Мақсат - мұғалім мәртебесін көтеру

Уақыты: 29.08.2018
Оқылды: 1488

Бірер күннен кейін мектеп оқушылары асыға күткен жаңа оқу жылы басталады. Қазіргі кезде жаппай өткен тамыз кеңесі жиындарынан соң ұстаздар қауымы жаңа міндеттемелер алып, оқу жылын бастауға әзірлік үстінде.

Жыл соңына дейін облыс бойынша 9 мектеп жаңадан салынып, пайдалануға беріледі. Оның 7-еуі Білім күніне орай ашылады. Үш ауысымдылықты жою бойынша жұмыс жалғастырылады. Басталғалы отырған оқу жылында 45 524 бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттамақ.
Соңғы жылдары білім саласында түбегейлі өзгерістер жүруде. Үстіміздегі оқу жылы да төмендегідей жаңашылдықтармен ерекшеленді. Мектепке дейінгі білім берумен қамту деңгейі өседі. Балабақшаға кезекке тұру мен жолдама беру толығымен электронды форматқа ауыстырылады. Қазіргі кезде бұл жұмыс облыста басталып кетті. Балабақшаларда оқу-тәрбие сапасы көтеріліп, бір деңгейге келтіріледі. Балабақшада балалардың білім алуын бағалаудың бірыңғай жүйесі енгізіледі.
Жаңартылған білім мазмұнына кезең-кезеңмен көшу жұмыстары жалғасады. Жаңа оқу жылынан бастап 3, 6, 8-сынып оқушылары жаңа стандарт негізінде білім алады. 
Жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық циклдағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуда 121 мектеп пилоттық жобаға енді. Онда 181 педагог алғашқылардың бірі болып жұмысты бастайды. «Ustaz» орталығының сүйемелдеуімен үш тілде оқытатын педагогтардан менторлар дайындау жұмыстары жүргізіледі. 
Педагог мамандарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Өткен оқу жылының соңында 3013 педагог аттестаттаудың жаңа қағидаларына сәйкес аттестаттаудан өтті.  Аттестаттаудан өтпеген мұғалімдер ағымдағы жылғы қарашада қайта тест тапсыра алады.
Жаңа экономиканың драйвері ретінде білім беру хабарын дамытудың бір бағыты – жекеменшік мектептерге жан басына қаржыландыруды енгізу жұмыстары жүреді.  Жаңа оқу жылынан бастап Талғар ауданындағы «Дана» жекеменшік мектебінде жан басына қаржыландыруды сынақтан өткізіледі. 
Мектеп директорлары бекітілген нормаға сәйкес конкурстық іріктеуге міндетті түрде қатысады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7-сыныптарда «Өлкетану» курсы  биыл алғаш рет жаңа оқу жылынан бастап енгізіледі. Осыған орай, 5-7-сыныптарға арналған өңірлік «Өлкетану» оқулығы әзірленді.  
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында информатика пәні 3-сыныпта оқытылады. 
Орта білім деңгейінде жаңартылған мазмұн оқулықтарының электрондық нұсқалары енгізіледі. Цифровизация, яғни, IT технологиялар мен робототехниканы дамыту үшін  қосымша білім берудің мүмкіндіктері қарастырылады. Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, ауыл мектептерінің материалдық техникалық жағдайын жақсарту және мұғалімдерге арналған курстар басталады. 
Бес күндік оқуды жалғастыру, типтік оқу жоспарларын таңдау, пәндерді ағылшын тілінде жүргізуге көшу, экстернатқа рұқсат беру, мемлекеттік білім стандарты бойынша сыныптарды кейбір пәндерді оқытуда бөліп, не бөлмей оқыту, білім сапасын мониторингілеу сияқты сұрақтарды педагогикалық кеңес шешетін болады. Қамқоршылық кеңестердің белсенділігі көтеріледі. Мұғалім мәртебесін одан әрі көтеру жұмыстары жалғасады.

М. Омарова,
облыстық білім 
басқармасы басшысының орынбасары