Түйінді мәселе шешіледі

Уақыты: 14.07.2018
Оқылды: 1203

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бопазов Текелі қаласында жөндеу құрылысы жүріп жатқан қалалық аурухана жұмысымен танысты. Және де 20 жылдам астам уақыт бойы мәселесі шешілмей келген қалдық қойманы көріп қайтты. 

Қазіргі кезде халық қалаулылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің орындалу барысын бағамдау үшін республиканың барлық аймағын аралап жүр. Онда жергілікті тұрғындармен жүздесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түруде. Соған сай түйінді мәселелерді шешу жолында өз үлестерін қоспақшы.
Жөндеу жұмысына 600 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген аурухананың құрылысы осы жылдың қаңтар айында басталған. Тамыз айының аяғында қолданысқа берілуі керек. Аурухана аймағына арнайы барған Марат Дәрібекұлы:
– Дәл осы қарқынмен жұмыс жүргізетін болсаңыздар 2020 жылы бір-ақ бітіресіздер. Жеткілікті қаржы бөлінді, енді барлығы сапалы аяқталуы керек. Толығымен біткенше жеке қадағалуымда ұстайтын боламын, – деп «Фуд МС» ЖШС-нің басшысына ескертті. 
Барлығы 28,6 гектар жерді алып жатқан қалдық қоймасы жел тұрса болды шаңы көкке көтеріліп, қала, қалаға жақын елді мекендерге таралады. Ал оның зияны тұрғындардан бөлек табиғатқа да тиеді. 
– Бүгінгі көтеріліп жатқан мәселе бойынша облыс әкімінің қолдауымен сметалық-жобалық құжатын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 18 млн. теңге ақша бөлінді. Осы жылдың қазан айына жоспарлап қойдық, ҚР Энергетика министрлігі өкілдерінің қатысуымен осында жиын өткіземіз. Сол кезде жан-жақты талқыланады, – деді Марат Бопазов. Өз сөзінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Текелінің дамып келе жатқандығын айтып, келешекте де көркейе беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, қозғалған мәселелердің міндетті түрде шешімін табатынын жеткізді.

Мәулен Әнербай
Текелі қаласы