдірген ол кездесу барысында балалардың спорттан қол үзбеулеріне және алға қойған мақсаттарына жетулеріне ізгі ниетін білдірді. Осы тұста аудан әкімі Серікжан Қазиұлының жас шағында күреспен айналысқандығын, қазіргі кезде ара-тұра футбол ойнайтындығын да сұрап, білдік.

- Ауданымызда спорттық мектептердің базасы жылдан-жылға толығып, жаңартылуда. Спортсүйер жастарымыздың жаттығуына, жарыстарға қатысуына барлық жағдай қарастырылған. Автокөліктің алынуы да соның дәлелі. Биылғы жылға жоспар бойынша 48090.0 мың теңге қаражат бөлінді. Соның 20500 мың теңгесіне «Алмалы» БЖСМ-не «Hyindai H350» 17 орынды шағын автобусы, қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімедер мектебіне 11500 мың теңгеге 16 орынды «Газель» шағын автобусы, ал А.Кивилев атындағы велоспорт мектебіне құны 6250 мың теңгелік «Lada Vesta» және 7 орынды 2 «Lada Largus» автокөліктері 9840.0 мың теңгеге берілді, – дейді Талғар аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Аманжол Нұрманов.

Осылайша жаңа автокөліктің кілттерін алған спорт мектептерінің басшылары мен жаттықтырушылар, жасөспірімдер қуаныштарын жасыра алмай, жеңіс туын желбіретуге уәде берді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы