Төрегелді Шарманов әдемі қартаюдың сырымен бөлісті

Уақыты: 31.05.2023
Оқылды: 694

Ғалым, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов әдемі қартаюдың сырын айтты, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы turkystan.kz сайтына сілтеп.

«Адам жасы келген сайын тiршiлiкте көрген-бiлгенi мен оқыған-тоқығанын, iлгенi мен бiлгенiн, жылдап жиған абырой – беделiн кезi келген уақытта жақсы бiр қасиетке, жақсы қартаюға бағыттағаны жөн. Яғни, ол әулеттiң, елдiң ақсақалы болуға дайындалуы керек.

Жыл өтедi, жас ұлғаяды. Соншама уақыттың iшiнде жүрiп өткен iзiңдi жаңа буын, толқын-толқын болып жеткен жас ұрпақ басады. Күнi кеше өзiң қолынан жетелеген жас бала жiгiт болып, елге, халыққа пайдамды тигiзсем деп талап етедi. Сонда ол кiмнен үлгi алып, кiмнен ақыл сұрайды? Әрине, ағадан, ақсақалдан өнеге алады», – деп жазды ғалым.

Төрегелді Шармановтың айтуынша, аға буын жастың құрметiне, талабына лайық әрі дайын болған жақсы.

«Жасы үлкен адам қоғамның өзгергенiн мойындамай, күнi кеше өзi өмiр сүрген заманның деңгейiмен, өзi қызмет еткен қоғамның, сол кездегi саясаттың талабынан шыға алмай, кешегi жеткен жаманды – жақсылы беделi мен көрген – бiлгенiн көлденең тартып, «Менi бәрi сыйлайтын. Сондықтан сендер де жасымның үлкендiгiн, сақал-шашымның ағын құрметтеулерiң керек» деген сияқты орынсыз мiндетсуден аулақ, абай болған дұрыс. Үй-iшi мен бала-шаға, немерелерiне азар адам ауыл-аймақ, ел iшiне де қадiрсiз», – деді академик.

Оның айтуынша, сақал-шашы ақылдың толғандығынан емес, мезгiлдiң өткенiнен, уақыттың табынан ағарған, қариялыққа жете алмай қартайған кiсiнi «қолы көтере алмаған шоқпарды белiне байлапты» десе де болар.

Сурет ғаламтордан алынды