ШЕҢГЕЛДІДЕ БОЛАШАҚ ЧЕМПИОНДАР ҮШІН ЖАҢА СТАДИОН САЛЫНДЫ

Уақыты: 24.12.2020
Оқылды: 1272

Қапшағай қаласына қарасты Шеңгелді ауылында жаңа стадион пайдалануға берілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жаңа ашылған стадион Шеңгелді ауылында тұратын алты жүзден аса жастың спортқа деген құлшынысын оятып, мерейін асыра түсетіні анық.

Соңғы екі жылда Қапшағай қаласында спорттық нысандардың бой көтеруіне баса көңіл бөлініп, жергілікті бюджеттен 340 млн.теңге бөлінген. Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамытуға және бағдарламалар бойынша жыл сайын жиырмаға жуық мектеп ауласы мен балалар алаңдарын салу тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Қапшағай қаласындағы облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде спорттың 15 түрі бар. Онда 1380 спортшы шұғылданады. Олардың бүгінгі таңда көрсеткіштері көңіл көншітерлік. Бокс, күрес, футбол түрлерін былай қойғанда, көпшілікке таңсық желкенді қайық спортының жеткен жетістіктері мақтанышпен айтарлықтай. Ірі халықаралық жарыстарда орын алып, сәтін салса, Олимпиададан да қазақтың ақ желкенін көріп қалу ғажап емес.

Олай болса, мерекеде лентасы қиылған жаңа стадион да болашақ чемпиондардың баспалдағы болатыны сөзсіз.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Қапшағай қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан