Орман - халық байлығы

Уақыты: 17.10.2018
Оқылды: 3603

Мемлекеттің басты байлығы саналатын табиғатты қорғау, табиғи ресурстарды сақтау адамзаттың қастерлі парызы саналады. Өйткені, келешек ұрпақтың ырыс-құтты, бақ-берекелі болуы бізден қалған байлыққа тікелей байланысты. Сондықтан да «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілге сүйеніп, табиғи қорларды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бұл жағынан алғанда шаншыған шыбық өніп кететін Жетісу жерінің азаматтарына артылар жауапкершілік жүгі ауыр.

Алматы облысының мемлекеттік орман қоры 3,7 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде орманмен көмкерілген аумақ 1,5 миллион гектарға тең. Орман қорын күзету, сақтау, орман өсіру және орман өртінен қорғауды «Алматы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты 14 орман шаруашылығы қамтамасыз етеді. Бұл орманшылар атқаратын жұмыстың ауқымдылығынан хабар береді.
Былтырғы жылы 5 коммуналдық орман мекемелерінде орман орналастыру жұмыстары аяқталды. Биыл орман орналастыру 6 орман мекемесінде жүзеге асырылады, ал келесі 2019 жылы 3 орман мекемесінде басталады. Алдағы 2020 жылдың аяғына дейін толығымен аяқталатын бұл жұмысқа орай барлық орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелері алдағы уақытта орман шаруашылығын жүргізу жобаларымен қамтамасыз етіледі.
Орман үшін басты жау – өрт. Сондықтан тілсіз жаудың алдын алу жұмыстары өртке қауіпті маусымнан бұрын, яғни, ерте көктемнен басталады. Биылғы 9 айдың ішінде өрттің алдын алу мақсатында облыстың орман қорында 62 шақырым минералдық жаңа жолақ жасалып, 1813 шақырымға тең минералдық жолақтар жаңартылды. Белгіленген жоспарға сәйкес орманды алқаптардың айналасына жаңа 866 аншлаг орнатылып, елді мекендердің тұрғындарына, шаруа қожалықтарына, ауылшаруашылық ұжымдарына өрттің шығуын болдырмауға қатысты 1369 ескертпе қағазы, 2789 парақша таратылды. Соған орай қазір орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелерінде 16 өрт сөндіру бекеті, 24 бақылау мұнаралары орнатылып, қосымша 32 адам уақытша өрт күзетшісі ретінде қабылданды. Одан бөлек, орман шаруашылығында жұмыс атқаратын 502 орман күтушісі  235 кордонмен, 439 мініс қамтамасыз етілген. 
Өртке қауіпті кезеңде жылдам хабар берудің маңызы зор. Сондықтан, мемлекеттік мекемелерге берілген 837 радиостансының 129-ы тұрақты, 145-сі мобильді, 563-ы тасымалды. Облыстағы радиостансымен қамту көрсеткіші 88 пайызды құрайды.
Басқарма басшысының бұйрығының негізінде барлық орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінде өртке қауіпті маусымға дайындық айлығы жарияланып, 46 сағаттық бағдарлама бойынша орман күтушілері оқытылды. Оқу-тәжірибе бағдарламасы барысында ормандағы өрт қауіпсіздігі Ережесін және басқа да заңнаманы бұзушыларға хаттаманың дұрыс толтырылуы қадағаланды. Сонымен қатар, орман күтушілермен өрт маусымына дайындық есебінде оқу-жаттығу шаралары жүргізіліп, барлық ауданда арнайы жиналыстар өткізілді. Аудандар мен қалалар және ауылдық округтер әкімдері, төтенше жағдайлар мамандары, орман пайдаланушылар, «Қазавиаорманкүзеті» мекемесінің өкілдері, шаруа қожалықтарының басшылары қатысқан жиналыстарда әрбір қатысушының жауапкершілігі айқындалды.
Облыс әкімдігінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы «Алматы облысы аумағындағы дала, тау, орман және тау-орман өрттерін сөндіру барысында әрекеттестік жасаудың 2015–2020 жылдарға  арналған жоспарын бекіту туралы» №576 қаулысына сәйкес облыс аумағындағы дала, тау, орман және тау-орман өрттерін сөндірудің өзара әрекеттестік жоспары жасалған болатын. Осы жоспар негізінде «ҚазАвиаҚорғау», төтенше жағдайлар және біздің басқарманың бірлесуімен Талдықорған, Шелек орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің аумағында ауқымды оқу-жаттығу шарасы жоғары дәрежеде ұйымдастырылды.
Әдетте орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері орман қорына шектес дала өрттерін  тіркеуге алып, керек болған жағдайда дала өртін сөндіруге қатысады. Жыл басынан орман қоры аумағында Күрті орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жерінде аумағы 1,5 гектарға тең бір орман өрті тіркелді. Бұл – орманмен көмкерілген жер. Осындай аса маңызды жұмыстарға байланысты мерзімдік баспасөзде 145 мақала жарияланып, телеарналардан 13 хабар көрсетілді. Мұның өзі  орманды өрттен сақтауға үлкен септігін тигізеді. Әдетте, орман өртінің шығуына негізінен демалушылар жаққан оттың толық өшпеуі себеп болатыны анық. Сондықтан табиғат аясына шыққан тұрғындарға сақтық шаралары ұдайы түсіндіріліп тұрады. Осыған орай жыл басынан облыс аумағында 872 рейд жүргізілді. Соның нәтижесінде ешқандай рұқсатсыз ағаш кескен 24 адам ұсталды. Заңсыз жолмен кесілген ағаштың көлемі 27,8 текшеметрге тең екендігі анықталды. Соған байланысты мемлекетке зиян келтірген заң бұзушыларға 383,8 мың теңге айыппұл салынып, барлығы 284,3 мың теңге өндіріліп алынды. Осындай заңсыз ағаш кесу бойынша анықталған мәліметтер құқық қорғау органдарына өткізілді. 
Жалпы орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелері биыл толтырылған 64 хаттама бойынша салынған 605,5 мың теңге әкімшілік айыппұлды толық өндіріп алды. Соның ішінде орманды сарқынды сумен, өнеркәсіп қалдығымен ластап, мемлекетке 6,4 мың теңге залал келтірген 2 оқиға, орман заңдылықтарын өзге жолмен бұзу арқылы 115,1 мың теңге залал келтірген 16 оқиға, орман қоры жерлерінде өз еркімен шөп шауып, мал жаюдан 224,5 мың теңге залал келтірген 46 оқиға тіркеліп, келтірілген шығын толығымен өндірілді.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы №17-1/324, 2018 жылдың 13 маусымындағы №17-5-6/155, 2018 жылдың 28 тамызындағы №17-5-6/224 бұйрықтарымен бекітілген кеспеағаш қоры биыл 4357,2 текшеметрге тең. Оның ішінде күтіп баптау бойынша 9,9 гектарға  238 текшеметр, іріктеме санитарлық шаралар 200,2 гектарға 145 текшеметр, жаппай санитарлық жұмыстары 51,24 гектарға 1625 текшеметр, жарамды қоқыстарды тазалау жұмыстары 1104,31 гектарға 1829,2 текшеметр, кеспеағаштан тыс қоқысты жинау (сексеуіл) 422 қора – 520 текшеметр болып бөлінген. Бүгінгі күні 96 ағаш кесу билеті жазылып, 2490,5 текшеметр ағаш дайындалды. Оның 655,4 текшеметрі кәделік ағаш есептеледі. Биыл орман шаруашылықтарында 1898 орман билеті жазылып, жалпы орманды жанама пайдаланудан, яғни, шөп шабу, мал бағу, бау-бақша өсіруден, қамыс, ши дайындаудан, жеміс-жидек, дәрілік шикізат дайындау, омарта орналастыру сынды игілікті шаралардан жергілікті бюджетке 22749,4 мың теңге түсті. Оның ішінде орман ресурстарын ұзақ мерзімге пайдаланудан түскен табыс 8049,7 мың теңге болды. Негізі орман ресурстарын ұзақ мерзімге пайдалану үшін 51 тендер өткізіліп, 839 келісімшарт жасалды. Оның 198 келісімшарты орман ресурстарын пайдаланушылардың өтініштері бойынша және келісімшарт талаптары орындалмағаны үшін бұзылды. Қазір 641 келісімшарт бойынша жергілікті халық орман ресурсын пайдалануда.
Жалпы орман қорына зиянкестерден келетін шығын орасан. Осыған орай орман зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл 4221 гектар аумақты алып жатқан орман зиянкестердің көзін жою үшін химиялық жолмен өңделді. Оның ішінде 100 гектар Алакөл, 400 гектар Талдықорған, 1560 гектар Жаркент, 11 гектар Ұйғыр, 2000 гектар Үйгентас, 150 гектар Шелек орман шаруашылығы жерінде. Өңделген алқаптың көлемі 80 пайызды құрады. Жалпы, облыстағы мемлекеттік орман қорында орман-патологиялық қадағалау және өңдеу жұмыстары  ұдайы жүргізіліп отырады.
Расында орман қорын жыл сайын толықтырып, жаңартып отырмаса қалың ағаштың қатары сиреп, селдіреп қалатыны шындық. Осыған байланысты ағымдағы жылы облыстық мемлекеттік орман қоры аумағына қарайтын 438,0 гектар жерге жалпақ жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғызу жоспарлануда. Оның 227,5 гектарына көшетпен отырғызылса, 210,5 гектарына тұқым егіледі. Сонымен қатар, орманның табиғи түлеуіне жәрдемдесу шараларын 10 гектар жерге жүргізу жоспарланып отыр. Биыл көктемде 123,5 гектар жерге шырша, өрік, алма ағашы, жиде, қарағаш секілді ағаш көшеттері отырғызылды. Екпе ағашты толықтыру 170,2 гектарға жүргізілді. Облыстың орман шаруашылығы мекемелерінде 21 орман питомнигі жұмыс істейді. Олардың бәрі де ағаш көшеттерін өсірумен айналысады. Мысалы, 2,4 гектар жерді алып жатқан қалыпты орман питомнигіне шамамен 741,4 келі ағаш тұқымы себіліп, 6,0 гектар жерге арша, самырсын, Шренк шыршасы, көгілдір шырша, Қырым қарағайы, терек, қайың, шаған, емен, тал, қына ағашы секілді ағаш түрлерінің 134,0 мың дана екпелері отырғызылды. Мемлекеттік орман қорынан басқа да елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарына питомниктерден 68,0 мың дана көшет берілді.
Жетісудың көрікті де әсем жерлері көбіне өзендер мен көлдердің жағасында. Сондықтан ҚР Су Кодексінің 116 бабына сәйкес Алматы облысында су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Соған орай облыстың аса ірі 301 өзен-көлдері мен су қоймаларының маңын қорғау аймақтары мен белдеулері жобаланып отыр. Мысалы, 2006-2018 жылдар аралығында облыстағы 215 су объектісіне су қорғау аймағы мен белдеулерін орнатудың жобалары жасалды. Осыған байланысты облыс әкімдігінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу туралы 2009 жылғы 12 мамырдағы №93,  2010 жылғы 4 мамырдағы №60, 2011 жылғы 21 қарашадағы №246,  2017 жылғы 23 қазандағы №448 және 2018 жылғы 31 мамырдағы №247 қаулылары қабылданды. Шынында өңірдегі су нысандарының көпшілігінде су қорғау аймақтары мен белдеулері орнатылмаған. Соның салдарынан жер бетіндегі су көзі ластанып, өзен-көлдердің жағасына су сапасына әсер ететін түрлі құрылғылар мен ғимараттар салынуда. Одан жануарлар мен өсімдіктер дүниесі зардап шегіп, микроклимат пен экология нашарлайды. Сондықтан су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату жұмыстарының тиімді жүргізілуі экологиялық ахуалдың жақсарып, су ресурстары мен су шаруашылығы құрылғыларын дұрыс пайдалануға қол жеткізеді. 
Басқарма су ресурстары бөлімі халықты орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау мақсатында жерүстi және жерасты су объектiлерiнен тәулігіне 50 м3 дейін су алатын жеке және заңды тұлғаларға берілетін санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның қорытындысын тіркеу жұмыстарын жүргізеді. Тіркеу ҚР Ауылшаруашылығы министрінің 2012 жылғы 18 сәуірдегі №19-02/183 бұйрығына сәйкес атқарылады. Қорытындыны тіркеу ережелері мен басқа да қажетті мәліметтер басқарманың интернет сайтына орналастырылған. 
Сонымен қатар су ресурстары бөлімі облыс әкімдігінің 2018 жылғы 5 маусымдағы №264 қаулысына сәйкес «Жерүсті су объектілері жоқ, бірақ ауызсу сапасындағы жерасты суларының жеткілікті қоры бар аумақтарда ауызсумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтауға байланысты емес мақсаттар үшін ауызсу сапасындағы жерасты суларын пайдалануға рұқсат беру» және «Су объектілерін оқшауланған немесе бірлесіп пайдалануға конкурстық негізде беру» мемлекеттік қызметтерін көрсетеді. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін атқарылатын шаралар.
Көрікті жерлерімен, сұлу табиғатымен ерекшеленетін Жетісу жерінің өсімдіктер мен жануарлар әлемі де сан түрлі. Мұнда Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына кіргізілген жануарлар көптеп кездеседі. Осыған байланысты табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелері жыл басынан 870 рейд пен тексеріс өткізді. Тексеру кезінде аң аулау ережесін бұзған 7 дерек аңықталып, оны бұзушыларға салынған 84,2 мың теңге көлеміндегі айыппұл толығымен өндірілді. 
Биыл жыл басынан «Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бойынша орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері, облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бірлесіп, 31 рейд өткізді. Соның арқасында 48 заң бұзушылық анықталып, барлығы 778018 теңге айыппұл салынды. Оның ішінде 26 заң бұзушыдан 428090 теңге өндірілді. Одан бөлек, заңсыз аң атушыларға салынған 1609004 теңге айыппұлдың 963399 теңгесі өндірілді.
Биыл зиянкес жыртқыштарды жою үшін облыс бюджетінен  8,1 миллион теңге бөлінген болатын. Жыл басынан орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелері 338 зиянкес жыртқышты жойды. Оның 209-ы қасқыр, 129-і шибөрі. Аталған шараларға 5450,0 мың теңге жұмсалды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018 жылғы 1 ақпандағы №58 «Жануарлар дүниесі объектілерінің 2018 жылдың 15 ақпанынан бастап 2019 жылдың 15 ақпанына дейін аулау лимитін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес облыс бойынша жалпы 4965,5 тонна балық аулауға рұқсат берілді. Оның ішінде Балқаш көлі және Іле өзені бойынша 4095,2 тонна, Алакөл көлдер жүйесі бойынша 195,6 тонна, Қапшағай су қоймасына 639,7 тонна және жергілікті маңызы бар су айдындарына 35,075 тонна берілген. Биыл табиғат пайдаланушы азаматтардың өтініші бойынша жалпы сомасы 56,3 миллион теңге болатын балық аулауға 183 рұқсат қағаз электронды түрде бөлінген. Сонымен қатар, аң аулауға жалпы сомасы 22,5 миллион теңге болатын 667 рұқсат қағаздары берілді.
Аты айтып тұрғандай, Жетісу өлкесінде үлкен жеті өзен бар. Оның ішінде Іле және Қаратал өзендерінің табиғи шаруашылық маңызы зор. Бұл жердегі жағымды климаттық жағдайлар мен аумақтың табиғи сулануының нәтижесінде балықтың өмір сүруіне, мал шаруашылығына азық дайындауға мүмкіндік баршылық. Сондай-ақ, қамыс және басқа да өсімдіктер молынан өсетін көл жүйелері қалыптасқан. Жылдан-жылға ауа райының өзгеруіне байланысты өзен сағалары қайырланып бітелуде. Соның салдарынан Балқаш көліне баратын өзектің қалыпты су өткізуіне кедергі келтіруде. Судың ағысы бойынша жол-жөнекей ағашпен, қамыспен, қайыр-батпақпен бітелген өзен арнасы бағытын өзгертіп, шабындық пен жайылым батпақтануда. Соның әсерінен өзенге жақын жатқан елді мекендерді су басу қаупі төнуде. Судың жайылуын тоқтатып, өзен арналарының ағынын жақсарту мақсатында облыс әкімдігі жыл сайын гидротехникалық және басқа да шаралар өткізу үшін қаржы бөліп келеді. Облыстық табиғатты қорғау шаралары бойынша биыл атқарылатын негізгі жұмыстарға облыстық бюджеттен бөлінген 411391,0 мың теңгенің 297747,0 мың теңгесі игерілді. Соған орай Балқаш ауданындағы Қарой ауылын су алу қаупіне байланысты Мұздыбай сағасына бөгет көтеру жұмыстарына 160 270,4 мың теңге, Балқаш ауданындағы Топар сағасын механикалық тазарту жұмыстарына 137 896,3 мың теңге жұмсалып отыр. Одан бөлек, жалпы сомасы 1 382 544,1 мың теңге болатын мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған 4 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттар жасалды. Оның ішінде Балқаш ауданындағы Нарын сағасын механикалық тазартуға 169 078,1 мың теңге, Қаратал ауданындағы Қаратал өзенінің арнасын механикалық тазарту жұмыстарына 102 600,0 мың теңге, Қаратал ауданы Ескелді ауылдық округінің тұсындағы Қаратал өзенінің арнасын механикалық тазалау және түзетуге 184 081,0 мың теңге, Бaлқaш aудaны Iлe өзeнiнiң Бecтaмaқтaн бacтaп Жидeлi, Қocқызыл, Acaубaй, Шұбapқұнaн aрқылы өтетін aрнaлapын мexaникaлық тaзapту жәнe тeрeңдeту жұмысына 926 785,0 мың теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, 3 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп отыр. Олардың қатарында «Қаратал ауданындағы Қаратал өзенінің арнасын механикалық тазарту», «Балқаш ауданындағы Байменей тармағынан Балқаш көліне дейін Иір тармағын тереңдету және механикалық тазарту», «Текелі қаласындағы қалдық сақтағышын жою» жұмыстары бар.
Елбасы еліміздің табиғи байлығына қашанда асқан жанашырлықпен қарау қажеттігін айтып тапсырып келеді. Жақында ғана жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Экологиялық ахуалды жақсарту, соның ішінде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жердің, ауаның жағдайы, қалдықтарды жою, сондай-ақ онлайн түрінде еркін қолжетімді экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет» – деп бүгінгі күннің өзекті мәселесі – экологияға Үкіметтің назарын аударды. Бұл, шыны керек, еліміздің табиғатын сақтау міндетінен туындап отырғаны белгілі. Басқарманың жобаларды экологиялық сараптамалау бөлімі өз құзыреті шегінде ІІ, ІІІ және IV санаттағы нысандар үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар және мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын береді. Мұның артында табиғат байлығының ластанбауын ойлау мақсаты тұр.
Қазақстанды күллі әлем жұртшылығы табиғаты бүлінбеген, экологиясы таза мемлекет ретінде таниды. Оған ықпал етіп отырған орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері. Кез келген туристі жылы шыраймен қарсы алып, қолынан келген көмегін көрсетіп жіберетін орманшылардың оң имиджі әлемдік ақпарат кеңістігінде қалыптасып үлгерді. Сондықтан әріптестерімді алда келе жатқан орманшы күнімен құттықтап, отбасыларына ырыс-құт, бақ-береке, жұмыстарына табыс тілеймін! Еліміздің өркендеуі жолында еңбектене берейік.

А. Қонақбаев,
облыстық табиғи ресурстар және
табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы