"ЖЕТІСУ" ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ КӨРІНБЕЙТІН БІР МҮШЕСІ БАР: ОЛ - ВАЛЕРИЙ ГРИБОВ

Уақыты: 23.01.2021
Оқылды: 830

Он бес жылдың ішінде «Жетісу» футбол клубына қаншама бапкер келіп-кетті, талай басшы ауысты. Сол аралықта ұжымнан кетпей, бір орында жұмыс істеп келе жатқан команданың автобус жүргізушісі Валерий Грибовтың клубқа сіңірген еңбегі зор. 

– Футбол клубының жүргізушісі болу – қиын әрі қызық. Балалардан бастап премьер-лигадағы, «Б» лигасындағы футболшыларға дейін тасымалдадым. Он бес жылдың ішінде көптеген жағдайдың куәсі болдым. Жеңістің де, жеңілістің де не екенін жақсы білемін, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. Бастапқыда қалаішілік автобустың жүргізушісі болған ол алғашында командадағы тәртіпке, тыныштыққа таңғалды. Адамдармен сөйлесіп, қарым-қатынас орнатуды жақсы білгендіктен команда ойыншыларымен бірден араласып кету оңай болған.

– Жұмысқа орналасқанда үлкен автобус болды, одан кейін 2016 жылы жаңа «Хюндай» маркалы автобус келді. Жалпы клубта қанша автобус болды, соның үлкен-кішісін бәрін жүргіздім, – дейді өзі.

Жалпы, ойыншылар жолда не көріп, қандай әуен тыңдайтынын сұрағанымызда:

– Шыны керек, қандай да бір музыканы, радионы көп қоспаймыз. Олар тынығу керек. Ал былай әрқайсысы жеке өздері құлаққаппен тыңдайды. Кейде жол алыстау болса өздері диск алып келіп, болмаса флешкаға жазып, кино қостырады. Ол көбінде ойыннан қайтып келе жатқанда болады, – деп жауап берді.

Он бес жыл бір клубта жұмыс істеу – үлкен тарих. Оның үстіне, қазақстандық клуб үшін сирек кездестін құбылыс. Ірілі-ұсақты оқиғалардың болғаны анық. Біз кейіпкерлерімізден соның есте қалғандарын сұрадық.

– Есімде қалған ұмытылмайтын оқиға – ол 2011 жылы «Жетісу» Талдықорғанда ел чемпионатының күміс медалін алған сәт. Әрине, жетістік. Бірақ «Жетісу» сол ойында «Шахтерді» жеңсе чемпион еді. Ал қонақтарды күтіп алу, шығарып салу бізге жүктелгендіктен, шыны керек, мен үшін сол чемпиондарды әуежайға дейін шығарып салу ауыр болды. Сол кездегі көңіл-күйімді сөзбен жеткізе алмаймын. Осы орайда есіме тағы түсіп отырғаны, шешуші ойынның алдында Қарағандыға жанкүйерлерді алып бардық. Улап-шулап, айқайға басып, жол-жөнекей әнге салып барды. Жалпы жанкүйерлерді түсіну қиындау ғой. Мен жұмыс істегелі автобустың іші шуға толы болған сол сәт шығар. Одан кейін ондай болмады. Фан-клубпен бірге барудың өзі қызық, – деді.

Ал автобустың ішінде заттарын ұмытып кететіндер жөнінде сұрағанымызда:

– Ой, автобустың ішінде бір нәрсесін ұмытып кету жиі орын алады. Оларды түсінесің. Түнделетіп ойыннан келесің, болмаса асығыс матчтан кейін шығып кетеді, міне, сондай кездерде бір затын қалдырып кетеді. Ертесі хабарласып, алады. Көбісінің есімін ұмытып та қалдым, – деп жауап берді.

Бізге қызық болған келесі сауал ойыншылар турасында болды. Оған келгенде кейіпкеріміз:

– Ойыншылардың бәрімен сөйлесеміз, бірақ ішінен мен үшін Кот-дивуарлық легионер Боти Демелмен пікір алмасқан қызық болды. Ол біздің елге бейімделіп, ортақ тілді де меңгеріп келе жатқан. Жақсы бала (жымиып). Біздің футболдың осы тұсы қызық қой. Бір ойыншымен араласып, достасып келе жатқаныңда маусым аяқталады да, басқа клубқа ауысады. Сондай кезде бір түрлі боласың. «Жетісуда» небір мықтылар болды, солар жан-жаққа кеткенде, әрине, сағынасың, – деді. Ойыншылардың автобустағы орындары жөнінде:

– Иә, әр ойыншы маусым алдында өзіне орын таңдап алады, ал сол орнынан футбол маусымы аяқталғанға дейін қозғалмайды. Олардың қанына сіңген. Оның үстіне, белгілі ғой, алдыңғы қатарда міндетті түрде бапкер және оның көмекшілері отырады, қалғанын ойыншылар өздері реттейді, – деп ақтарылды.

– Мен клубпен жүрген ұзақ жол – Алматы мен Талдықорған арасы, одан Қарағанды сапары. Ал Алматыға жиі ойынға барамыз, болмаса сол жердегі әуежайдан ойыншыларды шығарып саламыз. Автобустың іші «өлі тыныштық» болатын кез, ол – команда жеңілген сәтте. Іштей булығып, ашуланып, ойынның бір сәттеріне өкініш білідіріп, өз-өздеріне сыймай, үнсіз ойға шомып отырады. Сол кезде автобустың ішінде үнсіздік орнайды. Әрине, біз оларды жеңсе де, жеңілсе де қолдаймыз, ақылымызды айтамыз. Ал жалпы әркім автобус ішінде өзімен-өзі отырады, – дейді Валерий Семенұлы.

Ұзақ уақыт футболдың қазанында бірге қайнап жүрген азаматтан жергілікті ойыншылар жөнінде де сұрадық.

– Жеті-сегіз жасынан бастап жақсылап тәрбиелеп келе жатқанда ол баланы жоғалтып алатынымызға әлі таңмын. Болашағынан мол үміт күттіретін тамаша балалар болды. Бүгінде ел аузында жүрген Алексей Щеткин, сондай-ақ, Евгений Беляков (ары қарай футболды жалғастырмады), футзалда жүрген Арман Қаражанов сынды футболшылардың ойыны жақсы еді. «Жетісуда» талантты балалар өте көп болды. Мәселен, Айбар Жақсылықов. Оны клубқа алғаш келген күнінен білемін. Жақсылықов жақсылықтың нышанындай. Өзіңді әңгімеге тартады, жағдайыңды сұрайды, іші-бауырыңа кіріп кетеді. Адамгершілігін айтпағанда ойыны да керемет. Өз футболшыларымызды дайындауымыз керек, – деді жүргізуші.

Сұхбат соңында: «Ойыншылар мен команда тарапынан естелік сыйлық болды ма, болмаса өзіңіз сұрап алдыңыз ба?» - дедік. Оған Валера көке («Жетісу» клубындағы ойыншылардың барлығы солай атайды):

– Шыны керек, ойыншылардан болмаса бапкерлерден маусым соңында естелікке жейде болмаса қолсағат сұрап алу деген ойымда болмапты. Ондайға қызыға да бермейді екенмін. Менікі – жұмыс, жұмыс және жұмыс! Зейнеткерлікке дайындалып жүрмін (жымиып), – деді.

Сұхбаттасқан - Серік ҚАНТАЙ