Күйініш күйзелтпесін

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1166

Адамның жан дүниесі, жігер-күші тағдырын басқарады. Мына алмағайып заманда  санаңды басқару толыққанды өмір сүру үшін үлкен рөл атқарады. Сол жан дүниені   зерттейтін-зерделейтін маманды психолог деп атайды.  Психолог, әсіресе, жасөспірім шақта керек. Себебі, мінез аумалы-төкпелі. Оны дәрігер гормондардың «ойнауымен» түсіндіреді.  Міне, балалардың  әр нәрсеге  еліктегіш келетіні де осы шақпен тұспа-тұс. Алғашқы махаббаттың әлегі де ағзадағы өзгеріспен қабаттасып, санаға салмақ түсіреді. Жауапсыз махаббатты «мені менсінбедіге» балап, күйінетін де осы кез. Ата-ананың ақылынан  көшедегі достың азғыруы күштірек болатын да балалықтан жастық шаққа өтер кез.   Мектепте 6-9-сынып аралығында балалармен тәрбие  жұмысы күшейеді.  Психологтар балалардың жүріс-тұрысын,  күдікті әрекеттерін жіті қадағалайды.  Осы орайда  бала тәрбиесіне байланысты сұрақтарымызды Талдықорған қаласындағы № 19 мектептің психологі Айжан Шаяхметоваға қойған едік. 

– Айжан Әбілғалиқызы, қазір баланы интернет, қоғам тәрбиелейді. Ата-ананың балаға қарайтын уақыты жоқ деген сөзге қалай қарайсыз?
– Бала – көзі көргенге көп еліктейді. Шындығында олар ата-ананы кешке жақын ғана көреді.  Олар бүгінде  әлеуметтік желіге тәуелді.  Күндіз-түні  сондағы іс-әрекеттер мен болып жатқан жаңалықтарды  бойына қабылдауда. Баяғыдай ата-анамен дастарқанда әңгіме-дүкен құрып, тағылымды әңгіме айту жоқ. Үй қарасын көрмей жұмыс істейтін әке-шешелер де бар.  Сондықтан, баланы қоғам тәрбиелеп жатыр деген рас. 
– Ата-ана қызметіне байланысты  көбінесе сыртта жүреді делік. Сонда баланы қалай қадағалауы тиіс?
– Баланың қандай іске бейім екенін байқау керек. Қызығушылығын аңғарған жөн. Содан, сол пән немесе қосымша сабаққа берген дұрыс. Кейбір бала спортты жақсы көреді. Ата-ана  күніне бір сағат болса да  балаға уақыт бөліп, күндіз не істеді, қандай шаруамен шұғылданды біліп отыруы керек. Мүмкін балаңыз біреумен ренжісіп, күйініп отырған шығар. Сіз әңгімелесе бастасаңыз ол шыдамай ағынан жарылуы мүмкін. Сүйтіп, оның бәрі өмірдің ұсақ-түйек қиындығы екенін балаға түсіндіресіз.  Ұл-қыздар бізге  отбасында өзіне көңіл бөлінбейтінін айтып шағымданады.
– Осы жерін толығырақ айтсаңыз. Жалпы баланың ішкі-дүниесіне, өмірге көзқарасына қалай үңілесіздер?
– Бұл жерде әртүрлі әдіс қолданамыз. Көбінесе мақсатымызды жасөспірімдерге байқатпауға тырысамыз. Тест алғанда 100 сұрақ қоямыз. Соның бірі ғана негізгі сұрақ болады. Мысалы, елеусіз бір тұсына «Өмірді сүйесің бе?» деген сауал тастай саламыз. Сонда  күйзеліп жүрген бала «Ойланбаппын», «Қызық емес» деген сияқты жауап жазады. Сондай-ақ, эссе жаздырамыз. Онда «Мен болашақта...», «Менің отбасым» деген тақырыптарды қозғаймыз. Жауаптағы  «Уақытында көреміз», «өзімді жалғыз сезінемін» деген сөйлемдер баланың күйзелісте жүргенін байқатады. Менің байқауымша, көбінесе ортаңғы бала күйзеліске түскіш келеді. Отбасында үлкенді  тұңғыш деп еркелетеді. Кішіні – кенже дейді. Ортаңғы «ерекшелерге»  қызғанышпен қарап жүргенін кей ата-ана сезбейді. 
– Балалардың күйзеліске түскенін қалай байқауға болады?
– Балалардың күйзелісі екі түрге бөлінеді. Біріншісі  – жан-жағына күшін көрсетіп, қорқытуға тырысады. Қоршаған ортаға жеккөрінішпен қарап, айбат шегеді. Мұғалімге сөз қайтарады. Үйден қашады.  Қатарластарымен ерегеседі, жаға жыртысады.  Ондай бала ашу үстінде не істегенін байқамай да қалады. Екінші түрі  – бала торығады. Жалғыз қалуға тырысады. Тұйықталып, өз ойымен өзі әлек болады. Мәселесін ешкімге айтпайды. Өмірдегі келеңсіздіктерге мен кінәлімін деп ойлайды. Басқалардан өзін кем санай бастайды. 
– Сіздер  күйзеліске түскен балаға қалай көмектесесіздер? Ата-ана не істеуі керек?
– Мұндайда біз көбінесе балаға білдірмей сол сыныптың ата-анасын түгел жинап тест аламыз.  Сол жердегі жауаптарға қарап, әңгіме-дүкен құрған болып, ата-анасына ой саламыз.  Керек болса, жеке сөйлесеміз. Тәжірибемде байқағаным, ата-анамен сөйлескеннен кейін отбасында байланыс орнап, үйлесім, жарастық таба бастағанын сеземіз. Сол кезде бала да жарқырай бастайды.
– Бала көбінесе қандай жағдайға күйінеді?
– Отбасында ұрыс-керіс болғанда  бала жүйкесі сыр бере бастай-        ды. Ата-ананың ажырасуы әсіресе  ұл балаларға қатты соққы болып тиеді. Үйдегі жетіспеушілік, қаражат қиындығына  балалар өзін кінәлі сезінеді. Мен болмасам осылар тату тұратын шығар деген  ой айтатындар да бар. Әке-шеше отбасында  барынша татулық сақтауы тиіс. Ұл-қызға бар-жоқты онша білдіртпеген жөн.  Бар ақша менің  киіміме, қосымша сабағыма кетіп жатыр-ау деп іштей қиналып жүретіндер бар. Сондықтан бала тәрбиесін ақсатып алмайық. Шаңырақтағы шаттық ержетіп келе жатқан баланың өміріне  оттегіден де артық қорек. 
 
Гүлжан ТҰРСЫН