"400-дей адамның сүйегі жатыр": Азалы жылдар ізі

Уақыты: 31.05.2023
Оқылды: 1197

Аштық пен қызыл террордың салдары қандай болды дегенде  Ескелді ауданындағы Шымыр қорымы еске түседі. Жергілікті тұрғындар бұл жерде 400-дей адамның сүйегі жатыр дейді. Ал ресми зерттеу дерегі жоқ. Аштыққа ұрынған қазақ Буденный, Малиновка, Ключевой деген тау қойнауына орныққан деревняларға жетіп, жалданып күн көру үшін шұбырған. Көбі орта жолда үзіліп, көмусіз қалған. Әлі барлар марқұмдарды жинап, осы жерге көме беріпті.

Қазаққа аштық деген тажал қайдан төнді дегенде Голощекиннің «Кіші Қазанына» тірелеміз. Дәл сол шолақ саясат қазақтың қорасын қаңыратып, қамбасын босатты.  «Жетісу»телеарнасының «Безбен» хабарынан көрсетілген мына құжатқа зер салыңыздар. Бұл Қаратал ауданынан кәсмпескеге ұшыраған адамдар тізімі.                                                 

№51 (құжат нөмірі) Ірі байлардың малын  компескелеу жұмысы: Қаратал ауданы. 
1. Саяқ  Бұланбайұлының 11 түйе, 89 жылқы, 28 сиыр, 456 қой, 2 қазақ үй,2 там үйі, 2 десе шабындығы алынды. Бұл адам Қаратал болысы 5-6 ауылға қарайды екен. 18-19 жылы ақтарға тыңшы болыпты. 
2. Қыраубай Қырбасұлының 13 түйесі, 66 жылқысы, 13 сиыры, 616 қойы алынды. Бұл адам салықтан малын жасырған.
3. Арыстанбек Дихамбайұлының     7 түйе, 96 жылқы, 115 сиыр, 791 қойы, 1 қазақ үйі алынатын болып окріктік кемесиеден сұралды. Бұл адам Саяқ Бұланбайұлына жәрдемдес болған екен. 
4. Жетібай Қылышбайұлының       6 түйесі, 26 жылқысы, 44 сиыры, 861 қойы,2 қазақ үйі және шерік десе жері  алынды. 
5. Байыршаның 1918-жылы Қытайда қашқанда  ағайындарына  тастап кеткен  малынан 14 жылқы, 7 сиыр, 85 қойы алынды. 
  Міне, Қаратал ауданында осыншама адамның толып жатқан малы компескеленді. Алынған мал-мүліктер октебірдің  аяғына шейін бөлініп берілмек.  Жанақұлы.

37 түйе, үш жүздей жылқы, 200-ден аса сиыр,  үш мыңға жуық қой. Бұл 1928 жылы Қаратал  ауданындағы 5 байдан ғана тәркіленген төрт түлік мал. Мұрағат құжаты 2022 жылы жарық көрген «Уақыт пен тағдыр» кітабында жарияланған. Жетісулық ауқаттыларды тәркілеу кезінде  Ақсудағы атағы алты Алашқа әйгілі Маман байдың үрім-бұтағына оңай тимеген. 1928 жылы бұйрық 10 адамды соттап, жер аударыпты. Дүние-мүлкі тәркіленген. Олардың арасында Маман, Тұрысбек тұқымдары, Үкі қажы, Бекіш, Сареке деген атақты байлар бар. Осы 10 адам ең алғаш Қазақстан бойынша айдалады. 3 жылға жер аударады, бала-шағасын алып қояды, көрмеген азабы қалмайды.  Тарихшы Күлімкөз Теңізбайқызы кесапат аяқастынан келген жоқ, 30 жылдық озбырлықтың салдары болды дейді. 20-30 жылдарда Жетісу,  Сырдария округінде қазақтар өте тығыз орналасты. Патша үкіметінің оған дейінгі отарлау саясатының кесірінен солтүстіктегі ең шұрайлы, құнарлы жерлер алынып, қазақтар босып, оңтүстікке қарай ығысуға мәжбүр болған. Оған 1916 жылғы дүрбелең, азамат соғысының азабын, 1919-21 жылғы аштықты қоссаңыз халықтың коллективизациясыз-ақ ыңыршағы шыққанын түсінуге болады. Ал, жоғарыдағыдай тәркілеу түпқазығы – малшаруашылығы болған қазақты мүлдем сансыратқан.

Тарихшы Шәмек Тілеубаев бір ғана Жаркент уезінде көтеріліске дейін  67 800 жылқы,  51 261 ірі қара, 2 612 түйе, 568 488 қой-ешкі,7 577 десятина егіндік болған, көтерілістен кейін әлгі жылқының 78,59%-ы, ірі қараның 63,97%-ы, қой-ешкінің 81,19%-ы тартып алынып, егіндіктің 22,28%-і жойылған дейді. Қанқасап қазақтың бар өңірінде болған десек те Жетісудағы зардабы тым орасан. Содан болар, 1929-31 жылдары дәл осы өлкенің халқы билікке қатты қарсылық көрсеткен. 370-ке жуық көтерілістің көбі Жетісуда болған. Қаратал, Ақсу-Бүйен, Сарқан,  Шұбар, Балқаш көтерілісі ұйымдастырылып, жаны қысылған халық бұрқ-сарқ етіп жатты. Алыстағыға хат жолдап жең ұшымен жеткізіп, ауыл, аудандардағы қазақ азаматтары өзара хабардар болып, жаппай атқа қонып, билікті аударып тастауға талпынған. Талас Омарбек осы жылдардағы бас көтерулерді зерттеген кітабында 1930 жылы Балқаш ауданы №1 ауылдың қауымынан Шоқпар ауданының азаматтарына жазған хатын жариялады. Онда «Біз өзімізде көтеріліс ұйымдастырудамыз. Құдай сәтін салсын деп тілейік. Түсіп жатқан мәліметтерге қарағанда Шұбарда, Қараталда, Талдықорғанда барлық жерде біздегідей көтеріліс басталыпты. Қоғалы қозғалысы өзінің ықпалын барлық жаққа таратты. Бізден төменгі 2-ші, 3-ші,10-шы ауылдар Ақкөлді алды. Енді қол қусырып отыруға болмас, халықты көтеріліске қосылуға үндеңдер!» деп жазылған. 

Алайда архив құжаттары ақтарылған сайын Жетісудағы көтерілістердің тарихы тереңдеп барады, Еркін Стамшалов соңғы уақытта Аралтөбе көтерілісі туралы құжаттар жариялап жүр. Ол 1928 жылы болған екен. 

«Соңғы зерттеулер шаруалар көтерілістерінің ізашар оқиғасы 1928 жылдың сәуір айында Жетісуда, Талдықорған уезіне қарасты Қоғалы болыстығының Аралтөбе казак станицасында болғанын, бірақ бұрын мүлде зерттелмегендігін көрсетті. Аралтөбелік шаруалар ашығып отырған халықтан күштеп жиналған астықтың әкетілуіне қарсы шыққан. ОГПУ, партия органдарының үлкен әбігеріне себеп болған көтеріліс кезінде шаруалар ауылды басып алып, коммунист, комсомолдарды қарулы күзетке алып, дайындалған астықты ашыққан жұртқа таратып берген», – дейді тарихшы. 

Бұл қарсылық кезінде елуге жуық адам сотталыпты.  Осыдан кейін әр тұста наразылық болып жатты. Липень деген милиция басшысы Аягөзден атқыштар бригадасын алдырып, әуелі Шұбар, одан кейін Қаратал көтерілісі  қанға тұншықты. Аудандық атқару комитетіне қарсы шыққан халық «салық төлемейміз, астық бермейміз» деп наразылық білдірген. Халық толқуы  Ақсуда  және Қоғалыда жалғасыпты.  

«Бүйен-Ақсу ауданының байлары 27/ІІІ (1930 ж.) Кеңес өкіметіне қарсы белсенді бас көтеріп, өздерінің отрядтарын бір мезгілде үш бағытқа жіберді: Арасан – Абакумовка – Ақсу. Сағат екіде 200 адамнан тұратын банда (көтерілісшілер) Абакумовканы басып алды...»

Бұл көтерілістердің құжаттамасы Президент архивында сақталған. Қазақстан тарихшылары Алаш қайраткерлерін, қызыл империя тұсында саясатқа араласқан Ілияс Жансүгіров, Ыбырайым Жайнақов, Біләл Сүлеев секілді көптеген тұлғаларды зерттеді. Әлі де құжаттар табылып жатыр. Дәл қазіргі кезеңде көтеріліс бастап қолына қару алып соғысқан ерлердің ақталуы сырт қалып тұр. Себебі қызыл жендеттерден сытылып кеткендер, елге орала алмай сыртта қалған ерлер  тізімде жоқ. Ақтау ісі ІІБ, ҰҚК архивіндегі сотталған адамдар тізіміне орай ғана жүреді.   Мәселен, қызылмен көп қырқысқан Құндақбай Төлендіұлының зираты ҚХР-дың Бесағаш аймағында қалған, Омарбек Еркінбекұлы сол елдің Ақсулы деген жерінде жатыр. Қызылдар «банды» деп қуып, жаттан топырақ бұйырған бұл азаматтар жайлы архивте қағаз көп. Сондықтан болар, тарихшылар есімдерін жиі атай бастады. Енді ақталғандар тізіміне енсе... Ал, бес болыс жалайыр 1916 жылы хан көтеріп, соғысқа қолбасшы еткен Құдиярхан Тезеков большевиктер шеңгелінен құтылмаған. Ақ патшаға қарсы соғысқан адам деп әуелде жылы қабақ танытқанымен аштық кезіндегі қарсылықтар тұсында  айыптап, жазықты еткен.      

Дело № 4341
Тезеков-Аблайханов Кудаирхан.  
Родился в 1851 г., Алматинская обл., Талдыкурганский р-н, аул 9.;  казах;  Арестован  27 сентября 1930 г. Талды-Курганское  ПП ОГПУ 
Приговорен: Тройка при  ПП ОГПУ. 19 ноября 1930 г., обв.: 58-10  УК  РСФСР.
Приговор: ВМН Реабилитирован 10 апрелья 1989 г. Талды-Курганская  облпрокуратура УКАЗ ПВС СССР от 16.01.1989 
Источник: Сведения  ДКНБ РК по Алматинской обл.
Арестован 28 июля 1930 г. под стражей в Ядринском  ИТД.. 19.08.1930 г. мера  пресечения  изменена  на подписку о  невыезде.  
...Тезеков-Аблайханов Кудаирхан.

Бұл Жетісу облыстық ҰҚК департаменті мұрағатындағы құжат. Қылмыстық істе Құдиярхан Тезекұлының 1930 жылдың  қыркүйек  айында тұтқындалғаны жазылған. Оған РСФСР ҚК 58-10 бабы бойынша айып тағылған, яғни совет үкіметіне қарсы үгіт жүргізген  деп айыптаған. Оны әуелі Қоғалыда қамап, кейін Алматыдағы абақтыға жеткізген. Сол жерде 79 жасында атылған. 1989 жылы 10 сәуірде ақталған. Тезек сұлтан ұрпағы да  КСРО Жоғарғы Кеңесі шығарған, 30-40 жылдары, 50 жылдардың бас шенінде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтауға негіз болған Жарлық шыққаннан кейін тізімге ілігіп, ақталғандардың алғашқы легінің арасында екен.  Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылдады. Сол екі құжат бойынша саяси-қуғын сүргінге ұшыраған жетісулықтарды тізген кезде төрт мың адамнан асып кетті. Үйімдегі жарты дорба бидайды бермеймін деп қарсылық көрсеткендер – террорист, ауылды ауызбірлікке шақырып, ұйытқы болғандар – халық жауы, тыңшы атанып, 1926 жылы қабылданған РСФСР ҚК 58-бабының 11 тармағы бойынша сотталған, итжеккенге айдалған, атылған. Қазірде Малайсары, Қоғалы аудандарынан атылған 19 адамның есімі белгілі болып отыр. Октябрь ауданынан ату жазасына кесілгендер саны 20-дан асып кетті. Сотталмаған, абақтыға бара жатқан жолда сытылып кеткен  адамдар да жүздеп, мүмкін мыңдап саналады.

Мысалы атақты Көмек байдың баласы Қожеке сотталған, ал оның бауыры Сыдық Айнабұлақ стансысында эшелоннан түсе қашып, ұстатпай кеткен. Қазір 1930 жылы 6 желтоқсанда 5 жылға сотталған Қожеке Көмеков құрбандар тізімінде бар, Сыдық жоқ. Өйткені ол еңбекпен түзеу лагеріне жетіп, тізімге алынбаған. Күреңбелдік Сәми Омаровтың да сотталғаны елге аян, тізімде жоқ. Баласы Әділбек: «Әкем Сәми колхозда бригадир болған, бір қап бидайды ұрлап, елге таратып бергені үшін істі болып, 12 жылға сотталыпты. Содан абақтыға апарар жолда қашып, Қытайды паналады, біз сонда тудық», – дейді.  Шегара асқан қазақтар 1955 және 1960-жылдары елге бет түзеді, Сәми ұрпақтары сол кезде елге оралған. Қашқын ұрпағы екенін жасырып, баспалап күн кешкен. Себебі саясат  ызғары сүйекке дейін қарып, жүрекке ұялаған. Әлі күнге дейін атасының, әкесінің «банды» болғанын, өкіметке қарсы шыққанын айтуға қорқатындар көп. Тілдессең «Бізге кесірі тиіп кетпей ме?» – дейді қарттар кемсеңдеп. 

Қазақ даласында саяси-қуғын сүргінге ұшырағандар жүз мыңнан асады делініп жүр еді. 2020 жылы құрылған мемлекеттік комиссия өкілдері осы күні 300 мыңнан асады деген дерек айтып жүр. Қазақ көрген қорлықтың салмағы үш еселенді деген сөз.  

Серік Әбікен,
журналист