ЗАМАНАУИ ФОРМАТТА ТҰЛҒАЛАРДЫ БЕЙНЕЛЕЙТІН ДИЗАЙНЕР

Уақыты: 15.06.2021
Оқылды: 1534

Әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таралған заманауи форматтағы Абайдың, Шоқанның, Жамбылдың, тағы сондай қазақтың көрнекті тұлғаларының бейнесі талай оқырманнан оң бағасын алды. Сол суреттерді жасап жүрген жас дизайнер Нұрдәулет Шәріпханов - біздің жерлесіміз. 

Нұрдәулеттен жалпы осы салаға қызығушылығы жөнінде сұрағанымызда: «Менің негізгі мамандығым программист болатын. Мектеп кезінде ойындарды қазақша стильде жасағым келетін, жасап та көрдім. Ойын ішіндегі кейіпкерлерді қазақша стильге аудару үшін фотошоп бағдарламасы керек болды. Сол кезде Youtube-тен қарап, бірнеше ай үйренген едім», – деп жауап берді. 

Біздің анықтама: 1998 жылы Кербұлақ ауданы Сарыөзек кентінде дүниеге келген. Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетін тамамдаған. Бүгінде облыстық Жастар ресурстық орталығында дизайнер болып жұмыс істейді. 

Жас дизайнер Instagram парақшасында еліміздің көрнекті тұлғаларын заманауи бейнеде жасап, бөлісіп жүр. Нұрдаулет бұл идеяны Алматы қаласында бір баспаханадан көргенін, қазір соны өзі қолға алғанын айтты. Оның сөзінше, жұмысын желідегілер жоғары бағалауда. «Менде әлі қарсылық білдірген жазбалар кездеспеді. Мен суретті бейнелегенде рухани құндылықтардан аспауға тырысамын. Халықтың жақсы пікір қалдыруы да соның себебінен деп ойлаймын. Көбісі хайп ұстау мақсатында суретті әртүрлі өзгерістерге ұшыратып, халықтың наразылығын тудырып жатады. Ал менің мақсатым – ол суреттерді өзгерістерге ұшырату емес, қайта жаңадан дем беру. Яғни, ескі суреттердің сапасын жақсартып, оны халықтың назарына қайта ұсыну», – дейді Нұрдәулет.
Ал жұмыс жасайтын бағдарламалар турасында сұрағанымызда: «Өзім қолданатын графикалық бағдарламалар adobe photoshop, adobe illustrator және ол жерде жасаған суреттерімді бейнероликке айналдыру үшін adobe after effects бағдарламасын қолданамын. Менің басты фишкам ол шынайылық деп ойлаймын, себебі адамдарды бейнелегенде артық зат қоспай бұрынғы суреттеріне қарап, сол күйінше бейнелеуге тырысамын», – деп жауап берді. 
Талантты жігіт сөз соңында дизайнер болғысы келетіндерге өз кеңесін берді. «Дизайнер болу үшін өзіңнің жеке көзқарасыңды қалыптастыруың және тоқтаусыз ізденісте болуың керек», – дейді. 

 Серік  ҚАНТАЙ