ӨРТ – ТІЛСІЗ ЖАУ

Уақыты: 17.10.2018
Оқылды: 1202

Облыстың аумағында былтыр 1355, ағымдағы жылдың 9 айында 1177 өрт орын алған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында кеңінен сөз болды.  

Үстіміздегі жылы төтенше жағдайлар департаментінің есеп беру кезеңінде тұрғын секторда 794 өрт оқиғасы тіркеліп, 48 млн. 289 мың теңге материалдық шығын шықты. Ол  жалпы өрт санының 67,4 %-ын құрады.
– Облыста жыл басынан бері тұрғын үй секторында 13 адам газбен уланған. Оның басты себептерінің бірі – азаматтардың жылыту жабдықтарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарын дұрыс сақтамағаннан. Бұл жағдайлар көбінесе тұрмыс жағдайы төмен тұрғындарда тіркелген. Департамент қызметкерлерімен өрттің алдын алу шараларын жүргізу үшін жадынамалар мен ақпараттық парақтар әзірленіп, адамдар жаппай жиналатын орындарда, мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлерде таратылады, – деді өрт қауіпсіздігін бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сүлейменов. 
Сондай-ақ, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен департамент бірлесіп көп балалы және жағдайы төмен отбасылар, зейнеткерлер арасында  2460 рейд жүргізіп, 4538 азамат есепке алынды. Бұл жайлы толығырақ облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі жедел-құтқару бөлімі ММ басшысының орынбасары Берік Темірханұлы айтып өтті. Ол: 
– Облыс тұрғындарына үйлеріндегі пештерді орнату және пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі нормалары мен ережелерін ескерткіміз келеді. Тұрғын секторда от жағу маусымы ең қауіпті кезең, себебі пешті жағып, электржылытқыштарын қосқан жеке үйлердің тұрғындары түтіндіктің ақаулығынан және т.б. себептерден  қауіптің болатыны туралы еш ойланбайды. Адам өліміне әкелетін және өрттің пайда болуына әкеп соқтыратын негізгі себептің бірі – қатты және сұйық отынмен жанатын пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу. Жылу беру маусымы басталар алдында пештер тексеріліп, түтіндіктері тазаланып, сылануы керек, – деді.
Айта кетейік, қараша, желтоқсан айларында оқу орындары мен мемлекеттік мекемелерде төтенше жағдайлар кезіндегі оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі.

Меруерт МАХМҰТЖАН