Болашақ жастар қолында

Уақыты: 10.07.2017
Оқылды: 1477

 «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында «Мирас» аймақтық қо­ғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңес отырысына облыстық партия филиалы  төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар САРЫБАЕВ, аталмыш кеңестің төрағасы, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде Қазақстан Журналистер одағына енген жас журналистердің біліктілігін арттыру мен Астана төрінде өтіп жатқан «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің маңызы мен тиімділігі қаралды. 
Жас журналистердің біліктілігін арттыру жайын «Өлке тынысы» ЖШС директорының орынбасары Болат Абаған кеңінен сөз етті. 
– Жас тілшілердің ақпарат айдынында іске асырып жатқан еңбектері ерен. Әсіресе, шығармашылық ізденістерін ерекше атаған жөн. Осындай еңбекқор жастарға барынша жақсы жағдай жасауға міндеттіміз. Сонда олар елдегі тіпті, шетелдегі ақпарат пен саясатты ұштастырып, үлкен жетістіктерге жетеді. Жастар еліміздің толыққанды мүшесі екенін сезінулері керек, – деді Болат Абаған.
Басқосуда елдегі негізгі әрі маңызды саналатын баламалы энергия көздерін пайдалану және «Жасыл экономика» құру бағытында іске асып жатқан «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі жайлы да баяндалды. Бұл туралы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айдын Нұрмұхамбет толық ақпарат берді. Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытқа дейін облыстан 100 ерікті бала Астана қаласына барып, бүкіл әлем көз тіккен көрмеге бір кісідей атсалысты. Алдағы уақытта да бұл ізгі шара өз жалғасын таппақ. 
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.