АЗАМАТ МӘРТЕБЕСІ АНЫҚТАЛУДА

Уақыты: 22.10.2018
Оқылды: 1207

Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовтың төрағалығымен селекторлық жиын өтті. Азаматтардың мәртебесін анықтау туралы мәселе қаралған жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова баяндама жасады.
Зайда Ілімжанованың айтуынша, өңірде бүгінгі күні мәртебесі анықталмаған 400 530 адам бар. Олардың тізімдері «Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасынан»  қалыптастырылды. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде 301 586 мың адам актуалдандырылған. Қалған 98 944 адамды актуалдандыру бойынша жұмыстар жалғасын табуда. 
Азаматтардың мәртебесін анықтау бойынша облыстың көрсеткіші әлі де тыңғылықты жұмыс істеуді талап етеді. Бұл істе жауапкершілік артылып отырған мемлекеттік мекемелердің ішінде «міндетті зейнетақы төлемдерінсіз жұмыс істеп жатқандар» санатын және «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» категориясы бойынша мемлекеттік кіріс департаменті, «Қоныс аударғандар» санатымен жұмыс істеуге тиіс көші-қон полициясы басқармасының жүргізіп жатқан жұмыстары әзірге толыққанды нәтижеге жетпей отыр.
Осы орайда облыс бойынша бұл мәселеде кенжелеп тұрған аудандар да атап өтілді. Нақтырақ айтқанда, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Панфилов, Ұйғыр, Қаратал, Ескелді, Қарасай аудандарында жұмыс баяу жүруде. Ал жұмыспен қамту бағдарламасына жұмыссыздар мен өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар арасынан бірде-бір адамды енгізбеген Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле, Кербұлақ, Балқаш аудандарының жұмысы сынға алынды.
Актуалдандыру мәселесіне байланысты облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің, білім басқармасының, көші-қон департаментінің, әділет департаментінің басшылары және аудан, қала әкімдері хабарлама жасап, қабылданған шаралар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Шылбынұлы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бұл бағыттағы жұмысына көңілі толмайтынын, алдағы уақытта азаматтардың мәртебесін анықтау ісін ілгерілетуді аяқтауды тапсырды.

Қабыл ИСА