Салт-дәстүрді жандандырды

Уақыты: 11.09.2018
Оқылды: 1642

Отбасы – ұлттық дәстүр, өнеге, мұра мен салт-сананың алтын ұясы. Отбасы күнінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығы «Мәңгілік ел – мәңгілік отбасы» атты облыстық жас отбасылар байқауын ұйымдастырды.

Көксу өзенінің жағасында өткен  отбасылық жарыс тартысты, мәнді, қызықтылығымен ерекшеленді. Байқауға  облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Райхан Серғазинова мен  «Мәңгілік ел – мәңгілік отбасы – 2017»   байқауының жеңімпазы Балтабек Қайырбекұлы әділқазылық етті.  Жарысты ұйымдастырушылар атынан алғашқы сөзді облыстық жастар  саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ерлан Жақыпов алды. 
– Біздің бүгінгі шарамыз жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге шақыру, салауатты өмір салтын насихаттау, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын және бірлігі мен тірлігі, достығы ұйыған отбасыларын жан-жақты насихаттай отырып,  жастарға елжандылық  тәлім-тәрбие беру, сондай-ақ, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды, – деді ол.
Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік анықталар  жарыста кіл мықтылар сынға түсті.  Алғашқы  «Жүйрік болсаң, шауып көр» кезеңі спорттық ойын түрлерімен жалғасын тапты. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» кезеңінде  жеке тапсырмалар берілді. Одан кейін әр отбасы өздерін өлең-жыр, қара сөзбен таныстырды. Көрініспен отбасындағы шаттықты суреттеді. Ал «Өнерліге өріс кең» кезеңінде  ата-ана мен сәбиі ән, би, пародия арқылы сынға түсті. Табиғат аясында өткен жарыста отағасылар  мал өсіру, күтіп-баптау жайын ортаға салды. Келіншектер нан ашытып, бауырсақ пісірді. Жастар саясаты басқармасының байқауды ұтымды ұйымдастырғанына тәнті болдық.   
Жарыстың аты жарыс. Әділқазылар мен көрермендердің ойы астасып, жарыс жеңімпазы, яғни бас жүлде Талдықорған қаласының қатысушыларына бұйырды. Ал  бірінші орын Кербұлақ, екінші орын Райымбек, үшінші орын Ескелді ауданының жас отбасыларына тиді. Жарыс мәнді-мағыналылығымен ерекшеленді. Қатысушылар мен көрермендер ұлттық болмысты сақтаудың үлгісін көрсетті.

Гүлжан ТҰРСЫН