СӘБИЛЕР ЖАРЫСТЫ

Уақыты: 02.10.2018
Оқылды: 1211

Мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымы  «Жақсы бала жеткізеді мұратқа» отбасылық байқауын өткізді.

Оған аумақтық ұйым төрағасы С. Әбдіқадыров, Алматы облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Д. Қыдырбаева, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінен 8 отбасы және  жастар кеңестерінің төрағалары қатысты.

Шараның мақсаты – бала күтіміне байланысты демалыстағы аналарға көңіл бөлу, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту. Сондай-ақ, баланы өмірде белсенді болуға, алға қойған мақсатты орындауға үйрету, қимыл-қозғалыс қабілеттерін дамыту әрі балаларды шапшаңдыққа, төзімділікке, салауатты өмір салтына тәрбиелеу.

Алғаш рет ұйымдастырылған шараны Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Нұрсапаұлы ашып, ұстаздар қауымын мерекемен құттықтады. Сонымен бірге, жарыс жөнінде ақпарат беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Отбасылық байқауда мұғалімдердің 1-3 жас аралығындағы балалары жас айырмашылығына қарай еңбектеп, белгіленген қашықтықты бағындырып, шашылған шарларды себетке жинап, өзара бақтарын сынады. Ал ата-аналар «Мықты отбасы», «Арал» кезеңдерінде бір-біріне демеу болып, арнайы жасалған кедергілерден бірлесе өтіп, шымырлықтарын дәлелдесе, «Диктант» сайысында қазақ тілінен сауаттылықтары тексерілді. Соңғы «Үй тапсырмасы» кезеңінде отбасы мүшелері өнерлерін көрсетті.

Әділқазы алқасының шешімімен бағы мен бабы келіскен  Алакөл ауданынан келген Төлеубековтер отбасы 1 орынды, Ескелді ауданынан Каметжановтар отбасы 2 орынды, Қаратал ауданынан Бараковтар отбасы 3 орынды  иеленіп, ақшалай сыйлық және дипломдармен марапатталды. Қалған отбасыларға номинациялар бойынша бағалы сыйлықтар табысталды.

Меруерт СЕРІКҚЫЗЫ