Абай мектебіндегі айтулы шара

Уақыты: 19.10.2018
Оқылды: 2302

«Күз мереке – күз береке». Талдықорған қаласы Абай атындағы №1 мектебінде осындай тақырыпта танымды шара ұйымдастырылды. Бастауыш сынып бүлдіршіндері бас қосқан тәрбие сағаты жас ұрпаққа табиғаттағы түрлі құбылыстарды және күз кереметін айқын ашумен өрбіді. Айтулы шара балғындар жүзіне күлкі сыйлап, оларды ой ұшқырлығына, талғампаздыққа, шымыр да шапшаң қимылдауға жетеледі. Оқушылар ән айтып, би билеп, күз қадірін арттыратын көріністерімен ерекшеленді.

Табиғаттың төрт мезгілінің ішіндегі ерекшесі ол – күз. Түрлі тосын мінез танытып, бірде нөсерлетіп, бірде қар боратып, өзгелерден ерекшеленгенімен тамаша тартуы да таусылмақ емес. Ұйымдастырушылар тарапынан дайындық деңгейінің жоғары екені де бірден байқалды. Облыс орталығындағы №1 мектептің ұл-қызының өнеріне тәнті болған ата-аналар мен мұғалімдер, сондай-ақ, қатарластарының әр қадамына қуанар оқушылар залды лық толтырды. Сөрелерге қойылған күз тартуы, түрлі жеміс-жидектер мен көкөністер, тіпті арнайы сәнделген сахна мен кіреберіс те көз жауын алды. Күзге арналған концертке дайындалған бір топ оқушы залға енгенде күздің бейнесі бірден білінді. Түрлі киім киіп, бастарына таққан күз белгісі де сары түске боялған. 
Осылайша берекелі күз мерекесі басталып та кетті. Адам баласына молшылық әкелетін мезгілдің сипатын ашуға барынша тырысқан балақайлар сахнаға көтеріліп, бір сызықтың бойына тұрып, алғашқы сөздерін тақпақтан бастады. Айналаның бәрі сары түске боялып, алтын күз деген теңеу иеленген мезгілдің құдіреттілігі оқушылар өлеңінен тамаша өрбіді. Келесі сөз бастаған оқушы бағдарлама барысын түсіндіріп, алғашқы көріністі хабарлады. Шәкірттерінің жанынан орын алған ұстаз болса, оқушыларды орманға әкелгендігін аңғартып, айналаға көз тастап, қызғылт, қызыл, сары жапырақтардың ерекшелігін айтып өтті. Өз кезегінде оқушылар да сиқырлы күздің ағаштарды қалай әдемілегенін жеткізіп, бәрі жабылып желдің даусын салып, «Күз келгенде» әнін әуелете жөнелді. Сондай-ақ, тақпақтар тағы да жалғасын тауып, залға әтеш кейпіндегі балақай кіріп балалардан жаңбырдың қалай жауатынын сұрады. Сонымен қатар, ол қолды жай шапалақтатып  себелеп жауған жаңбырдың жай дауысын келтірді, қатты шапалақтатып нөсердің қатты төгетінін ойын ретінде көрсетті. Артынан оқушылардың орындауында «Күзгі жаңбыр» әні ойын мәнін арттыра түсті. Артынша берекелі күзге байланысты түрлі жұмбақтар жасырылып, оқушылар тарапынан ұтымды жауаптар айтылды. Кенеттен залға қоян кіріп, отырған көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. Өз кезегінде түрлі дәнді дақылдар туралы сұрақ қойып, оқушыларды ойландырған қоянға тақпақпен жауап айтылды. Түлкі мен қоянның көрінісі де көпті тәнті етіп, оларды сомдаған оқушылардың тапқырлығы таңдандырды.
Өздеріне берілген рөлді жоғары деңгейде сомдап шыққан балдырғандарға қошемет легі толастамады. «Күз тамаша» әнін хормен әуелеткен балалар «сиқырлы күзді» ортаға шақырып оған тақпақ арнап, алғыстарын жеткізді. Артынша алтын күздің тартуы жеміс-жидектер жайында бір-біріне толық ақпарат берген оқушылардың білімділігі мен біліктілігінің биік межеде екендігі аңғарылды. Жүйелі түрде жұп-жұмыр өткен шараның ұйымдастырылуына ата-аналар тарапынан жоғары баға берілді. Айтулы шараның келер жылы да дәл осы дәстүрде жалғасуын тілеген көпшілік концерттік бағдарлама көрсеткен кішкентайларға қошеметін аямастан тарқасты.

Құралбек  СӘБИТОВ