Еңбегі ерен

Уақыты: 29.08.2018
Оқылды: 1246

Әрқашанда бағыт-бағдар беріп, қолдап отыратын адамды неге жақсы көрмеске?! Ең алдымен, дүниеге келген кішкене сәбиден бастасақ. Нәресте шыр етіп дүниеге келген сәтте оның алғашқы тәрбиешісі анасы. Өйткені, балаға дүниені тануға ана себепкер болады. Ал бала мектеп табалдырығын аттаған кезде алдымен қалам ұстатып, әріп үйрететін жан оның ұстазы. Яғни мектеп мұғалімі. Бұл баланың есінен ешқашан кетпейтін тәтті естелік.

Шыны керек, ержетіп келе жатқан балаға әртүрлі тақырыпта ой қозғау оңай емес. Ұстаз – көп мамандықтар ішіндегі мейірімділікті, жан-жақты икемділікті қажет ететін мамандық. Барлық талапқа сай жұмыс жасап, баланың ойынан шыға білуге тиіссің. Бала болашағын басты назарда ұстауың шарт.
Ұстаз, меніңше, ерекше ұғым. Бала бір жерде қалып қалмауы үшін бойындағы бар күш-жігерін сарқып береді. Абай атамыз айтқандай, «бір күнде бір нәрсе үйренбесе, сол күні харам». Осы мәтелді негізге ала отырып жан аямай жұмыс жасайды. 
Негізінде оқуға себеп болатын тек ұстаз емес, баланың ынта-жігері, оқуға деген талабы. Тағы үйренсем, білсем деген баланы ұстаз неге қолдамасқа, үйретпеске? Соны естен шығармауымыз керек.
Өмір алма-кезек. Біріміз мектеп қабырғасына енді қадам бассақ, біріміз алтын ұямызбен қоштасып жатамыз. Оқушы сабағын аяқтаған соң үлкен сапарға шығады. Өзі армандаған мамандық оқуына түсуді мақсат тұтады. Сол ойлаған ойын іске асырса, бұл ұстаздың ерен еңбегінің ақталғаны. Осы орайда Сарқан ауданы, Көктерек ауылының         М. Мәметова атындағы орта мектебінің ұстаздары Эльмира Асылбекова, Рысгүл Жанатқызы және өзім үлгі тұтатын математика пәнінің мұғалімі Айгерім Боранбайқызының еңбектері зор. Олар талай шәкіртке қанат бітіріп, қияға қондырды. Олардың сөйлеген сөзі, берген маңызды ақпараты маған үлкен әсер қалдырады. 
Сонымен қатар бұл білім ордасындағы әрбір ұстаз өздерінің біліктілігімен көзге түсуде. Шәкірттері үлкен додаларға қатысып топ жарып, мектептің абыройын асқақтатып жүр. Сондықтан барлығына айтар алғыс шексіз. 

Нұршат Төлеубек,
М. Мәметова атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы
Көктерек ауылы,
Сарқан ауданы