КӨПБІРЛІКТЕГІ ЖОЛ ДАУЫ: ХАЛЫҚ САПАСЫЗ ЖҰМЫСҚА НАРАЗЫ

Уақыты: 02.07.2021
Оқылды: 3208

«Жетісу» газетінің №69 санында «Жыры бітпейтін жол» деген мақала жарық көрген болатын. Онда Қаратал ауданының  Көпбірлік ауылында салынып жатқан жол мәселесі көтерілген. Сапасы сын көтермейтін жолға ауыл тұрғындары наразылық білдіріп, редакцияға арыз-шағым түсірген еді. Осы мәселе бойынша мақала дайындалып, баспасөз бетінде жарық көріп, жолға жауапты мекемелер назар аударған болатын.

Аталған шағымға байланысты облыстан арнайы комиссия шығып, Көпбірлік ауылындағы жол жасау жұмысын тексеріп, халықпен кездесу өткізді. Арнайы келген комиссияның құрамында облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары С. Самұратов, тапсырысты орындаушы мекеме «Фирма Талдықорған жолдары» ЖШС-нің маманы, өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Алмас Ақжалбеков, учаске басшысы Асхат Өміржан, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Ермек Әпек болды. 

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, ауыл тұрғындары жауапты тұлғаларға өз шағымын жеткізді. Ауылға салынып жатқан тасжол, яғни төселіп жатқан асфальт борпылдақ құмның үстіне жайылып жатқанын жеткізді. 

Сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір жайтты еске сала кетейік. Дәл осы жолдың жыры өткен жылы да дау болған еді. Ол кезде ауыл тұрғындары 409 млн. теңге. мемлекеттің қаржысын далаға төгіп жатыр деп дабыл қақты. Өткен жылы Алмалы – Көпбірлік ауылдарының арасындағы 28 шақырымға тас төгу жоспарланған. Оған мемлекеттен 409 млн. теңгеге жуық қаражат бөлініп, жұмыс орындалды. Осы кезде жауапты мекеме тасты толық төгіп жатқан жоқ, тассыз цементті шашып, шашылған цемент желмен ұшып жатыр деп жұмыс орта жолдан тоқтатылды. Мұндай шағымды естіген жолға жауапты мекеме өкілі арнайы барып, кемшіліктерді анықтап, тоқтаған жерден ары қарай, яғни Алмалы ауылына дейін қиыршақ тас төктірді. Сол кезде қиыршық тас дұрыс төселмеген 8 шақырым жерге қайта тас төгіліп, жұмыс ретке келеді деген ұйғарым шығарылған еді.

Енді, міне, сол дау биыл қайта жаңғырды. Біз айтып отырған «Дайрабайдың көк сиыры» осы өткен жылдан қалып қалған жер. Биыл сол тас төселмей кеткен жерден бастап борпылдақ құмның үстіне асфальт жайылып жатыр. Содан кейін де халық сапасыз жұмысқа наразы.  Ауылдан шыққан жол 8 шақырымға тас төгілген жоқ деп шырылдайды олар. 

Басқарма басшысының орынбасары Серік Зейноллаұлы тұрғындардың ренішін естіп, халыққа істеліп жатқан жолдың жасалу технологиясын түсіндірді. Сонымен қатар 28 шақырымға бүгінде мемлекеттік бюджеттен 178 млн. теңге бөлінгендігін жеткізіп, алда тағы да 200 млн. теңге қарастырылып жатқандығын тілге тиек етті.

Тұрғындармен арадағы әңгіме жұмыстың технологиясына байланысты емес, сол технологияның дұрыс орындалмауында екендігі айтылып, жұрт қайта даурықты. Ақыры іс сөзбен емес, іспен біту керектігін айтқан тұрғындар жауапты мамандарды ертіп, жұмыс жүріп жатқан нысанның басына барды. Осы жерде барлық кемшіліктер жол басқармасы басшысының орынбасарына көрсетілді. 

Бүгінгі таңда Көпбірлік ауылынан Алмалы ауылына дейінгі 4 шақырымдай жолға асфальт құмның үстіне төселген. Тұрғындар осы асфальтты қайта салуды талап етті. Яғни 8 шақырымға қайта қиыршақ тас төгіліп, асфальт қайта жайылсын деген талап қойылды. Қалған 20 шақырымға талапқа сай тас төгілген. 
Тұрғындар бұл жерге тас төгілмегенін күрекпен қазып та, көлікпен шаң бұрқыратып жүріп те көрсетті. Барлық кемшілікке көзі жеткен басқарма басшысының орынбасары Серік Самұратов тұрғындарға нақты жауап берді.

– Бүгінде Алмалы – Көпбірлік арасындағы жол жөндеу жұмысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Қазіргі уақытта осы аралықтағы он жерде үлкен кемшілік бар, ол жерге тас төгіліп, қайта қалпына келтіріледі. Ал 8 шақырымдағы сіздер көрсеткен кемшіліктерге қайта жөндеу жұмысын жүргіземіз. Салынып кеткен асфальтқа арнайы ұлттық сараптама орталығынан мамандар шақыртып, сараптама аламыз. Сараптама жұмысының қорытындысы бойынша кемшілік анықталса, мердігер компания өз есебінен ол жолды қайта жөндеп шығады, – деді ол.

Бұл тұжырымға тұрғындар келіскендей болды. Бірақ тұрғындар ертеңгі күні сараптама өз жұмысын әділ атқарса деп алаңдайды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ