ЖОЛ САПАСЫН БАҚЫЛАЙТЫН ЗЕРТХАНА

Уақыты: 13.09.2018
Оқылды: 1663
Кейінгі жылдары Талдықорған қаласында әсем ғимараттар көптеп бой көтеріп, қала көркін асыра түсті. Десе де осындай әсем қаланың көркін кіргізетін жол екендігі белгілі. Дегенмен, қала жолдарының сапасына келгенде тұрғындардың наразылығы басым. Тіпті, қала ортасындағы жолдарға асфальт төселгеннен кейін газ немесе басқа да коммуникациялық құрылымдар тартыла бастайды да, салынған жол қайта қопарылады. Осындайда: «Неліктен осы құрылыстық әрекеттер бір жүйеленбейді», – деген ой көңіліңді мазалайды. Оның үстіне жол жөндеу жұмыстарының сапасы да халық көңілінен шықпайды. 
Расында, бүгінгі мердігер мекемелердің пайдаланып отырған құрылыс материалдары мен технологиялық тәсілдердің орындалу сапасы сын көтермейді. Мұның бірден-бір себебі – жоба мен технологиялық процестің арасындағы кейбір үйлесімсіз шешімдер. Сонымен қатар, көп жағдайда құрылысқа қажетті материалды мердігер мекемелер өздері әзірлемейді. Оларда асфальт, бетон шығаратын немесе тас материалдарын өңдейтін дербес өндірістік зауыттары болмағандықтан  басқа кәсіпорындардың өнімін пайдаланады.  Осының салдарынан өндірістік қателікке жол беріледі.  Тіпті, құрылыс заттарын әзірлейтін өндіріс орындарының өзі мердігер мекеменің жобасына сәйкес келетін материалдарды әзірлемейді. Өйткені, олардың материалдың құрамын бір күнде бірнеше рет тексеріп отыруға мүмкіндігі жоқ. Тағы бір жағынан, кейбір сапасыздық мердігер мекеменің техникалық жабдықталуының әлсіздігінен туындауда.  Әдетте техникалық шешімдер жол төсемінің әрбір қабатының құрылымы мен құрамына қарай қабылданады. Қазақ автомобиль жолдары академиясының  инженерлік қызметі Талдықорған қаласының жолдарын жөндеу кезінде осындай кемшіліктің орын алғанын байқады және тиісті орындарға хабардар етті. 
Жалпы,  жолдың сапалы салынуы инженерлік қызметпен тікелей байланысты. Ол екі бағытта жүргізіледі. Біріншіден, инженерлік қызмет  мердігер мекеме тұрғысында орындалады. Өкінішке қарай, Талдықорған жолдарының жөндеу жұмысын атқарып отырған бірде-бір мекемеде өндірістік зертхана жоқ. Бұл өндірістік бақылаудың құрылыс мекемесі тарапынан орындалмайтынын көрсетеді. Екіншісі, инженерлік қызмет өзінің дербес зертханалары арқылы сапа деңгейін анықтап отыруы керек. Әдетте, мұндай бақылау тендер сертификатында негізгі талап болып қабылдануы тиіс. Әлемдік қалыптасқан тәжірибеде жұмыстың сапасын бақылау үшін инженерлік сынақ зертханаларына халықаралық ISO/IEC 17025:2009 құжаттары бойынша талаптар қойылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық аккредитациялау орталығында бекітілген шартта: «Әрқандай зертханадағы мамандардың еңбек өтілі кем дегенде 3 жыл болуы тиіс және кәсіби біліктілігі инженер мамандығына сәйкес келуі тиіс»  деп белгіленген. Демек, әрбір инженерлік қызметте жоғарыда аталған құжатқа сәйкес аккредитациядан өткен тұрақты немесе жылжымалы зертхана болуы тиіс. 
Қазақ автомобиль жолдары академиясы 2010 жылы жол-зерттеу зертханасын құрып, жоғарыда аталған құжат талабымен 3 мәрте аккредитациядан өтті. Зертхананың зерттеу нысандары 15 бағыттан құралған. Ал 2014 жылы аталмыш академия жол-сынақ зертханасы негізінде ғылыми-өндірістік департаментін құрды. Бүгінгі таңда департамент ғалымдары мен мамандары инженерлік қызметпен қатар Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің тапсырысы бойынша автожол саласына қажетті бірнеше нормативтік-техникалық құжаттардың әзірленуіне қатысты. Солардың қатарында құрылыстық материалдар мен атқарылар технологиялық процестердің  сапасына қатысты құжаттар да бар. Соңғы үш жыл көлемінде  департамент Алматы облысы және Талдықорған қаласы қаржы полициясы мен прокуратурасының тапсырысы бойынша, бірнеше автомобиль және қала жолында инспекциялық бақылау жұмысын жүргізіп, сынақ зертханасының дербестігі мен ондағы мамандардың біліктілігін зерделеді.
Өкінішке қарай, инженерлік қызметтерді атқаруда сарапшылардың зертхана мәселесіне мүлдем жеңіл қарайтыны анықталды. Тіпті, олардың пікірі бойынша зертхананың техникалық бақылау кезіндегі қажеттігі шамалы сияқты. Айталық, асфальт пен бетонның құрамын, оның технологиялық сапасын көз мөлшерімен анықтауға келмейді. Мысалы, топырақтың өзі бірнеше сыныпқа бөлінеді, бірақ көру арқылы оның пластикалық көрсеткішін анықтау мүмкін емес. Ал топырақтың пластикалық сапасы жол қабатының беріктігі мен қызметтік мерзіміне тікелей қатысты және мұны  сапаның бірден-бір кілті деуге болады. Сол сияқты тас материалдардың үгітілу сапасы, суыққа тоңазу деңгейі, беріктігі, пішіні, тағы да басқа көрсеткіштер көру арқылы анықталмайды. Жолдың әр қабатынан сынама алып, оны дер кезінде сараптамадан өткізбесек, жолдың әр қабатының сапасына кепілдік беру оңайға түспейді. Демек, инженерлік қызметке аккредитациялық зертхана қолдану әдісі Талдықорғанда әлі де жүйеленбей отыр. 
Инженерлік қызметке немқұрайды қарауға еш болмайды. Сарапшы тек мекеменің атқарған ісінің басы-қасында болумен шектелмеуі керек.  Шын мәнінде инженерлік қызмет материалдар мен технологиялық процесте кеткен әрбір қателікке жауапты тұлға. Сондықтан да оның құны тапсырушы қойған бағаның 10 %-ынан немесе тендер құнының 0,2-2 %-ынан төмен болмауы тиіс. Одан төмен баға қойған болса, демпингтік талаптың бұзылғаны деп саналып, инженерлік қызметке қатысушы мекеме тендерден аластатылуы керек. Міне, сонда ғана тапсырушы мекеме инженерлік қызметті зертханалық және біліктілік сапасы бойынша қабылдай алады. 2006 жылы Автомобиль жолдары комитетінде 14 мемлекеттік жол зертханасы құрылып, аймақтық жол құрылысының сапасы қатаң бақылауға алынды. Мұндай мемлекеттік зертханалар Астана мен Алматы қалаларында да құрылу үстінде. Қазір осы қалалардағы  инженерлік қызметтерге зертханасыз әрекетке баруға тыйым салынған. 
Мұндай әдіс 2008 – 2010 жылдардан бастап Қазақстанның автожол саласында және Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында тұрақты қолданылып келеді.  Сол сияқты, бұл талап Қазақ автомобиль жолдары академиясы арқылы 2012 – 2014 жылдар аралығында «Қазатомөнеркәсібі» акционерлік қоғамының ведомстволық автомобиль жолдарының қайта салынуы мен жөндеу жұмыстары туралы тендерлік сертификаттарына енгізілді және тұрақты бекітілді. Жол құрылысында тендерлік спецификация құрамына немқұрайдылық танытуға еш болмайды. Өйткені жол құрылысының басты сапасы осы құжатқа тікелей қатысты. Мұнда атқарылар жұмыстардың техникалық сипаттамасы толық берілуі тиіс. Сонымен қатар, тендерге қатысушы мекемелерге техникалық және кәсіби деңгейі туралы талаптар қойылады, олардың еңбек өтіліміне де назар аударылады. 
Соңғы үш жылда Талдықорғандағы инженерлік қызметпен айналысушы барлық мекемемен таныстым. Олардың кәсіби деңгейіне де ғылыми тұрғыда  бақылау жүргіздім. Рас, мықтыны мықты деу керек, ондай инженерлік қызметтер Талдықорғанда да аз емес екен. Бұл қуанарлық жағдай. Өкінішке қарай, кейбір мекемелердің сарапшылары жол мамандығынан бейхабар. Ондай шағын жеке мекемелер мемлекеттік эксперттік сертификаты бар 5-10 адамнан құрылған. Жол туралы жалпы білімі болғанымен оның материалдары мен технологиясы туралы түсінігі тым таяз. Міне, тендер құнын 50 %-ға дейін төмендететін мекемелер осындай сарапшылармен жұмыс істеуде.  Олардың сапа жөніндегі жауапкершілігі, жанашырлығы төмен болғандықтан басты мақсаттары мердігер мекемелерді өз ырқына бағындыру арқылы жұмыс істеу.
Жол құрылысының сапасын бақылау инженерлік қызметтің сапалы еңбегімен бағаланатын аса жауапты іс. Сондықтан инженерлердің тек сарапшылық сертификатпен ғана шектелуі жолдың сапалы салынуына кепілдік бере алмайды. Ол үшін кәсіби біліктілік пен еңбек өтілімінен тыс инженерлік қызметтің аккредитациядан өткен сынақ зертханасы, инженерлік қызметте Қазақстанның автожол саласына қатысты нормативтік-техникалық құжаттар қоры болғаны абзал. Мамандардың әрбір үш жылда бағыттық біліктілігін көтеру курстарынан өткендігі туралы кепілдік сертификаттары болғаны жөн. Бұл талаптар тапсырушы тарапынан техникалық сертификат талабына енгізілсе,  нұр үстіне нұр болар еді. Талдықорған қаласының жылдан-жылға өркендеуіне байланысты құрылыстық істерді жүйелі инженерлік бақылауға алар мезгіл де жеткен сияқты. Оның бірден-бір шешімі «Талдықорған жол зертханасы» мемлекеттік мекемесінің ашылуы. Зертхананың жоғарыда аталған халықаралық құжатқа сай құрылуы – заман талабы.
 
Әбді Қиялбаев, 
техника ғылымдарының докторы, профессор,
Халықаралық көлік академиясының академигі