ҰЛЫ ДӘУІР БАСТАУЫ

Уақыты: 09.11.2017
Оқылды: 1640

     Күні кеше Елбасының қолы қойылған Жарлыққа байланысты облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Жаңа әліпби – ұлы дәуір бастауы» атты жиын өтті. Тіл сарайындағы басқосуға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ардагерлер, облыстық басқарма басшылары, қазақ тілінің әліпбиін латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшіру жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының оқытушылары қатысты.

 

     Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев алдымен барша жиналған қауымды елеулі оқиғамен құттықтады.
– Халқымыз үшін тарихи сәт орын алды. «Жаңа әліпби – ұлы дәуір бастауы» атты жиында өздеріңізбен қауышып отырғанымызға қуаныштымыз. Елбасымыз Жарлыққа қол қойды. Бұл қуанышты еліміз сан ғасырлар бойы армандаған десек те болады. Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері талқылау жұмыстары жүргізілді, әртүрлі пікірлер айтылды. Соның аясында жүзеге асқан жарқын жаңалықпен баршаңызды құттықтаймын. Еліміздің тұғыры биік болсын. Тәуелсіздігіміздің іргесі одан әрі нығая берсін, – деген Айдар Карбозұлы ыстық лебізін жеткізді. Әрмен қарай әр саланың өкілдері ұтымды ойларын ортаға салып, бірауыздан қолдау танытып, бірлесе жұмыс атқаруға шақырды. 
Әліпби ауыстыру жай ғана таңба ауыстыру емес. Бұл – түптеп келгенде сананы өзгертуге талпыныс, жаңаша өмір сүруге деген ұмтылыс. Ол сапалық та саналы өзгешелікке бастайды. Мемлекеттік тіліміздің беделін үстем етеді.

Мәди ДАНИЯРҰЛЫ.